Бейнеттің сыйы

Кісінің болмысына біткен бейнеткештік қасиеті иесін ешуақытта жолға қалдырмайды, оның бүкіл өмірінде сенімді серік, адал дос бола алады. Жұлдызын жоғары етеді.
Жас кезінен шопандықты серік еткен Сәулебек мұны өзінен бұрын әкесі Тұрлыбектің өмір жолынан анық көрді.
Әкесі айтып отырса, ана сүті аузынан кеппей жатып жетімдіктің тақсіретін тартып, бала кезінен паналап барған Ақсүмбідегі апа-жездесінің қолында өсіпті. Жездесі еліне белгілі дәулетті кісі болса керек, сол кездің өзінде қажылыққа екі-үш рет барып қайтқан екен. Алғашында осы жездесі Әжібектің малын бақса, кейін кеңес өкіметі орнаған соң колхоздың төрт түлігін алдыға салыпты. Көзін ашқаннан көрген кәсібінен нәсібін терген жігіт осы жақта үйлі-баранды болады. Екі қыз бала келді дүниеге. Одан кейін көтермей қалған әйелі еріне Ақжарқынды өзі алып берген екен. Бұл келіншегі Сәулебекті дүниеге әкелгенде әкесінің алпысқа жақындап қалған кезі ғой. Оның соңынан Айнабегі ерді. Тілдері шыға келе «не елсің?» деген сұраққа «божбанмын» деп таңдайы тақ ететін болды. Тұрлыекең осы кезде терең ойға батып «қой, елімді табайын, перзенттерімді ағайынға қосайын» деген талаппен ата баба мекені – Қожамбердіге қоныс аударған екен.
Ол кезде Сәулебектің бес-алты жасқа келіп қалған кезі. О, тоба, «Ер туған жеріне» деген ғой, кейде Қаратаудың баурайында тұлпармен талай жортқанда аттың басын Ақсүмбеге бұрып аңсарлы жанарын алысқа қадап, ауылының ауасымен тыныстағандай тапжылмай тұрып-тұрып қайтқан кездері болыпты.
Сол кездері Төменарық қой совхозының №3 фермасының шопаны атанған Тұрлыбек Құлбаевтың әр жүз аналық тан 135-тен төл өргізген кезі болған. СЖК, яғни қолдан ұрықтаныру деген әдіс-тәсілдің енбеген кезі, мұндай жетістікке қол жеткізудің сыры неде екен деп бүгінгі кейіпкерімізге сауал тастадық. Озат шопанның бел баласы әрі шәкірті Сәулебек Құлбаевтың бұған жауабы дайын. Осы тәжірибеге,тәсілге бүкіл шопандық өмірінде өзі де қалтқысыз адалдығынан айнымапты.
– Мұның түпкі сыры – тынымсыз еңбекте. Мал басын өз төлі есебінен өсіруде әрбір саулықтың қоңдылығы маңызды, – дейді ол. Оның бағым-күтімі өз алдына, күзгі күйек кезінде алдындағы түліктің түн баласында да тіршілігінен жазбай жайыла түсуі үшін түртінектеп көз ілмей, қыр асып, бел асып өргізумен табанынан таусылар қойшы жарықтықтың еңбегі шашетектен. Бұл бейнеттің берер жемісі де аз емес. Шопандар арасында талай жеңімпаз атанған Тұрлыбек Құлбаевтың құрметіне 1959 жылы өздері отырған «Қорлыбай жайлауында» ауданның атынан шопандар тойы өтіпті. Сол тойда озат шопанға сол кездегі ең мықты көлік – «Москвич» автомашинасының кілтін табыс етіпті. Сәулебек ол кезде бар болғаны 9 жаста, мерекенің құрметіне ақындар айтысы өткенін біледі, ол айтыста Манап Көкенов пен Есіркеп Қоңқабаев, Айдархан Бибасаров пен Әбужүсіптің айтысқаны да есінде қалыпты. Бірақ бала емес пе, ойнап кетіп, айтыста кім жеңіп, кім жеңілгенінде жұмысы да болмапты.
Бірақ, бала кезінен ойға тоқып өскен бір ғана тағылым – еңбек ер атандырады.
Көрші «Красная звезда» совхозындағы мектеп интернатында жатып оқып сегізінші сыныпты бітірген он бес жастағы бозбала қартайған әке қолын ұзартып жәрдемшілікке жарады. Үш жылдан соң 1968 жылы кеңес армиясы қатарына аттанды. Әскерден оралған Сәулебек 1970 жылы біржолата шопанның ақ таяғын қолына алып аға шопан атанды.
Бұл кезде елде комсомол жастар бригадасы құрылып, қаншама жасқа шопандықтың қыр-сырын үйретті. Еңбекте тиянақты тірлігімен, жоғары жауапкершілгімен танылған жігіт партия қатарына қабылданып, нешеме рет жиналыс төралқасынан орын тиді. Қазақстан Жастар Одағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бірде мінберде сөз алып жастарға үндеуін арнап, түсіп келе жатқанында сол кездегі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Зұлпыхар Мұсахановтың Сәулебектің қолын алып: «Міне, батыр! Тұрекеңнің тұяғы ғой» деп қолын алып, көп алдында қолпаштауы соның барлығынан артық құрмет, жұдырықтай жүрегін жылытып тұрар бір жарық сәуледей есінде қалды.
1976 жылы 84 жасында қайран әке өмірден озды. Өмір бойы қой соңында жүріп, табиғаттың жұмбақ сырларын жадыға түйіп, күн райын қабағынан аңдауды меңгерген әкенің ақылы мен кеңесіне қанық өскен ұл сол кісінің салып кеткен сүрлеуін жалғастырды. Сондықтан болар, еңбек адамының тауқыметті тағдырын сәулелендірген Тәңірдің нұры ұрпағының бойына да жұғысты болып жұлдызын жоғары еткеніне қалың ел куәміз.
Бесжылдықтың озаты, социалистік жарыстың жеңімпазы Сәулебек Құлбаев пен өмірлік қосағы Тұрсынай өзіне жәрдемші шопан болып бекітіліп, екеуі қатар тұрып қайрат көрсетіп қарауындағы мемлекеттің малынан шашау шығармауға тырысты. Коммунист, еңбектің екпіндісі Сәулебек Құлбаевтың «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталуы соның дәлелі.
Содан бері, алпыс жылдан астам уақыт өтіпті, атакәсіптің басынан құс ұшырмаған адал ұрпақ малдың жайымен сол баяғы «Қорлыбай» жайлауы мен ауыл шетіндегі қыстауды қатар жайлап, құрықты қолдан тастаған жоқ.
Сәулебек ағамыздың өзі зейнетке шыққанымен екі ұлы – Марат пен Қанат әкеден алған өмірлік өнегесіне өгейлік танытпады. Қыры мен сырына қанық өскен атакәсіптің арқанын есіп, өз тұрмыстарын өздері тіктеп отыр.
Қазір шаруаға көзқарас өзгерген, мал-дәулеті де өзгенікі емес, өзінікі. Қызығын да, шыжығын да өзі көреді. Артық бейнеттенген бұрынғыдай атақ пен даңққа бөленіп жатпауы мүмкін, бірақ абырой деген асыл құндылық бар, ол барынша адал еңбек етіп, маңдай терлеткеннің ғана төріне қонақтайды. Осындай деңгейден танылуға талап қылған перзенттерінің шаруасына бас-көз болып отырған Сәулебек аға ауылдағы қоғамдастық кеңестің төрағасы. Міне, бейнетіне сыйынған еңбек адамын би тұғырына лайық көрген көпшілік құрметінің көрінісі бұл. Ел ішіндегі мәселелер ақсақалдар алқасында талқыланып, нақты шешімін табуы ертеден келе жатқан игі дәстүріміздің жаңғырығы сынды. Алақандай ауылда бір атадан тараған ұрпақтай айрандай ұйып, елдік мәселелерді ортақ ойласып отыруы да орынды әрі жарасымды.
– «Бір өкініштісі, ауылымызда оқу бітіріп келген өндірдей жастарымызға жұмыстың көзі жоқ содан соң амал жоқ, сыртқа кетіп жатады. Өзге жақта кәсіп қылып, қолы жүргендер ауылды ұмытып кетіп жатқан жоқ, жыл құсындай қайта айналып соғып, елде отырған ата-анасына сәулетті үй соғып беріп, ауылдың тұрмысын тіктеуге үлес қосып келе жатқанын да мақтаныш етуге болады. Болашағымыз – жастар ғой. Олардың арасынан шығып есімдері көпке белгілі болған ғалымдарымыз да бар. Ақылбековтер, Бижановтар, Байтелеевтер, Құдияровтар, Сарбалаевтар, Жолановтар отбасын осы қатарға жатқызуға болады, – дейді ел ағасы мерейленіп.
Баян ҮСЕЙІНОВА