Қызылордада «Береке бастауы – әз Наурыз» атты мәдени-көпшілік шара өтті

Бүгін сол жағалаудағы «Қайсар-арена» стадионы аумағында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Береке бастауы – әз Наурыз» атты мәдени-көпшілік шара өтті.





«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, аймағымыздың барлық саладағы қарқынын ерекше атап өтті, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Тарихи миссиясы маңызды жиында Мемлекет басшымыз Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталғанын, 400, 500 орындық емханалар,200 орындық перзентхана мен жаңа драма театр, заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталатынын жариялады. Республикалық, халықарлық маңызы бар жаңа автомобиль жолдарының құрылысы туралы айтты.
Жақында ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңін бастадық. «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы да биыл қолға алынады.
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге толайым табыстармен, жаңалықтармен келсін!
Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың болашағы баянды болсын! Егініміз бітік шығып, қамбамыз астыққа толсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, құт дарысын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.




Мереке отандық эстрада жұлдыздарының және жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.






