Апаттан сақтау – ар ісі
Еліміздің мұнайлы өлкесінің Атырау атырабын көктемгі қарғын су басу қаупі сейіле қойған жоқ. Егер сең еселенетін болса, онда ел экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізетіні анық. Себебі, мемлекет табысының төрттен үш бөлігін қамтыған алпауыт кәсіпорындардың бір күндік шығынының өзі әлеуметтік жағдайды тұралатуы мүмкін. Әрине бірінші кезекте адам шығыны болмауы басты міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жайық өзенінің арнасының көтерілуіне байланысты бірнеше облыста төтенше жағдай жариялады. Әрі көктемгі қарғын суға ел болып бірге қарсы іс-әрекетке көшудің маңыздылығын айтып, халыққа үндеу жасаған еді. Бұл бағытта Сыр елі, оның ішінде жаңақорғандық жұртшылық та бейқам емес.
ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, МҰНАЙШЫ ҚАУЫМ?
Тасқын судың зардабымен күресіп келе жатқан өңірлердің ахуалы әлі де тұрақталар емес. Жем өзенінің тасқыны Құлсарыны әп-сәтте басып қалса, Жайық өзенінің су деңгейінің көтерілуі одан екі есе жылдамдықпен бойлап барады. Сәуір айының алғашқы аптасынан бері мұнайлы қаланы қорғауға жергілікті халық уақыт санаспай қол көмек беруде. Қала ішіндегі тұрғындар эвукуацияланып, өзен жағасында күндіз-түні әскерилер мен ерікті жастар қолдан қорған салуға кірісті. Бұл көріністен аз-кем ақпарттар әлеуметтік желіде таралып, көпшіліктің алаңдаушылығын туғызуда. Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисенбиев өзінің жеке парақшасында қазіргі жағдайды баяндады.
Айта өтейік, Жайық өзеніне су Ресейдің Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан рекордттық мөлшерде су жіберілуде. Су Батыс Қазақстан өңірі арқылы Атырау облысындағы Индер, Махамбет аудандарының аумағымен ағып келеді. Сондықтан осы аумақта қауіп-қатер жоғары. Ресми мәліметке зер салсақ, қазір Индер ауданында өзен жағалауын бекіту жұмыстарына 54 арнайы техника, 408 қызметкер жұмылдырылған. Ауданда Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті аумақтарға жалпы ұзындығы 10 километр бөгет соғылды. Бұл жұмыстарға 37 950 дана қап пайдаланылды. Ал Махамбет ауданындағы елді мекендерді тасқын судан қорғайтын бөгеттің жалпы ұзындығы – 80 шақырым. Жайық өзені бойындағы 17 елді мекенде 9 қорғаныс бөгеті осал. Олар Талдыкөл, Бейбарыс, Алға, Махамбет, Сарытоғай, Ескі Сарайшық, Еңбекшіл, Есбол және Ортақшыл ауылдары тұсында орналасқан.
Атырау қаласында Жайық жағалауындағы жұмыстарды 5 мыңнан астам адам атқарып жатыр. Оның ішінде әкімдіктің, Қорғаныс министрілігінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар, Полиция департаменттерінің өкілдері жұмылдырылған. Бұл іске 4 мыңға жуық еріктілер тобы үлес қосуда. Алайда бұл қаланы толықтай аман алып қалуға жеткіліксіз. Дәрменсіздікке тап келген мұнайлы өңірге елдің қол көмегі мен техника ауадай қажет.
ЖАҢАҚОРҒАННАН ЖЕТІ КӨЛІК
Ел жаңалығынан құлағдар болған жергілікті әкімдік техникалық күші бар кәсіп иелерімен келіссөз жасап, төтенше жағдай қамытын киген өңірлерге гуманитарлық көмек пен қажетті техникалық көліктерді жөнелтіп келеді. Бір аптаның ішінде 30-дан аса көлік жөнетілсе, Атырау қаласын қорғауға алғашқы күннен-ақ 7 көлікпен 9 жүргізушіні аттандырды. Жұмада жақсы амалға жылулық танытқан жергілікті өнеркәсіп иелері мен шағын кәсіпкерлер тілегі бір арнаға тоғысты.
Президент пәрменімен біздің өңірден Батыс Қазақстан облысына 106 техника, 135 құтқарушы топ жасағы аттанған. Оның 7 техникасы мен 9 көлік жүргізушісі біздің – жаңақорғандық. Апатты ауыздықтауға аттанған азаматтарды шығарып саларда ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Нәметов ақ батасын беріп, ақ жол тіледі.
Апатты жағдайдағы өңірге әртарапты көмек ұйымдастыру күнделікті жұмысына айналған аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридиновтің пікірін білген едік.
– «Ел басына күн туса етігімен күн кешкен» заманға тап келдік. Сындарлы сағатта мойымай қауіп-қатермен бетпе-бет тұрып, ұлттық рух пен мызғымас бірліктің көрініс тау бар сәтте нағыз елженды тұлғалар өз ниетін білдіріп, көмек қолдауын аянып қалмай, қолындағы барын беріп, апатты ауыздықтауға азаматтық ықыласын білдіруде. Әр апта сайын қорғаныс бекет жасауға қажетті техника мен мамандар Атырауға аттануда, – деп бастады сөзін.
Осы бастаманы алғаш болып қолдаған «Шалқия ЦИНК» ЛТД корпорациясы ұжымы техника мен бірнеше маманын ұсынды. Айту керек, лег-легімен аттанатын еріктілер 15-30 күнге дейін апат ошағында болып, ел қауіпсіздігі үшін еңбек етеді. Олардың логистикасы, тамағы, жатын орындары, тұрмыстық қажеттілігін облыс әкімдігі ұйымдастыруда. Жергілікті кәсіпкер, «Орда-Строй-Март» ЖСШ-нің директоры Марлен Ысқақов та елдік мәселеге өз үлесін қосты.
– Атырауға қаншалықты қауіп төніп тұрғанын көзі ашық, көкірегі ояу азамат өзінше пайымдайды. Осындай қауіпті шақта әр қазақстандық қолынан келгенінше қолдау беруге ниеттенуде. Біз де осы саптан табылайық, елге бір пайдамыз тисе екен деген оймен көлік пен көлік жүргізушілеріне ақжолтай тілеп тұрған жайымыз бар, – деді кәсіпкер.
Рас, шағын кәсіпкерлердің жомарттылығына сүйсінесің, елге болсын деген ақ тілегіне жұбанасың. Алпауыт зауыт иесі болмаса да, күнделікті жұмысына жаратып жүрген көлікті жүргізушісіменен ұсыну барып тұрған патриоттық емей немене? Үкімет қаржыландырып тұрған кәсіптен көлік жөнелту өз алдына, жеке қаржысымен ісін дөңгелеткендер бір ай бойы жұмысы тұралайтынын білсе де, ел игілігі үшін батыл қадамға бастады. Ондағысы, жеке бас пайдасынан елдің амандығын алдыңғы орынға қоюы емес пе?! Міне, біздің жомарт жүректі жастар Марленнің мәрттігінен үлгі алады деген сенімдіміз. Себебі, ел жүрегіне айналған мұнайлы өлкенің тағдыры таразыда тұр...
Мақпал МАРҚАБАЙ