ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫ «БЕДЕЛДІ ПЕРЗЕНТХАНА» АТАҒЫНА ИЕ БОЛДЫ

Бүгін "Медицина қызметкерлерінің күнi" мерекесіне орай, Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты іс-шарада ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы еліміздің үздік медициналық ұйымдары марапатталды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастырған кәсіби конкурс қорытындысы бойынша Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы «Беделді перзентхана» атағына ие болды.
Бұл жоғары марапат – өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыспен медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігінiң нәтижесі.
Облыстық перинаталдық орталығы – жүкті әйелдерге, босанған аналарға, жаңа туған нәрестелерге және гинекологиялық науқастарға III деңгейлі мамандандырылған медициналық көмек көрсететін өңірдегі жетекші медициналық ұйым.
2025 жылы облыс бойынша тіркелген барлық босанудың 48,2 пайызы облыстық перинаталдық орталығында қабылданды. Соңғы жылдары орталықтың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайып, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі 92 пайыздан асты.
Бүгінде орталық облыс халқына жоғары мамандандырылған акушериялық және неонаталдық көмек көрсетумен қатар, өңiрдегi медицина қызметкерлерін оқыту және жаңа технологияларды енгізу бағытында да маңызды жұмыстар атқаруда.
Облыстық перинаталдық орталығы ұжымын мереке қарсаңындағы мерейлі марапатпен құттықтаймыз!
#Денсаулық
#Медицина_күнi
#Марапат
#Құттықтау




