№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қаратаудың қызғалдағы

Қаратаудың қызғалдағы

Қарт Қаратау – ежелгі «сақ», «ғұн», кейінгі түркі тайпаларының құтты қонысы болған тарихи мекен. Түркітілдес халықтардан кейін тау бөктеріне қоныс тепкен қазақтар екені де тарихтан белгілі. Жоңғар шапқыншылығы тұсында бұл мекен бүтін қазақ жұртының бас сауғалап, жанын сақтауда жасырынуға ыңғайлы қорғаны да болды. Осы аймақтағы «Тоқтамыс хан» мазары, «Мыңжылқы» асуы, «Келіншектау» мен «Қатынқамал» үңгірлері қарт тау етегінің тереңге тамыр жайған бай тарихына куә. Мыңжылдықтардың куәсі болған тау етегінің тағы бір маржаны – Орталық Азия мен Батыс Еуропа елдері брендке айналдырған – қызғалдақ туралы сөз қозғамақпыз..
Қазіргі таңда әлемде қызғалдақтың үш мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде 75-ке жуығы жабайы, одан бөлек кең таралған 150 түрі кездеседі. Елімізде қызғалдақтың отыздан астам түрі болғандықтан, «Қызғалдақтың отаны» болып есептеледі. Оның ішінде оңтүстіктегі таулы аймақтар қызғалдақтың көптеген түріне бай екенін тарихи әдебиеттерден танып-білуге болады. Міне осы алқызыл гүлді алқапты басып өткен батыс еуропалық жиһанкездер қызғалдақтың ұрығын алып, Голландияда өсіріп, әлемнің түкпір-түкпіріне экспорттап, нәтижесінде Голландия бүкіл әлем үшін «Қызғалдақтың отанына» айналып отырғаны аян.
Хош, бұл сөзіміздің де шығу төркіні тегін емес-ті. Қазақстанда өсетін қызғалдақтың ең танымал түрі – грейг қызғалдағы. Ол «қызғалдақ патшасы» деп аталып кеткен. Оған себеп, қазіргі заманғы 300 сорттың бастаушысы болған Грейг қызғалдағы – лалагүл тұқымдастарына жатады. Міне, қызғалдақтың бұл түрі ең алғаш Қаратау тауларынан шыққан және Ресейлік баубақша қоғамының президенті Самуил Грейгтің есімімен аталған. Грейг қызғалдағы 10-12 сантиметрлік биік сабағымен, қызыл дақты кең көкшіл жапырақтарымен және диаметрі 15 сантиметрге жететін үлкен тостаған гүлімен сипатталады. Түсі – көбінесе қызыл, кейде қызғылт сары, ашық сары. Қазақстан табиғатында Грейг қызғалдағын Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында ғана кездестіруге болады. Гүл Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына да енген. Сонымен қатар қызғалдақтың тағы бір жергілікті түрі – леммерс қызғалдағы.
2005 жылы Вим Леммерс бастаған голландиялық ботаниктер тобы Қаратау тауларынан бұл тұқымды әкетіп Голландияда отырғызады. Нәтижесінде 2008 жылы өсімдік гүлдеп, бұл жабайы өсетін қызғалдақтардың әлемдік флорасында жаңа түрдің ашылғанын жариялауға мүмкіндік берді. 2017 жылы Қаратау тауларынан 8 дана көлемінде ботаникалық баққа әкелініп, бүгінде вегетативті көбею есебінен 38 данаға дейін өсті. Бұл әлемдегі ең сирек кездесетін түрлердің бірі, бірақ соған қарамастан ол әлі күнге дейін Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына енбеген және халықаралық деңгейде ресми түрде қорғалмаған. Қазақстан заңнамасына сәйкес Леммерс қызғалдағы мемлекет қорғауында. Табиғатта Леммерс қызғалдағын Машат шатқалында, Қаратау таулары мен Батыс Тянь-Шаньда ғана кездестіруге болады. Осы сияқты Альберт қызғалдағы да ең алғаш Қаратау тауларынан жиналған қызғалдақ тұқымдасының бір түрі. Оны алғаш рет Э.Л.Регель сипаттаған екен. Альберт қызғалдақтарының биіктігі шамамен 20 сантиметрді құрайды. Қалың, көкшіл сабағында көкшіл толқын жиекті 3-5тал жапырағы болады. Альберт қызғалдақтары ақшыл сарыдан қою қызылға дейін кең ауқымды түстерге ие. Жергілікті гүлдің бұл тұқымдасы Ботаникалық баққа 2015 жылы Шу-Іле тауларынан әкелінген.
Қызыл кітапқа енген, бұл эндемик Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарында және Қарағанды облысының оңтүстігінде кездеседі. Қызғалдақтың осы түрлерінің барлығы 1979 жылы құрылған Альпинарий экспозициясында өседі.
Ашық топырақтағы гүл және сәндік өсімдіктер зертханасының аға ғылыми қызметкерлерінің көп жылғы еңбегі мен мұқият күтімінің арқасында Альпинарий экспозициясының коллекциясы жыл сайын өсіп, тамаша ғылыми нәтиже көрсетуде.
Қаратау тауларының бөктері табиғатымен әлем назарын өзіне қаратқан бай өлке екенін білдік. Расымен, өзімізде өскен қызғалдақтар шетелдік брендке айналып та үлгерді. Құрмет пен жылы лебіздің символына айналған алқызыл гүлдер – қарт Қаратауға берген табиғат ананың арнайы сыйы.
Әңгіме басын сонау мыңжылдықтардан иіріп, «сақ» пен «ғұн», одан кейінгі түркі халықтарынан бастауымыз да тегін емес. Жергілікті бағбан Үмбет Абибуллаев ағамыздың айтқаны бұл сөзімізді толықтыра түскендей. Қызыл күлтелі гүлдер бүгінде бірегей шет мемлекеттерге экспортталып жатқан Түркиялық киім брендтеріне бейнеленуде. Түрік ағайындардың ондағы мақсаты атажұрт топырағынан өнген сан ғасырлық тарихы бар қызғалдақты одан әрі қастерлеп, қадіріне жету болса керек, – дейді бағбан.
Аспанмен астасып жатқан жасыл алқапты тау бөктеріне бақ өсіріп, өнімімен бүтін өңірді жемістендіріп отырған Үмбет Абибуллаев бұл сөзін жалғап, жергілікті лалагүл тұқымдастары туралы төмендегіше сөз өрбітті: – Бүгінде табиғаттың жылынып кетуі салдарынан жауын сиреп жеріміз сұр кебінге айнала бастады. Ал бұрынырақ араға күн салмай нөсерлеп тұратын жауын Қаратаудың етегін алқызыл гүл алқабына айналдыратын. Жол бойына беттеген жолаушы осы тұстағы қызыл кілемше төгілген қызғалдақтың көркем бейнесінен көз ала алмай, тіпті, аялдап үлбіреген күлтелі гүлдерге құшағын толтырып қайтатын. Қызғалдақтар мекеніне айналған Голландиялық қолдан өсірілген қызғалдақтар табиғаты бай Қаратау жотасында өздігіненақ өсіп, айналаны әсемдікке бояп тұратын. Көктем шығып, құстар шырқай бастағаннан бой көтеріп, сәуір, мамыр айларының аяғына дейін жайқалып, жасыл желек бетіне төселген алқызыл кілемдей көгеріп, көктеп тұрған күлтелі гүлді көрмеген кісі кемде-кем
. Табиғаттың тегін сыйының қадіріне жетпегендік пе, ауа райы мен климаттық күйіміздің өзгергенінен бөлек, бейберекет жұлып, жауқазынның жанын жаралағанымыз рас. Салдарынан алқызыл әсем қызғалдақтар азайып, тіпті, жойылып кетуі мүмкін жағдайға жетіп отырмыз. Атамекеннің асыл мұрасына айналған бұл гүлдерді жұлып, тұқымын алуға бүгінде қатаң тыйым салынды. Айыппұлмен қоса заң аясында жауапқа тарту шаралары да қарастырылған. Қызғалдақтың түп төркіні болған өлкемізде өнген гүлдің әрбір талына жауапкершілікпен қарап, сақтап, көбейтуге тырысу – жалпыға ортақ міндет деп білеміз. Әрине, бұл "Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын" деген халық даналығына келіп саяды.
Жалпы, ауданымыздың аумағы шөл және шөлейтті аймаққа жатады. Қаратау бөктері мен Қызылқұм алқабының, Сыр бойы мен далалық жазықтардың табиғи жағдайлары бірбірінен өзгеше. Мұнда Қазақстандағы өсетін өсімдіктер мен мекендейтін жануарлардың көптеген түрлері бар. Яғни, Жаңақорған – пайдалы өсімдіктермен қоса жан-жануарларға да бай. Сырдария өзенінің жағалауын зерттеу нәтижесінде 34 өсімдіктің түрі анықталған.
Қызғалдақтың қызыл кітапқа енетіндей халге келуі қай-қайсымыздың да жанымызды ауыртады. Асыл құндылығымызға абай болайықшы, ағайын!

Жәмила ЕРМАХАН

13 шілде 2024 ж. 187 0