Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ: Саяси реформалар кезінде Сыр жұртшылығы береке-бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетіп белсенділік танытып келеді
Құрметті Сыр жұртшылығы! Ардақты ағайын!
Біртұтас Қазақстан халқының арман-аңсары, мақсат-мүддесі кеңінен қамтылған жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылып, әр азамат өз таңдауымызды нақтылайтын күн жақын қалды.
Алдағы жексенбіде қастерлі Отанымызды, егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымызды сақтау, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам жасаймыз.
«Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатына берік негізделген халықтық Конституцияға қатысты түпкілікті шешім халық таңдауына сүйеніп қабылданады.
Бұған дейінгі саяси реформалар кезінде Сыр жұртшылығы береке-бірліктің, тату тірліктің үлгісін көрсетіп белсенділік танытқан болатын. Бұл жолы да жерлестеріміз жаңғырудың жаңа кезеңінің мәнін терең түсініп, өз көзқарасын білдірудегі үлгілі жолды жалғайды деп сенемін.
Біздің азаматтарымыздың бойындағы отаншылдық пен жауапкершілікке негізделген ұстанымдары айқын. Ол – елдің жарқын болашағы, бекем бірлігі және мызғымас тұтастығы.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі




