Жақсы ниет Жарқын істерге бастайды
Халықтың өмір сүру сапасының жақсаруы жайлы тұрмыс, жоғары көңіл-күймен ғана шектелмейді. Көңіліндегі арман-тілегі жүзеге асқан көпшіліктің билікке деген сенімі де бекемделіп, берекелі ертеңге бір тілекпен қадам басқан жарқын ниетке жол ашылады. 2023 жыл жаңақорғандықтарға жасампаздықтың осындай мінберін меншіктеткен жыл болды. Бағаналы елдегі баянды істердің баршасының басы-қасында жүйелі жоспар түзіп, аз уақытта толайым жетістіктерге жол ашқан ауданымыздың басшысы Мұрат Жолкелдіұлымен жылжабар күн табалдырығында жаймашуақ сұхбаттасудың сәті түсті. Өйткені атамекеннің абырой биігінен көрінуі ортақ қуаныш, ортақ жеңіс.
Алғашқы сауалымыз өңіріміздегі өркенді істерді тиімді іске асырудың тетіктері төңірегінде өрбіді.
– Ауданның даму динамикасындағы оң серпілістерді немен байланыстыруға болады? Инвестиция игілігі жөнінде не айтасыз?
– Өткен жылға өкпеміз жоқ. 2023 жыл ауданымыз үшін табысты, берекелі де несібелі жыл болды. Қос тойымыз қабат келіп, Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл және Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік. Осы мереке аясында 95 түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар аталып өтті. Мерейлі күндер аясында еліміздің өсіп-өркендеуіне үлестерін қосқан туған жердің азаматтары Исатай Әбдікәрімовтің және Әнуар Әбутәліповтің 100 жылдығын, Манап Көкеновтің 95 жылдығын, Бердібек Сапарбаевтың 70 жылдығын, Әмір Мәжитовтің 85 жылдығын, Бексұлтан Байкенжеевтің 70 жылдығын, Зинабдин Шермағамбетовтің 80 жасқа толған мерейтойларына орай танымдық рухани шаралар өткіздік. Мерейлі мерекеге Жаңақорған жұртшылығы да барлық салалар бойынша лайықты тартуларымен келді деп айтуымызға әбден болады.
Ауданда жалпы құны 38 млрд теңгені құрайтын 10 ірі жоба жүзеге асырылды. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында мол жетістіктерді иелендік. «Алтын дән» дала еңбеккерлерінің қорытынды шарасында Жаңақорған ауданы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп «Үздік аудан» атанды. Ал Жаңақорған кенті «Үлгілі аудан орталығы» номинациясын иеленді. 2023 жылдың 11 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 50 млрд 376 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдағыдан 118 пайызға артық. Салықтық түсімдер 108,3 пайызға артық орындалып, бюджеттің шығыстары 100 пайызға орындалды. Ауданның тек егін және мал шаруашылығы ғана емес өнеркәсіпті өңір ретінде әлеуеті басым. Бірнеше өндіріс орындары тұрақты жұмыс істеп тұр. Инфрақұрылым мәселесі де рет-ретімен шешімін тауып келеді.
Биыл 122 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, өңдеу көлемі 80 млрд 154 млн теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 32 млрд теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 10 млрд 56 млн теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 127,6 пайызға орындалды. Салынған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 56 109 шаршы метр болып, өткен жылмен салыстырғанда 105 пайызға артты. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъктілерінің саны 7205-і құраса, тиісінше өсім 119,0 пайызды құрады. Кәсібін бастаймын деген азаматтардың 493 жобасына 5 млрд 16 млн теңгенің қолдау қаражаты берілді. Жалпы, барлық макро экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткіздік. Газдандыру мәселесіне тоқталар болсақ, аймақ басшысының қолдауымен биыл Ақүйік, Қыраш, Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейден елдімекендері газға қосылды. Келесі жылы тағы бес елді мекен газға қосылатын болады. Жайылма, Өзгент ауылында 150 орындық жаңа клуб үйі ел игілігіне табысталды. «Ауылдық жерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде 27 нысан салынатын болды. Жаңақорған ауданында Қаратөбе ауылында бұрынғы тозығы жеткен медициналық бекеттің орнына жаңа дәрігерлік амбулатория қызметін бастады.
Мәдениет және спорт саласында да жаңалықтарымыз аз емес. Ақжол ауылынан жаңа спорт кешені есігін айқара ашса, Қожакент ауылдық округінде жеке кәсіпкер Изатулла Үсеновтың демеушілігімен екінші спорт кешені пайдалануға берілді. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автомагистралы жолынан кәсіпкер-меценат Бақдәулет Мақашев 150 орындық «Жан-Арай» шипажайын пайдалануға берді. Тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуде өңірімізде атқарылған жұмыстар арқасында 3 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлады. Жаңақорған кентінде МАИ бекетінен 50 отбасына жаңа үйдің кілті табыс етілді. Алдағы жылы 100 үй пайдалануға беріледі деп отырмыз. Биылғы жылы 10 ауылдың аркасы заманға сай түрленіп, қайта бой көтерді.
– Жарықтандыру бойынша да арыз-шағым тиылды. Әсіресе шалғай ауылдар жарықтың азабын көп тартып келгені рас. Жобаны бір деңгейде үйлестіру үшін техникалықсметалық құжаттарын күні бұрын әзірлеп, сақадай-сай етуде тағы да демеуші азаматтардың көмегі кәдеге асты. Осы бастамаларды оңтайлы іске асыра алған аймақ басшысы мен өзіңіздің іскерлік әлеуетіңізге көпшілік шын разылығын желі арқылы да білдіріп жатыр. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Жарықтандыру бойынша биыл 1,6 млрд теңге бөлініп, 9 елді мекеннің тозығы жеткен электр жүйелері жаңартылды. 2023 жылға Жаңақорған кентінің өзіне аудандық бюджеттен 243000,0 теңге бөлінді. Жалпы, 21 ауылдың жарықтандыру желісін жаңартуды мақсат етіп отырмыз. Кеңестік кезеңде қазығы қадалған электр жүйелері ауыстырылып, биыл 9 ауылда жарықтандыру бойынша түйткілді мәселелер шешімін тапты, келесі жылы 10 ауылға осы тектес жұмыстар жүргізіледі. Осы жобалар жүзеге асқанда ауданда электр желілік жүйесінің тозуы шамамен 51 пайызға, авариялық жағдайлар 42 пайызға төмендеуі мүмкін.
– Облыста биылдан бастау алған «Үлгілі елді мекен» конкурсы аудандар үшін сәтті жоба болды. Облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, 12 жеңімпаз анықталды. Соның ішінде біздің ауданнан «Жаманбай батыр» ауылының аты озық шықты. Сол сияқты Жаңақорған кентінің «Үлгілі аудан орталығы» атануы өзіңіз ауданға басшылыққа келгелі бюджет қаражатынан бөлек туған жердің көктеп-көркеюіне мүдделі азаматтарды ынтымақты тірлікке ынталандыра білгендігіңіздің нәтижесі деп түсінеміз. Бұл керемет жетістіктерге аудан тұрғындары ғана емес кеше тойға жиналған қадірлі меймандарымыз, жерлестеріміз де куә болып, шын ықыласты тілектерімен бөлісті. Іс тетігі – ұйымдастыруға байланысты ғой. Осы бағытта нені басшылыққа алдыңыз?
– Мақсат бір арнаға тоғысқанда мазмұнды даму болады. Аймақ басшысының тікелей қамқорлығымен қоса туған жерді түлетуге мүдделі азаматтардың көмек-қолдауы көп істің түйіні тарқатылуына дем берді. Мұнымен қоса аудандағы әрбір саланың тізгінін ұстаған азаматтарымыздың уақытпен санаспай, бір қолдың саласындай жұмыла атқарған ісқимылының арқасында халықтың алғысын алып, сенімінен шыға білдік. Мойынға алған міндетті абыройлы іске асыруда жанымнан табылып, терең жауапкершілікпен жұмыс атқарған әріптестеріме мен де өз тарапымнан шынайы алғысымды білдіргім келеді.
– Алдағы жылы Жаңақорған халқын қандай жаңалықтармен қуантасыз?
– Биыл Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 және 300 орындық 2 мектептің құрылысы жүріп жатқанын айттық. Сол сияқты Байкенже елді мекенінен 150 орындық мектептің құрылысы басталды. Келер жылы Төменарық ауылынан жаңа дәрігерлік амбулатория мен 15 төсекке арналған ауылдық аурухана, кент орталығынан 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі», азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталығы салынады. Сондай-ақ, көп бейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Онда тірек-қимыл қозғалысы кемшін және денсаулығында кінәраты бар 3-тен 18 жасқа дейінгі науқастарға ем-шара көрсетудің кешенді базасымен жабдықталған стационар жұмыс жасайтын болады. Сонымен бірге, жоба құны 1,6 млрд теңгеге Екпінді, Көктөбе, Кеңес ауылдарынан жаңа клуб үйлері мен 2,7 млрд теңгеге Шалқия, Өзгент, Бесарық елді мекендерінен 3 спорт кешеннің құрылысын салу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы 2021 жылғы халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке алдағы бес жылда халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Ауданда ауыз сумен қамтуға байланысты жалпы құны 2,6 млрд теңге болатын 6 жоба жүзеге асырылуда. Жоба жүзеге асқан жағдайда аудан халқы толық, тәулік бойы ауыз сумен қамтылатын болады. Халықтың өмір сапасын жақсартуда жол мәселесі өзекті. Бұл бағытта 1,1 млрд теңгеге аудан аумағындағы 38 автомобиль жолдары жөндеуден өтті.
– Жаңақорған жастары биыл мәдениет және спорт саласында жүлделі орындармен қуантты. Бұл да туған жердің торқалы тойына толымды тарту болғандай. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Биыл аудан спортшылары әлемдік ареналарда жоғары табыстарға қол жеткізіп, Тәуелсіз еліміздің мәртебесін асқақтатты. Жыл басынан бері Әлем, Азия, ҚР чемпионаттарында 80 жеңімпаздың есімі елге танылып, 32 үздік орынды біздің спортшылар еншіледі. Білім саласына келсек, биылғы оқу жылында аудан оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық, олимпиадалар, түрлі байқаулар мен сайыстарда 300-ге жуық жүлделі орындарды олжалады.
– Соңғы кездері су тапшылығына орай егісті әртараптандыру талаптары қойылып отыр. Неше жылдан сырмінез дағдылы кәсібінен қол үзу көпке оңай тимесі де анық. Бұл бағытта жергілікті ғалымдардың кеңесі не дейді?
- Дүниежүзілік тәжірибеде егіске суды үнемдеп пайдалануда тамшылатып суғару әдісі сынды технологияның түрлерін қолдануға лайықты дақылдарды жерсіндіруді уақыттың өзі міндет етіп қойып отыр. Биыл аудан еңбеккерлері судың тапшылығына қарамастан күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім алды. Агроөндірістік сала бойынша алдыңғы орыннан көрініп, «Үздік аудан» аталымын иелендік. Осының барлығы қаншама қиындықтарды қажырлы еңбегімен еңсере білген ел еңбеккерлерінің ала жаздай төккен маңдай терінің өтеуі дегім келеді.
– Осы жерде жарты жыл бұрын ауыл халқымен бір кездесуіңізде «Жаңақорған халқы жаратылысынан еңбекқор» деп баға бергеніңіз есімізге түсіп отыр. Бұл жаңақорғандықтарға салыстырмалы түрде берілген баға ма, әлде шынайы бір оқиғадан түйген ойыңыз ба?
– Тіршіліктің жаны – ауылда. Қанша жерден өндірісің өркендеп, цивилизациясы сеңдей соғылысқан мегаполисте тұрып жат, өзегіңе нәр, өміріңе сән берер ризық-несібеңді дайындап беріп отырған сол даланың адамдары. Сондықтан Құдай соларды бойындағы қуаттан, жүрегіндегі адал кәсібіне деген махаббатынан айырмасын. Қолында бір техникасы жоқ болса да кетпенін сайлап, қара жерден ырыс-несібесін айырып күнелткен ата- баба мұрасын аманаттап алған адал ұрпақ дәстүрден жаңылмай, киелі кәсіпті қадірлей білуінің өзі тектілік. Заманға сай жетіліп, тәжірибе байытып, ғылыми технологияларға ден қою әрине әлеуетті агроөнеркәсіпке дем береді. Сондықтан аудан келешегі бұдан да кемел боларына үміттенуге болады. Жаңақорғанның халқының ерекше еңбекқорлығына тағы бір көзімнің жеткені, қай ауылға, қай шаруашылыққа бармайын кілкіндей балаларға дейін әкесі мен ағаларынан қалыспай қамыс баулап,
шөп тиеп, атқа мініп, мал бағып, қора күзетуден қалыс қалып жатқан жоқ. Өйткені бұл елге табиғаттың өзі осындай мүмкіндік беріп қойған. Жігерін жанып, барын салып адал терін төккен жандардың егін шаруашылығын да, мал шаруашылығын да, шағын және орта кәсіпкерлікті де дөңгелентіп отырғанын көріп отырмыз. Ауа-райы сайлы, жері жайлы, қойнауы құт мекенде жайқалтып егін еккен диқан да, төрт-түлікті түлеткен фермер де несібесінен қағылып жатқан жоқ. Жаңақорған халқының басқа аудандардан ерекшелігі, осынау қарапайым еңбектің құдіретін ең алдымен өзінің перзенттерінің бойына сіңіріп, болмысына бекіте алуы, тәрбиенің ұлысы осында деп ойлаймын. «Әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дегендей, атакәсібін жалғаған жас кәсіпкерлер санының артып келе жатқаны да қуантады. Жері бай ел ешқашанда еңісте қалмайды. Ауылдық жерлердің өзінде күн сайын өзгеріс болып, көшелердің көріктене түсуі, жаңа үйлердің қатарының көбейіп келе жатуы желкілдеп қатар түзеген ойлы жастарымыздың өсіп-жетіліп, туған жердің кетігіне кірпіш болып қалануға құштар мұратының шынайы көрінісі болса керек.
– Газет оқырмандарына айтар тілегіңіз?
– Жаңа жыл әрбіріңіздің отбасыңызға тек құт-берекесін алып келсін. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болып, жақсы күндерді бірге қарсы ала берейік. Өмірде алда қойған мақсат-мұраттарыңыздың орындалуын нәсіп етсін! Әр отбасына қуаныш пен бақыт тілеймін!
– Сұхбатыңызға рахмет