№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Айқожа ишан мешіті ашылды

Айқожа ишан мешіті ашылды



Жаңақорған топырағында дүниеге келген, бірақ өзінің терең діни білімімен, әулиелілігімен Орта Азияда хақ исламның өрістеуіне сүбелі үлесін қосқан танымал тұлға Айқожа Темірұлының өмірге келгеніне 250 жыл толады. Осы даталы мереке қарсаңында Жаңақорған кентінде Айқожа ишанның атында мешіт ашылды. Мешітті салған бабаның тікелей ұрпақтарының бірі – Талғат Әзімханұлы. Жексенбі күні Жаңақорған халқы кент орталығында екінші жаңа құлшылық үйі – «Ықылас» мешітінің де ашылу салтанатының куәсі болды. Жаңақорған топырағының перзенті Нұрсұлтан Бейбітжанұлы бастандырған бұл Алла үйінің толықтай бітуіне бүкіл «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық бірлестігі жігіттері қолқабыс көмегін аямағанын білдік.
Белгілі тұлғалар атында мешіт ашу бір бөлек, олардың кім екендігі, тұлғалық болмысы жөнінде ұрпаққа нақты деректемелер ұсыну жан-жақты ғылыми зерделенген мәіметтер жиынтығынсыз мүмкін емес. Осы мәселені алдымен күн тәртібіне қойған Талғат Әзімханұлы алдын-ала жоспар түзіп, жаңа мешітті ашудың алдында баба жөнінде халықаралық деңгейде ғылыми-танымдық конференция өткізуді ұйғарған екен. Сонымен, атаулы күні Айқожа ишанның 250 жылдығына орай «Айқожа ишан және Сыр бойындағы тасаввуф иелерінің функционалдық қызметтері мен қилы тағдыры» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға алыс-жақын мемлекеттерден 140-қа жуық ғалымдар шақырылды. Арнайы баяндама жасаушылар Қазақстандағы сопылық жол, Тасаввуф иелерінің мұрасы, өткен ғасырдағы діни мектептер туралы, сондай-ақ Сыр өңіріндегі дін-исламның қалыптасуындағы Айқожа ишан мен замандастарының миссиясы мен ролі жөнінде таразылады. Басқосуда кешегі кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргінге түскен дін ағартушыларының көрші мемлекеттерге ауа көшуі, қайта оралуы, әулеттерде сақталған рухани және мәдени жәдігерлер, ишандардың кереметтері мен ем жасау тылсым тәжірибелері жөнінде ойлар бөлісілді.
Алдымен Самарханд қаласындағы Имам Бухари атындағы халықаралық ғылыми-зерттеу институтының доценті Михрожиддин Амоновтың «Орта Азиядағы Шақшбандия-Мужаддидия тариқаты» деп аталатын кітабының тұсауы кесілді. Ол өзінің зерттеу еңбектерінде Айқожа бабамыздың өмір жолын көп зерттеп жүрген ғалым ретінде бабаның мінез-құлық өнегелерін терең қамтып әңгімелеп берді. Ғалымның ғибратты әңгімесінен түйгеніміз, терең білімді ғұлама деңгейіне жеткен тұлға Алланы жете тануымен оған құлшылықты арттыра түседі, бірақ Аллаға құлшылық дегеніміз – күндіз-түні тек мінажатпен отыру дегенді емес, еңбектенуді бірінші орынға қояды екен. «Әркім баласына адал ас жегізу жолында несібесі мен берекеті үшін маңдай терін төгіп, кәсіп қылуы керек. Қолы – кәсібінде, Алласы – жүрегінде.
Міне, шынайы мүмін осындай болуы керек. Айқожа ишан осындай адам болған» деді ол. Ұстаздықты емес, еңбекті бірінші орынға қойды. Дін ғылымының шыңына жетуі үшін нешеме тауқыметтерді кешіп, аш та, жалаңаш та болды. Керуенге ілесіп, Бұқараға барып, әркімде жалшылықта жүрсе де жігері шағылмай, білімнің қайнарына бас қойды. Оған шайх ислам деген ғылыми дәреже берілді.
Осы жұмыстарды ұйымдастырушылардың бірі, осы күні тұсауы кесілген «Айқожа ишан: «Әулеттің асыл мұрасы» кітабының авторы Айгүл Уайсова былай дейді: – Қазақ жеріндегі дін ағартушыларын, ислам аша келген бабтардың ұрпақтарының мұрасын зерттеуде біржақтылық көзқарас басым. Зерттеушілердің дені оның ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерден аса алмай, оның әулиелігі ғана алдымен ауызға алынады. Әрі кетсе олардың мұрасы зиярат нысаны ретінде шектеліп қалады. Ал кез келген әулиенің артында ілім бары, ол ілім қандай діни дәрежеде, олар өзі сүрген ортаның әлеуметтік-саяси қажеттілігіне қатысы қалай болды деген сұрақтарға бара бермейміз. Бұл біздің діни тұлғалардың өмірі мен қызметін, тәжірибесін қазақ қоғамындағы орнын нақтылауда кедергі болып тұр. Өкінішімізге қарай, әулие-қожалардың, сопыишандардың мешіттерінің көбі сақталмаған деуге болады. Олардың ұрпақтарының қолында да бірлі-жарым жәдігерлерінен басқа айтарлықтай құжаттар да жоқ. Сондықтан да олардың дерегін жоққа сайып, архив ақтаратындар аз болып тұр. Мұндай жағдайлармен салыстырғанда, Айқожа ишан Темірұлының өмір жолының іздері сайрап жатыр десе болғандай.
Биыл 250 жылдығын атап өткелі отырған Айқожа ишан Темірұлы туралы орыс зерттеушілерінің жазбаларында кездеседі. И.И.Гейердің 1891 жылы шыққан Сырдария облыстық статисткалық комитеттің жинағында Айқожа ишанға және оның әулетіне қатысты сирек мәліметтерге қарағанда оның үлкен тұлғалар қатарында болғаны дау туғызбаса керек. Айқожа ишан 1773 жылы қазіргі Жаңақорған өңірінде дүниеге келген. Жасынан бастауыш діни білім алып, Өзбекстандағы медресені бітіргеннен кейін 20 жасында Ауғанстанның Каррух қаласындағы Мухаммед Ислам шейхтың құзіретінде 7-10 жыл қызмет етеді. Діни кемеліне келген Айқожа ишан Гератқа барып, иршад (шатырхат) алады. ХІХ ғасырдың басында Ауғанстанның Герат қаласы маңындағы Каррухтан Жаңақорған өңіріне оралып, өмірінің соңына дейін халқына қызмет етіп, 1857 жылы дүниеден өтеді. Бұл мәліметтерді түптеп зерттегенде, қолымыздағы иршад (шатырхатты) тәржімалай келе көп нәрсеге көзімізді жеткізіп, ишандық жолдың бір қырын түсінгендей болдық. Осы шатырхат арқылы: «Ишан Айқожа, біздегі ілім иелерінен өзінің ықыластылығымен тариқат жолында ілгері ілім алып, ілімі Нақшбандия, яғни асхабтардың жолынан және бұл жолдағы амалымен біздерге лайықты болғанын көрсеткені үшін ижазат яғни дипломын Ислам Шайх ұстазынан алып және бұл құжатты алуға мұстахақ, яғни құқылы екенін ағайын-туыстарынан ынталандыру болып, оған түсіндіріп және қадалаған» делінген.
Тағы Айқожа ишанның мөрі басылып аты аталған, ишанға қатысты үш құжат табылды. Бұл құжаттарды ұрпақтары Мардан Бәйділдаевтың жеке қорынан тапқан екен. Құжаттардың бірінде ишанның Жаңақорған өңіріне қазы болып тағайындалғаны, өзінің әділдігімен елдің құрметіне бөленгені, жұртты ұйымдастырып, оларды басқару қабілеті жоғары болғандығы айтылған. Қалған екі құжат та ел басқару ісіндегі жағдайларды әділ шешіп, өз мөрімен куәландырады, – деген ол баяндаманы былай жалғады:
– Біздің қолымыздағы 1816 жылғы құжат бойынша «Әбул Музаффар және Әл Мансүр Әмир муслимин Мұхаммад Умар Бахадурхан үкімінен Жаңақорған тұрғындарына білдіреміз. Мейірімділік және жақсы ниетіне байланысты молда Айқожаны Ша Уалиханның мақтап және илтипат етіп, мейірімділігі­мен ақылды және басқару қабілеттілігіне сай бұл шарапатты қызметті халыққа болған әділетті көзқарасымен, бұл кісіні өздеріне қазы ретінде тағайындағанымызды біліп, сіздерге сенімді әрі қамқор бір басшы екенін біліп, осы жазылғандарды дәл дұрыс түсініп, сақтықпен әрекет етулеріңізді сұраймын және маңызды екенін біліңіздер». Ассалаумалейкум. 1231. Бабаның ақырғы мекені болған Ақтаста кесенесін үлкен ұлы Ибадулла тұрғызса, оның баласы Ата мағзұм Мешіт салады. Мешіт бірнеше жылдай патша шешімін күтіп құрылыс тұрып қалады. Бағымызға орай, жартылай салынған, күмбезі бітпеген мешіттің ескі суреті де табылды. Бүгінде Ақтас мешіті еліміздегі сәулетті тарихи ескерткіштер қатарында, айналасы абаттандырылып, ұрпақтарының күтімінде. Ишанның немерелері, шөберелері яғни төртінші буын ұрпағына дейін мағзұмишандардың дерегі біршама зерттелді. Көбісі, 1920 жылдары басталған зұлмат кезінде атылып кетті. Кейбірі ауа көшіп жан сақтаса да кейіндері елге оралып, ғұмыр кешті. Бұл ұрпақтардың ішінде тариқаттан хабары барлар жоқтың қасы. Көбісі кеңес заманында білім алып, түрлі лауазымда қызмет атқарды. Алайда соңғы отыз жылдың ширегінде ел тәуелсіздігін алғаннан кейін, дінге еркіндік берілген кезде алты ата қоңырат өз пірлерін іздей бастады. Бұл жылдары ишан әулетінен отыздан астам дін қызметкерлері шығып, ескі жолмен рубасылары өздерінің пірлерін қайтадан имамдыққа алды. Бұл дәстүрдің игі әсері болды. Өйткені қоғам рухани дағдарысқа ұшырап, ұлттық құндылықтар шегініп, елде салафиттік идеялар орын алғанда осы өңірде пірлік жолынан танбай, бөтен ағымға ергендер мүлдем болмаған. Бұдан шығатын қорытынды, еліміздің рухани мәдениеті тұрғысында, дін жолында дәстүрлі дін өкілдерінің жолын зерттеп, оны жаңа замандағы қолданысы мәселерін қайта қарау керек. Бұл жол ойдан шығарылып, белгілі бір әулеттің қолайына қарай пайда болмаған. Мұның астарында халықты басқару үрдісі де рухани кілті кімнің қолында болғанын дәлелдейді. Әрі бұл жолда ірі тұлғалардың ізі өшпегені көңілге үміт береді, – деді ол.
Конференцияға философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай модераторлық етті. Конференциядан соң мешіттің ашылу рәсімі өтті. Мешіттің ашылу рәсіміне арнайы келген ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» бас имамы Әбу Болатбек Ұласқанұлы сөз алып: – Қадірлі жамағат. Ардақты ағайын. Бүгінгі ашылып жатқан Айқожа бабамыздың атындағы мешіт және құран жаттау орталығы – медресемізді Алла құтты берекелі етсін. Таңмен таласып бала-шаға отбасымызға шарапаты тисін деген ниетпен келіп тұрған ағайын, Алла дұғаларыңызды қабыл етсін! – дей келе, бұл мешіт Жаңақорған өңірінде ашылып жатқан жетінші мешіт, жалпы Сыр елінде 185 мешіт бар, басқа аудандарда бір-екіден, ал Жаңақорғанда жеті мешіт бар екенін де айтып өтті. «Бұл аудан халқының ауызбіршілігінің, ынтымағының, дінге деген ықылас-ниеттерінің көрінісі деп білеміз» деді ол. Мешітті салып жатқан Талғат Әзімханұлына көп алдында ризашылығын жеткізді. Одан әрі аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлы сөз алды:
– Тарих беттеріне көз жүгіртсек, Айқожа ишан өмірінің соңына дейін халықты діниағарту ісімен айналысқан тұлға. Дін мен имандылық ұрпағының жүрегінен де берік орын алғанының көрінісіне куә болып отырмыз. Мешіт – барша мұсылмандар үшін ғибадат үйі. Жастардың рухани қажеттілігін өтейтін, иманға тәрбиелейтін, тура жолды көрсететін орталық. Мешіт жанында 500 адамға арналған асхана, 600 адамға арналған медресе соғылды. Ел халқының имани тұрғыда өркендеуі мен жаңғыруында рухани орталықтардың орны бөлек, – дей келе, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының арнайы Құттықтауын оқып берді. «Халықта «Басқа жердің отынан туған жердің түтіні артық» деген. Жаңақорғанда дүниеге келіп, Бұқарада, Ауғанстанда тәлім алған Айқожа ишанның жақсы өмірді басқа жерден емес, туған жерден тауып, бұқараға қызмет етуі де өнеге.
Қоғамда дін мәселесі өзекті. Мемлекет басшысы «Дін мәселесі өзекті. Діни ұстаным әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы, елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген» деді. Ең бастысы, көзқарас айқын, санасы сергек, дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеуде ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосқан ғұлама ғалымның мұраларын ұрпаққа жеткізіп, насихаттау үшін қолға алып жатқан жұмыстарыңыз үшін сіздерге рахмет, – деді. Одан әрі сөз Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері, «Құрмет» ордені иегері, Жаңақорған, Сырдария, Шиелі аудандары мен Қызылорла қаласының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев пен Камалладдин Аббас ағаларға берілді. Ол: – Мен бұл ауданға 1991 жылы көктемде басшылыққа келдім. Сол кездегі аумалытөкпелі кезеңде осы әулиені қолға алдым. Скважина қазылды. Үйлер салынды. Ақтас мешіті Қазақстандағы тарихи мешіт екен, азып-тозып тұрған қалпынан жөндеуді қолға алдық. 93-жылы баба басында ас берілді, – деп өткен тарихқа тоқталса, ел ағалары Мадияр Ахметов пен Төребай Ысқақов осы деректерді тірілтті. Мешіттің лентасы қиылып, баба ұрпағы Ұзақбай Зекенов ақсақал батасын берді. Біз осы мешітті халық игілігіне беріп отырған жерлесіміз, кәсіпкер Талғат Әзімханұлымен сұхбаттасып, осындай игі іске қадам басқан сырымен бөліскен едік. Ол бізге былай деп жауап берді. – Былтыр тамыз айында інілерімізбен сөйлесіп отырып Айқожа ишаннан тараған ұрпақтары жөнінде білесіңдер ме дегенімде ешбірі де жауап бере алмады. Мен ойладым, рас, біз аталардың соңғыларының көзін көрдік, кебісін қойдық. Үлкен үй болғандықтан отымыздың басы қонақтан арылмады. Ишан-мағзұмдардың қолындағы таяғына дейін оңдап, қызмет қылып, мініп келген ат пен есегін ағашқа байлап, жемдеп-суарып, сөйтіп жүріп батасын алдық. Бізден соң олар ұмытылады. Бұл қасірет қой. Содан ең бірінші ойым, сол кісілер туралы деректі кітап шығару болды. Ол ойымыз орындалып, бүгін жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Шәкірттерге медресе соқтық. Оларға жатақхана, асхана керек, оны да салдық
– Деректерді қайдан жинадыңыздар?
– Көпшілігі Айқожа ишанның ұрпақтары үйінен табылды. Айқожа ишанды түбіне дейін зерттейік дедік. Самарханға, Бұқараға, Қоқанға, Новоиге, Қашқарияға, Ауғанстанға, Гератқа, ол кісі ең соңында шатырхат алған Карух елді мекеніне дейін бардық. Айқожа ишанның оқыған жерін, медресесін көрдік. Сол жерде отырып құран, намаз оқыдық. Айқожа ишан диірменші болған. Қосия Айқожа парсы тілінде Диірменші Айқожа дегенді білдіреді. Атамыздың диірмені дәл мешіттің кірер жерінде болған екен, 1979 жылы бұзылып кетіпті. Біз атамыз оқыған Мір-араб медресесінде болып, басшысымен сөйлестік. Гераттан ары қарай Карух елді мекен бар. Ислам шайх Карухи 1747 жылы Карухта медресе ашқан, атамыз 1790 жылы сол жерге барып 1800 жылдарға дейін он жыл білім алған. Сонымен қатар диірменші болды. «Бір қолың кәсіпте, жүрегің Аллада болсын» деген баба қағидасы содан қалған екен. Қазір бабадан тарайтын 712 үй бар. 16 елді мекенде имамдар осы бабаның ұрпақтары. Конференцияға біздің бабамыздың ұстазы Ислам шайхтың ұрпақтарынан да келіп отыр. Ауғанстаннан 2 кісі келді. Қазір Мұзаффархан қарияның үйінде атадан қалған 40 кітап бар. Барлығы шағатай тілінде. Осыларды аударма жасап, кітап етіп шығаратын боламыз, – дейді ол. Былтыр ғалымдарды сонда алып барып, атамыз медреседе оқыған оқулықтары – оның ішінде математика, жаратылыс тану, дем салу, тағы бірнеше құнды кітаптар бар». Енді осы кітаптарды аудару ісімен айналыссақ, халық игілігіне жараған болар еді деген арманым бар, – дейді ол. Мешіттің ашылу салтанатына келгендер бабаларымыз ұстап-тұтынған бұйымдар мен көне кітаптар және қолжазбалар қойылған көрмені тамашалап, өткен күннің исін сезініп, көңілге зор ғибрат түйдік.

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ

17 қазан 2023 ж. 398 0