№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ҚҰСТЫҢ ҚАНАТЫ – ҚОРҒАН, ЖҮРЕКТІҢ ЖЫЛУЫ – АРМАН

ҚҰСТЫҢ ҚАНАТЫ – ҚОРҒАН, ЖҮРЕКТІҢ ЖЫЛУЫ – АРМАН


Маймақ балапан үрпиген қара тауыққа айналды. Өткен жылы анасы он бір жұмыртқадан бір ғана балапан тауып, сол жетілмеген шала шөжекті жұмыртқа қабығынан өзіміз аршып алған едік. Жалғызы болған соң тым өзімшіл болып өсті. Тіпті жемнің өзін анасынан қызғанып тығып жейтін.

Міне, сол шолжаңның бүгін өзі жұмыртқа басып, бес балапан ашыпты. Бастапқыда «Бұл маймақ анасын сыйлаудан жұрдай, өзі де ана болып қатырмас» дегем. Жоқ, тіпті олай болмады. Бауырына басқан балапаны ыстық болады-ау?! Тырбиған қызылтанауын ауыздандырып, көзге түскен жәндігін баласының аузына тосып әлек. Бүлдіршінін алақанға салып аялағым келген. Тап берді. Тағы да оқталуға зауқым болмады. «Қап, мына маймақты-ай! Қызғанған түрін» деп ұзақтан тамашалап тұрдым.
Осы сәт мына бір болған оқиға еске түсті. Жаңа ғана сәбилі болған төрт келіншек бір бөлмеде жатырмыз. Үшеуміздің бөбегіміз тып-тыныш балбырап жатты. Ал төртінші сәбидің шырылы үдеді. Анасы уата алар емес. Алғашқы тумасы екені сезіліп тұр. «Сүтім шықпайт, қарны аш» деп, ығыры шығып, баласынан теріс бұрылып жатып қалды. Бауыр еті баласынан теріс айналғаны несі? Жап-жас қыздың тірлігіне күйініп, сәбиін жасанды сүтпен алдарқатуға тырыстық. Нәресте қарны тойған соң тынышталды. Палатада тыныштық орнады. Мен әлі де мазасыз оймен арпалысып отырдым. «Бұл қыз неге сәбиіне мейірленбейді? Неде болса бір қиындығы бар-ау» дедім іштей. «Балалар ұйықтап жатқанда қоюлап шәй ішіп алайық» деп жанымдағы қыз-келіншектерді дастарханға шақырдым. Шүйіркелесіп шәй ішіп, әр түрлі тақырыпта әңгімелесіп отырдық. Әйтсе де, қызда тіл жоқ. Тіпті, бізді естімейтіндей. Түрі жұмбақ.еседі. Оңаша қалғанымызда
– Қалай, бала жылағаны басылды ма? – деп әңгімеге тарттым.
– Күйеу жігіт келді ме?
Ол үнсіз, көзінен жас парлады. Сөйтсем, алданып қалыпты. Жанын жаралап тұрған осы мұң болып шықты. Жаңа туылған нәрестесін перзентханаға тастап кетпекші ойы бар екенін жасырмады. Енді ғана сыр бөлісіп отырған сәтте аурухана психологы қызды ертіп әкетті. Дәрігер қыздың дертіне қандай дауа тапқанын білмедім, психолог кабинетінен шыққан қыз өзгеріп сала берді. Аптығын баса алмай ұлына жүгіре жетті. Аялы құшағына ұлын қысқан қыз ана мейірімін төкті. Жанарынан ағыл-тегіл жас домалап жатты. Ана мейірімінің құдіреті шексіз-ау! Иімей тұрған көкіректі сүт кернеді. Ана құшағында әлди де әбіржуін қойды. «Кешір, құлыным! Анаңда тауықтың миындай ми жоқ қой» деп күбірлеп, сәбиінің маңдайынан иіскеді.

ТҮЙІН. Жас кезімізде анамыз ылғи «тауық құрлы миың жоқ» деп кейіп жататын еді. Тауып айтылған сөз. Байыбына барсаңыз, қаншама ой түйесіз. Тап осы сөзді баладан безген бөзбүйрек, «көкек анаға» бағыттап айтылғандай сезіледі. Айтпай қайтеміз, қыздан қылық кетіп, періштелер қоқыстан пана тапса рухани жүдегеніміз ғой. Әйтпесе, айдың күні аманында аң екеш аңнан бетер қатыгезденіп кетер ме едік. Ең бастысы, арманымызды алдамайық!

Мақпал МАРҚАБАЙ
08 қазан 2024 ж. 143 0