Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білім беру жүйесін жетілдірудің өзектілігі неде?

Білім беру жүйесін жетілдірудің өзектілігі неде?


XXI ғасыр – білімнің дәуірлеу ғасыры. Осы бағытта мемлекет қоржынынан қыруар қаражат бөлініп, ұстаздардың мәртебесі өсті. Бірақ білім сапасы жөнінен нақты нәтиже көңіл көншіте ме? Облыс орталығында ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің «Білім беру жүйесін трансформациялау және балалардың құқықтарын қорғаудың басым аспектілері» тақырыбында өткен көшпелі отырыста осы мәселе жан-жақты талқыланды.


Жиын барысында білім саласында қор­даланған мәселе – кадр саласы жөнінде айтылды. Мәселен, қазір балабақшаларда жұмыс істеп жатқан тәрбиешілердің 60 пайызға жуығы ғана кәсіби дайындықтан өткен. Үш ауысым­да оқитын және апатты жағдайдағы ­азаймай тұрғандығы да депутаттардың назарынан тыс қалмады.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алдымен көшпелі отырысты Сыр өңірінде ұйымдастыруға қолдау білдірген ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Сағатханұлына, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Байтілесұлына алғысын білдіріп, аймақтың өзекті мәселелерін атап өтті.
«Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталды. Оның ішінде білім беру саласының бюджеті жыл сайын ұлғаюда. 2022 жылы сала бюджеті 206 млрд. теңге болса, 2024 жылы 309,7 млрд. теңгеге жетті. Бұл облыс бюджетінің 41%-ын құрап, 2 жылға жуық уақыт ішінде 27,9%-ға артты. Нәтижесінде салада ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Өңірде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100%-ға, 2-6 жастағы балаларды қамту 90,2 %-ға жетті» – деді ол.

Жаңа мектеп салу, апатты мектептерді және үш ауысыммен оқытуды жою – білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесі 1 850 орынға арналған қосымша ғимарат салу арқылы шешімін тапты. Бұдан бөлек, 1 170 орындық 4 мектеп, жыл басында 550 орындық 2 мектеп ел игілігіне табысталды. Биыл жаңадан 15 мектеп және 4 мектепке қосымша құрылыс салынып, пайдалануға беріледі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы 7 млрд. 900 млн. теңгеге дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, Шиелі ауданында 988 млн. теңгеге 100 орындық және Жаңақорған ауданында жергілікті бюджет есебінен 926 млн. теңгеге 150 орындық мектеп салынуда. Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апатты мектептің, Ақшатау ауылындағы бастауыш мектептің жаңа ғимараты жеке инвесторлардың демеушілігімен бой көтеруде. Бұдан бөлек, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры арқылы Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы мектептерге 375 орындық, жергілікті бюджет есебінен Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында қосымша құрылыстар жүргізілуде», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада ҚР Парламенті Сенатының депу­таты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, Қызылорда облыстық мәслихатының депута­ты, «Әкелер Одағы» РҚБ Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысы Іскендер Ержан сөз сөйледі.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Сыр өңірінің әлеуеті зор екеніне тоқталып, білім саласы қызметкерлерін ауызбіршілікпен жұмыс істеуге шақырды.

– Қай заманда да ұстаздар, ағартушылар өзінің зиялы сөзімен, білімімен, жүріс-тұрысымен көпке үлгі болып, қоғамды ағартқан. Елді бірлікке, жақсылыққа, ізгілікке бастаған. Ұстаздар қауымына үлкен міндет жүктелген. Сіздер адал қызмет етіп, ұрпаққа білім беріп, Қызылорда облысының идеологиялық жұмыстарына көмектесулеріңіз керек. Саладағы біраз мәселелер анықталып, талқыланды. Енді біз ойлануымыз керек. Өйткені, білім саласы ол – мемлекеттің қауіпсіздік саласы. Алдағы уақытта Қызылорда өңірі білім саласында биік белестерден көрініп, рухани орталық екенін дәлелдей түседі деп сенемін, – деді ол.

Сонымен қатар депутаттар талқыланған мәселелердің өзектілігіне назар аудара оты­рып, Мемлекет басшысының алға қойған мін­деттерін шешуге көмектесетін білім беруді трансформациялау қажеттілігін атап өтті. Отыр­ыста айтылған ұсыныстарды ескере отырып, комитет уәкілетті органдарға тиісті ұсыныстарды әзірлейтінін тілге тек етті.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, тәжірибелерін бөлісті.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде оқу орындарының, балалар ұйымдарының жұмысымен танысады.

Әсел РЗАЕВА
30 сәуір 2024 ж. 486 0