МАЙДАКӨЛ АУЫЛЫНДА 100 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА КЛУБ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Бүгін Қазалы ауданының Майдакөл ауылындағы жаңадан салынған 100 орындық клубтың ашылу рәсімі өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Облыстық мәслихат төрағасы жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өңірдің мәдениет саласындағы жетістіктерге тоқталды.
«Мемлекет басшысы ұсынған «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты ел дамуының темірқазығына айналды.
Сыр өңірінде кейінгі 3 жылда 19 мәдениет нысаны салынды. Оның 8-і ауылдық клуб, 7-і «Руханият орталығы», «Анаға тағзым», Отбасы және Өнер орталықтары, облыстық тарихи-өлкетану музейі.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Шиелі ауданы Бестам ауылдық клубы қараша айында пайдалануға берілді. Бүгін Майдакөл ауылында 100 орындық клуб ашылады.
Баршаңызды Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңа нысанның ел игілігіне айналуымен шын жүректен құттықтаймын! Егемендік тарту еткен әр күннің өзі бақыт. Қастерлі Отанымыз, Сыр өңірі жаңарып, жайнай берсін!», – деді Мұрат Жолкелдіұлы.
Рәсімде ел дамуына елеулі үлес қосқан аға буын ардагерлер мен клубты сапалы салып, мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Кейінгі жылдары Қазалы ауданының даму қарқынында ерекше серпін бар. Атап айтсақ, Жанқожа батыр ауылында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында 300 орындық жаңа мектеп ашылды. Әйтеке би кентінде «Руханият орталығы», прокуратура ғимараты, «Қазалы» мәдени-демалыс кешені, «Руханият сквері» мен орталық алаң сияқты бірқатар нысан ел игілігіне берілді.
Ақтан батыр және Абай ауылдарына көгілдір отын жеткізілді. Қазір Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендерін газдандыру жұмыстары жалғасуда.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі




