№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Баспана – басты мәселе

Баспана – басты мәселе


Халық саны көбейген сайын баспана кезегінде тұрғандар мен жалдамалы пәтер жалдайтындар саны да артып барады. Мұндай жағдайға бұрын тек ірі қалаларда ғана тап болсақ, қазір ауылдық жердің өзінде уақытша тұруға баспана іздеп жүргендер көп. Ал жер кезегінде тұрғандардың санынан жаңыласың. Мемлекет тарапынан аз қолдау болып жатқан жоқ. Түрлі бағдарламалар мен қалталылардың демеушілігі жаураған жанға жылу сыйлап жүр. Дегенмен, үйсіз-күйсіз жүрген жерлестерімізді көргенде іштей қынжыласың. Оны өз басынан өткергендер ғана түсінеді. Біз бүгін осы әлеуметтік тақырыпты тағы тереңірек зерделеуді жөн көрдік.


«Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген сөз бар қазақта. Қазір өзгеге өкпелеп, мемлекетке қол жайып отыратын заман емес. Әркім шама-шарқынша тырмысып бағуда, бірі кәсіп бастаса, енді бірі жалдамалы жұмысшы болып бала-шағасының нәпақасын тауып жүрген жайы бар. Сонда да кейбір жандардың назын орынсыз деуге келмейді. Ұланғайыр жер, қазынаға толы байлығы бар елде кедейліктің күйін кешкен көптің ахуалын бәріміз де басымыздан өткердік. Ол өткінші, бірақ сол отбасылық жағдайға төтеп бере алмай, сынаққа сынып қалатындар да аз емес.

Жалдамалы үй жанға жылу бермейді

Осыдан 15 жыл бұрын арман қуып Алматыға оқуға аттандық. Сол кезде жалдамалы үйдің шын мәнінде қандай болатынын сезіндік. Жиған тиын-тебенін үй иесіне табыстап, өлместің күнін кешіп жүрген талай бауырдың жан қиналасына куә болдық. Бір бөлме болса да өз үйің болғанға не жетсін. Ел аузындағы аңызда атақты Жиренше шешен ханның ордасынан өзінің боз лашығын артық көріп, «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп керілгенде сирағы сыртына шығып жатады екен. Сөйтсе де өз үйің – өлең төсегің.
«Крыша.кз» және «ОЛХ» арнайы сайттарынан Алматы қаласынан жалдамалы пәтердің бағасын саралап көрдік. Көпқабатты тұрғын үйлерге қарағанда жер үйлердің құны сәл төмендеу екен. Мәселен, қаланың қақ ортасынан көпқабатты үйдің екі бөлмесін жалға алсаңыз айына кем дегенде 200 мың теңге төлеуіңізге тура келеді. Ал, жер үйлердің бағасы одан екі есе төмен. Қаладан сәл тысқары жердегі жекежайлардың құны 100 мыңнан асып жығылады. Бұған түсінікпен қарауға болады. Енді өзімізге келейік.
Аудан орталығында үш бөлмелі үйдің орташа бағасы 35-40 мың теңгені құраса, барлық жағдайы жасалған жеке тұрғын үйлердің құны 80 мыңнан кем емес. Оған газ бен жарықтың және судың бағасын қосыңыз. Сонымен 100 мыңға жетеді. Бір қызметкердің жарты айлығынан да асып түсіп тұр. Бұл да біреудің тіршілігі...
– Жалдамалы пәтерде күнелтіп келеміз. Жалақымыздың үштен бірі бөлігі кетеді, жер алуға қаражатымыз жетпейді. Ал, бағдарламамен баспаналы болу қиынның қиыны, – дейді жас отбасылар.
Айта кететіні, жалдамалы пәтер жалдап тұратындар үшін мемлекеттен жеңілдік бар. Яғни, үйдің ай сайынғы ақысының тең жартысын мемлекет төлеп беріп отырады. Бірақ, оның да арнайы ережелері бар, отбасы көпбалалы болу керек, мүгедектігі бар болса, солай жалғаса береді. Оны да алу оңай шаруа емес.

Баспана бағдарламалары

Жоғарыда айтқандай, қазір баспана алуға арналған бағдарламалар аз емес. Бірақ, оның да машақаты көп. Бүгін «Отбасы банк» АҚ туралы қысқаша шолу жасап көрейік. Банктің облыстық филиалының кеңесшісі Жазира Жаппар бізге қысқаша мәлімет бере кетті. Жаңақорған ауданының 300-ден астам тұрғыны баспана алып, 8 мыңға жуығы салым ретінде тіркелген екен.
– «Отбасы» банкінен депозит ашып, үш бағытта пайдалануға болады. Яғни, үй алуға, үй салуға және үй жөндеуге бағытталады. Бізде шот ашу тегін. Бастапқы жарна 20 000 теңге. Егер жиырма мың теңге салсаңыз, республика бойынша еліміздің кез келген қаласынан үй алуға жарайды. Кемінде үш жыл көлемінде жиналу керек. Егер кез келген уақытта өзіме қаражат керек немесе үй алмаймын деген адам болса, шоттағы қаражатты шешіп алуына болады. Бірақ айыппұл ретінде 5 мың теңге төлейді. Әрі мемлекет тарапынан берілген сыйақы болса, оны мемлекет алып қояды.
«Отбасы банк» елімізде және бүкіл ТМД аумағында тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын жалғыз қаржы институты болып есептеледі. Бұл жүйе одан әрі несиелеу үшін депозитке қаражат жинауды көздейді. Бүгінде банктің түрлі бағдарламалары халықтың барлық топтарына үй алуға мүмкіндік беруде. «Бақытты отбасы» «2-10-20» бағдарламасына көп балалы, және ерекше күтімдегі кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар, баспана кезегінде тұрған отбасылар қатыса алады. Бастапқы жарна ретінде тұрғын үй бағасының 10%-ын жинақтау талап етіледі. Тұрғын үй құрылыс жинақ «Отбасы банкі» займы жылдық 2% мөлшерлемемен ұзақтығы 20 жылға дейін беріледі. Қызылорда облысы бойынша 10 млн теңгеге дейінгі тұрғын үйлерді таңдап алу мүмкіндігі бар. Тұрақты тіркеу мен тұрғылықты мекенжай бойынша шектеулер қойылмаған.
Ауылдық жерлерде тұратын азаматтарда Қызылорда облысы бойынша баспана сатып алуға мүмкіндік бар. «Нұрлы жер» «5-20- 25» бағдарламасына қатысу үшін бастапқы жарна ретінде тұрғын үй бағасының 20%-ын жинақтау талап етіледі. Тұрғын үй құрылыс жинақ «Отбасы банкі» займы жылдық 5% мөлшерлемемен ұзақтығы 20 жылға дейін беріледі. Жаңадан отбасын құрған жанұяларға тиімді шарттармен пәтер алуға мүмкіндік беретін «Жас отбасы» жаңа тұрғын үй бағдарламасы жылдық несие мөлшерлемесі 6% пайызбен іске қосылды. Екі жылдан соң бұл 5% пайызға төмендейді. Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі Тұрғын үй құрылыс жинақ «Отбасы банкі» «Жас отбасы» депозитін ашып, олардың некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс. Жас отбасылар Қазақстанның кез келген жерінен өздері армандаған баспанасының 50%-ын жинақтауы шарт. Осылай жалғаса береді. Егер тереңірек білгіңіз келсе банкке барып, хабарын алуға болады.

Жылжымайтын жер кезегі

Нақты мәліметке сүйенсек, жер кезегін сарыла күтіп жүргендердің үмітін үкілеп келе жатқанына он жылға айналып барады. 2015 жылдың аяғында тіркелгендерге кезек келіп тұр деген жауаптың анық-қанығын білмекке алдымен кент әкімдігінің есігін қақтық. Біздің қолымызға тиген мәліметтерге жүгінсек, 2022-2023 жыл аралығында жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелері туралы ақпаратта 2015 жылы кезектілк санында 546 адам деп көрсетілсе, алғандар саны 470-ке жеткен. Жылдың басында 73 болса, сол тізім әлі де өзгермегені көрініп тұр. Ары кетсе 10 адам кезегінің келгенін растады. Қалғандары толық қол жеткізсе, 2016 жылы тіркелгендерге кезек келеді. Оның да ауылы алыс емес деп есептейік.
Кент қызметкерлері мәліметті аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі толықтырады деді. Ол мекемеге де жол түсті. 2015 жылдан бүгінге дейін аудан бойнша 8 мыңнан аса тұрғын кезекте тұр екен. Бұл өте көп, жыл басында қаншама тұрғын тағы тіркелген. Біз аудан әкімдігінің ресми сайтына жүгіндік. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға 2023 жылы 856 жеке тұлға тіркеліпті. Кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскелері бойынша ҚР Жер Кодексінің талаптарына сәйкес 2023 жылы көлемі 8,76 гектар болатын 47 жер учаскесі «Ақпараттық есептеу орталығының» порталында электронды сауда-саттық (аукцион) арқылы 31 391 623,19 теңгеге сатылған деген мәлімет тұр. Жалпы жеке тұрғын үй құрылысы үшін Жаңақорған кенті және ауылдық округ әкімінің шешімдерімен жер учаскесін алған тұлғалармен жалға беру туралы 647, сатып алу арқылы 200-дей келісім-шарт жасалған екен. Бұл атқарылған жұмыстарға берілген нақты факт.
– Жер учаскесін алу үшін кезектілікке тіркелмегендігі анықталса ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің №301 бұйрығының 15-қосымшасына сәйкес «Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік қызметін көрсету қағидасы арқылы egov.kz порталына жеке электрондық цифрлық кілтіңіз арқылы кіресіз. «Жылжымайтын мүлік» батырмасын басып, «Жер қатынастары» тізілімін таңдап, «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» бөлімшесіне өтесіз. Жаңақорған кенті немесе республиканың кезкелген аймағын таңдап өтініш білдіруге болады. Тағы айтамын, тіркелу тек электронды түрде, – деді бөлім қызметкерлері.
Ал, кезегіңізді білгіңіз келсе электронды түрде көре аласыз. Иә, қазір құжаттың басым бөлігі электронды жүйеге көшті. Ол үшін тиісті мекеме немесе кент есігін сығалап жүрмейсіз. Бір сәт заңдылықты зерделеп көрейік. Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, қазақстандық азаматқа жер тегін берілуі тиіс. Әрине, мақсаты мен мөлшері де бекітілген. Атап айтқанда, ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылықты жандандырғысы келгендер суарылмайтын жерлерден – 0,25 га және суармалы жерлерден 0,15 га ала алады. Бұл ретте үй және егістік алқаптары берілмейді. Дегенмен бұл жерде де шикілік жоқ емес. Бұл тақырыпта аудан заңгерлері мен блогерлер үлкен мәселе көтеріп жүр. Оған кейінірек тоқталармыз. Заң бойынша қазақстандықтардың құқығын талдап алайық. Одан кейін ақысыз ала алатын 0,10 га жер жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге беріледі. Көгалдандыру, саяжай құрылысы үшін 0,12 га алуға құқылысыз.
Барлық мәселе заңды құқығына басымдық беріп, жер алуға кезекке тұрғанда басталады. Басқа мақсаттарды емес, жеке тұрғын үй құрылысы мысалын қарастырып көрсек. 10 сотық жерге жайлы баспана салуға әбден болады. Әрі басында үйі бар-жоғына қарамастан, кез келген адам иелене алатыны заңда жазылған. Тіпті отбасыңызда бұрын-соңды 0,10 га жер алған адам болса да, сіз жеке тұлға ретінде өз теліміңізді талап ете аласыз. Әлбетте, бір адамға бір рет қана беріледі. Ауданға қайта оралайық. Жер берілмей жатуының басты себебі жердің жоқтығы дейді құзырлы мекемелер. Әкімдік те, жерге жауапты бөлім де «Саяжай-1» мөлтекауданы инфрақұрылымын күтіп отырмыз дейді. Сол үшін құрылыс бөліміне телміріп отырған жайы бар. Аудандық, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне де бардық.

Қаратау, Қаратау 2, Қаратау 3 Және Ызғар

Айтпақшы, кенттің қала статусын алуға мүмкіндігі молая бастады. Халық саны жеткілікті, жер көлемі де талапқа сай. Болашақта 4 мөлтек ауданға қоныстана бастасақ, қай қаладан кем боламыз?! Жібек жолының торабында құшағын кеңге жайған Жаңақорған кентінің сәулеті де дәулеті де тасып, көптің назарын өзіне қарата бастады.
Саяжайдың жоғары жағынан Саяжай 2 орын тепсе, Қаратау, Қаратау 2, Қаратау 3 жаңа қонысы Ипадромм аймағының жоғары бөлігінен бұйырмақ. Мұнда Шалқия кеніштерінің темір жолы ұзыннан ұзақ жол тепкен. Кенттің байырғы бас жобасында кент осы маңнан бітетін еді. Енді бас жобаға бірнеше өзгерістер енуіне байланысты мұнда бірнеше аймақтар қоныстанатын болады. Жасыратыны жоқ, мұнда басты мәселе – жол. Орталықпен байланысуына басты кедергі болып тұрған темір жолды бірнеше аймағынан арнайы жол өткелдерін салмаса, халықтың қозғалысын тежейді.
Ал екінші мәселе, қоқыс қалдықтарын төгетін арнайы орынның орналасуы да қоныстанушыларға басты мәселе болуы ықтимал. Сондықтан бұл палигонды көшіру ісі де оңай шаруа емес. Үшінші мәселе, орта ғасырлық тарихы тереңде жатқан, Ордакенттің орналасуы да қазақы сенім-нанымға керағар. Ал, Ызғар мөлтек ауданының ашылуы он-он бес жылдың еншісіндегі дүние болғанымен, бұл аймақ орман шаруашылығы бөліміне қатысты болғандықтан мемлекет меншігіне қайтару ісі де бірнеше жылдың жұмысы екені даусыз. Осы маңдағы Кеңес дәуірінен келе жатқан 24 разъезд пен 25 разъезд тұрғындары кентке қосылатына қуанышты.
Қысқасы, жер үлестіру жұмысында көзге көрінбейтін, алайда ауқымды астары бар мәселелер қолды тұсайды. Біздің ұққанымыз, жаңа қоныстың халыққа жайлы болуы жан-жақты зерделенеді екен. Қысқасы, кенттің даму динамикасы оңтүстік батысқа қарай бет алуда. Жері шұрайлы, қонысқа жайлы жерлерді игерудің бас жоспарында әлі де шешілуге тиісті мәселелер жоқ емес. Бұл жөнінде аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылыс бөлімінің бас маман Шыңғыс Маханов жауап берді:
– 2021 жылы Жаңақорған кентіндегі 300 гектар жерді қамтитын Саяжай-1 учаскесінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, 2022-2023 жылдар аралығында электр желісін жүргізу, су құбырын тарту, тас жол құрылысы және газ құбырын жүргізу үшін жоба сметалық құжаттары дайын тұр. Инфрақұрылымдарды жүргізу үшін жоба құны – 6 млрд 774 млн теңге. Атап айтқанда электр желісін жүргізуге – 2 млрд 261 млн 139,44 теңге, су құбырын тартуға – 1 млрд 772 млн 722,091 теңге, тас жол құрылысына – 865 млн 013,89 теңге жұмсалады.
Газ құбырын жүргізу үшін 1 млрд 875 млн 218,616 теңге қаржы қажет. Аталған инфрақұрылымдардың құрылыс монтаж жұмыстары үшін 2023 жылы облыстық және республикалық бюджеттен қаржы сұратылып, қолдау таппады. Ағымдағы жылы құрылыс монтаж жұмыстары үшін облыстық және республикалық бюджеттен қаржысы қайта сұратылды. Инфрақұрылым жобаларға қажетті қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, 1600-ге жуық жер учаскесі ел игілігіне пайдалануға беріледі, – деді бас маман. Жер кезегінің жылжымау сыры инфрақұрылымның тиянақталмауында. Егер бұл іс жүзеге асса жобамен 2015, 2016, 2017 жылы кезекке тұрғандар толық қамтылады деген сөз. Мүмкіндік болса 2018 жылды да еңсеріп тастауы кәдік. Ендеше, биылғы жылдан үміт күтейік. Ең бастысы, жер кезегінің жылжуы қаржыға келіп тіреліп тұр. Іс түйінін жоғары орындардың шешімі тарқатады.
Қорыта айтқанда, баспаналы болу әр қазаққа бір бақыт сыйлайды. Бірақ, оған қол жеткізу үшін тар жол тайғақ кешуден қаншама отбасы өтіп жатыр. Бағдарламаға қатысу қиын, жер кезегі келмейді, жер сатып алу үшін көп қаражат керек. Құрылыс заттарының бағасына шектеу жоқ. Осылайша бақыттың ауылы алыстай түседі. Бұл мәселені оңтайландырар оңды шешім қай кезде қабылданар екен?

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
05 қазан 2024 ж. 126 0