2026 жылдың 13-23 наурызы аралығында елімізде «Nauryz Sale» республикалық акциясы ұйымдастырылуда.

Бұл бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы ынталандыруға және тұрғындар мен қонақтары үшін бірыңғай мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған.
Акцияға елімізде ішкі сауда саласының шамамен 300 субъектісі, оның ішінде облыста 12 субъекті қатысады. Олардың қатарында «Aray City Mall», «Жібек жолы» сауда-ойын-сауық орталықтары, «Magnum», «Small», «Анвар», «Қызылорда Оптомаркет», «Радуга», «Ажар» ірі сауда желілері мен «Жайна», «Отырар», «ADS Plaza», «Ақжан» сауда үйлері бар.
Акция кезеңінде сауда субъектілері халыққа азық-түлік және азық-түлік емес тауар топтарына мерекелік жеңілдіктер ұсынады. Акциялық тауарлар сауда залдарында арнайы мерекелік навигация және «Nauryz» фирмалық безендіруі арқылы белгіленеді.
Сауда орталықтарында қазақстандық өндірушілердің өнімдері ұсынылатын арнайы сату аймақтары ұйымдастырылып, онда тауарлар нарықтағы бағадан орта есеппен 10-25 пайызға төмен бағамен сатылады.
Анықтама: «Радуга» сауда желісі мерекелік безендіру жұмыстарын бастады.
***
Сонымен қатар, ҚР Сауда және интеграция министрлігі 13-20 наурыз аралығында Қазақстанның сауда субъектілері арасында «Sauda in Digital Nauryz» республикалық конкурсын өткізуде. Конкурс – сауда нысандарын мерекелік безендіруде заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ инновациялық сервистерді дамытуға бағытталған.
Қатысушылар өз жобаларын төрт номинация бойынша ұсына алады: «Үздік цифрлық безендіру», «Үздік цифрлық құттықтау», «Жасанды интеллектті үздік пайдалану» және «Ең креативті Digital-жоба».
Қатысу үшін Instagram әлеуметтік желісінде #saudadigitalnauryz хештегімен бейнеролик жариялап, Сауда және интеграция министрлігінің ресми парақшасын белгілейді.
Конкурс қорытындысы 2026 жылғы 20 наурызда шығарылып, жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтеді.




