№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Заң өміршеңдігі өркениетті санаға тәуелді

Заң өміршеңдігі өркениетті санаға тәуелді


Дүйсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Парламенті Сенатының депуттары Наурызбай Байқадамов және Руслан Рүстемовтің халықпен кездесуі жаңадан қабылданған заңдардың маңызы мен өзектілігін талқылауға арналды.
Басқосу жиынын ашқан аудан әкімі Мажит Самитұлы сегізінші шақырылымдағы ҚР Парламентінің екінші сессиясында қабылданған 100-ден аса заңның үштен біріне бастамашы бола білген депутаттар корпусының кәсіби біліктілігіне тоқталып, заңды одан әрі жетілдіру бағытында қоғам мүшелері белсенділігінің маңызына тоқталды. Жаңадан қабылданған заңдарда Масс-медиа, Адам саудасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес, халықтың шамадан тыс кредит алу жағдайы, лудомания және тағы да басқа да мәселелер жан-жақты тереңдетіле түскен.
Осы қабылданған заңдарды халыққа түсіндіру бағытында Аралдан Қызылордаға дейінгі өңірлерді аралап келе жатқан халық қалаулылары бүгін Жаңақорған жеріне табан тіреді. Аудан активі, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мекеме, салалық ұжымдардың басшылары және тұрғындар өкілдері алдында сөз алған ҚР Парламенті сенатының депутаты Руслан Рүстемовтың әңгімесі төмендегіше өрілді. – Сегізінші шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданса, соның 31-і депутатардың бастамасымен көрініс тапты. Олардың міндеті – тек заң қабылдау ғана емес. Президент тапсырмалары және Ұлттық Құрылтайда көтерілген бастамалар мен бағдарламалық құжаттарда белгіленген міндеттердің жүзеге асуын бақылау бағытында жұмыс атқарады. Міне, осы бағытта Парламенттік тыңдау, Үкімет сағаты өтіп, онда депуттаттар өздерінің тиісті сауалдарын қойды.
Парламент жұмысының ашықтығы, жариялылығы артты. Күн тәртібінде қаралған мәселелердің барлығы электронды түрде халыққа қолжетімді бола түсуде. Үкімет тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға Парламент қанағаттанбаған жағдайда тиісті салалық ведомостволар жұмысының есебін Парламент Сенаты отырысында тыңдайтын тәжірибе енгізіліп жатыр.
Жалпы, халықтың тұрмысына, әлеуметтік мәселелеріне қатысты 200-ге жуық депутаттық сауалнама жолдадық. Соның ішінде өзім көтерген суландыру, және басқа да осы өңірге байланысты мәселенің кейбірі шешімін таба бастады. Жалпы, Президент Жодауларында, ұлттық құрылтайда айтылған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасынан туындайтын «Заң және тәртіп», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына негізделген бағдарлардың нақтылануына өзіндік үнімізді қостық. Былтырғы жылы алғашқы сессияда қоғамдық бақылау туралы заң қабылданды. Заңды талқылау бойынша жұмысшы тобын мен басқардым. Соның негізінде қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл ең алдымен мемлекеттік органдардың жұмысындағы ашықтық пен айқындылық қағидатын қалыптастырып, сонымен бірге бұрыннан келе жатқан қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама, қоғамдық бақылау, қоғамдық мониторинг сынды бұқара талабының тынысын ашып, ортақ игілікті жүйелеуге азаматтық белсенділікті арттырады. Қоғамдық бақылау туралы заң осыған көмегін тигізеді деген сеніміміз бар, – деді ол.
Мемлекеттік органдардың шешімдерінде көпшілік пікірінің ескерілуі маңызды. Бұл бағытта Петиция туралы заңға енген өзгерістерді жеткізді. Әр өңірдің деңгейінде атқарушы органдардың функциясына сәйкес ұсыныстарды қарау тәртібі белгіленгенін, үкіметтік деңгейдегі мәселелер үшін петицияға 150 мың қол жинау керек деген үкіметтің алғашқы отырысындағы ұсынысы депуттардың талқылауымен 50 мыңға түсірілгенін де айтып өтті. Келесі кезекте сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов Конституциялық заңнама, сот жүйесі, құқық қорғау органдары комитеті жұмысының бағыты бойынша қабылданған заң талаптары тұрғысында жан-жақты түсіндірме жасады. Соның ішінде аса өзекті болып отырған ойын бизнесіне, несиелендіруге заңмен тыйым салудан бұрын адамдардың саналық тұрғыдан оған қарсы иммунитет қалыптастыруының мән-маңызына тоқталды. Барлық мүмкіндіктерді ескере отырып қабылданған қандай да бір заңның өміршеңдігі адамның оны тиімді пайдалану әлеуетіне байланысты.
Заңды құрметтей білгенде ғана қоғамда тәртіп орнайды. Халықтың жаппай несиеге белшеден батуын ауыздықтауда, адамдардың банкке қаржылық кіріптарлықтан саналы түрде бас тартуы маңызды екенін айтты. Сол сияқты Еуропада ресми түрде құмарлық емес, кәдімгі аурудың, дерттің бір түрі болып тіркелген бәс тігу, лудомания сынды әдеттерден жастарды сақтандыру жайына тоқталды. Елімізде ажырасқан отбасылардың 47 пайызы осы ойынға кіріптарлықтан қалыпты өмір сүру дағдысынан ажырап, бұлыңғыр тағдырға тап келуде. Депутаттарды бәрінен бұрын осындай мәселелердің алаңдататынын, заң бойынша осыны шектеуге жан-жақты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты.
Келесі кезекте халық қалаулыларына халықтың атынан сауалдарын жолдаған азаматтар қатарында аудандық мәслихат депутаты Азатбек Юнусов Сунақата, Қожамберді, Екпінді ауылдарына көгілдір газ тартуға байланысты құжаттар жасалғанын, енді осыған қаржы бөлуге ықпал жасауды сұрады. Екінші мәселе, биыл даярлық тобына 20 баладан топтау тәртібі қойылып отыр. Елдімекендер үшін бұл заңның тиімсіздігі тұрғындар наразылығын тудыруы мүмкіндігін жеткізді. Бұл жөнінде депуттар аудан әкімі Мажит Самитұлымен пікірлесіп отырғанын, алдағы уақытта қаржы министрлігімен жұмыс жасалатынын жеткізді. Даярлық тобы мен шағын орталықтар жөнінде ұсыныстарды жоғары орындарға қойып, нақты жауабын беретін боламыз деп сендірді. Басқосуда ел тұрғындары атынан А.Жәнібеков, Қ.Исаханов, Ә.Бакировтар сұрақтарына тұшымды жауап алды.

Баян ҮСЕЙІНОВА

23 шілде 2024 ж. 312 0