№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ел деп соққан жүрекпен

Ел деп соққан жүрекпен



Жетпіс бір жыл ғана өмір сүріп, соңында қалған елінің ер-тұрманын түгендеп, көш-көлігін түзеуге енапат еңбек сіңіріп үлгіру ердің ерінің қолынан келер. Біртуар тұлғалар санатында ел есінде қалар Бердібек Сапарбаевтың осы биіктен танылуына нендей себеп, нендей таяныш болды дегенге келсек, бейнеттің тұғыры бекем, ал оның шыңына шыққан нағыз ер, асылдың сынығының бірі де, бірегейі – Бекең деген даусыз ақиқат алдымыздан шығады.

Майда құмы табанын сүйіп, маңдай терімен суарылған танаптың жайқалған дәнге көмкерілгенін көру шикіөкпе өреннің өлермен еңбегінің шынайы өтеуі ғана емес, еңбек атаулының құдіретін мойындатқан даналық діңгегі де еді. Ол бүкіл өміріне осы қанатты қағиданы қазық етті.
Сөйтсек, ата-бабалар аманатқа қалдырған сайын дала бауырын пана тұтқан балапанының қанатын бекітіп, алақаны ойылып, табаны тілінсе де жігері мұқалмас мігірсіз мінезге баулып қана қоймай маңдайы кереқарыс жазмышына да да өзі жар болады екен. Егіз өрілген Бердібек пен Еңбек баяны түзген тағдыр хикметін терең түйсінгенде тапқан жаңалығымыз бұл.
Төртінші сыныпта оқып жүргенде өздері тұратын Мақтарал ауданының Алғабас ауылында колхоз жұмысына жегілген жеткіншектермен бірге мақта егу, жегенелеу, иыққа дорба асынып, ұлпасын теріп, шитін тазалау бейнеті өз алдына, өңшең сарыүрпек балапандар қас қарайғанда есек жеккен арбамен ауылға өлең айтып қайтатын кез өміріне өзінше бір өнеге болып қалыпты. Ал ала жаз әкесінің бауыры Есенбек диқанның қауын-қарбызын Сарыағаш пен Абай базарына әкеп пұлдап, қол ұзартқан күндер сары баланың нарыққа көзін ашып, ерте есейткендей. Атамекенге көш бұруды көздеген ата-ана Жаңақорған ауданының «Ақжол» ауылына көшіп келгеннен кейін үйдің үлкендері сегізжылдықты осында тәмамдап, одан әрі өз қатарларымен «Жаңарық» ауылындағы мектепке қатынап оқуға тура келген. Кеңшарда егіс бригадирі болып істейтін әкесі Машбек пен егіншілерге ас пісіріп беретін анасы Бибіштің бел жазбайтын, мезгілмен санасуды білмейтін бейнеткеш қасиет-қалыптары, отбасында өсіп жатқан тоғыз баланы да аяғынан тік қойған шынайы тәрбие мектебінің қазығы сол еді. Үйдің үлкендері – Бердібек пен Айсараның титтейінен тірліктің көзін тауып өсуіне әке қарауындағы күріштің атыздарында тізеден су кешіп жүріп масақ орғаннан басқа тары егіп, талқан түйген тауқыметінің де бергені көп. Соның арасында уақыт тауып әкелері ұл баласын туыс-туғанның асарына көмекке жібергенінде мың кесекке дейін құйғанын мақтанып айтып келер періште пейілдің бой-басына ұялап қалғаны сондай, сол мінез, сол дағды өмірлік ұстанымына айналып, кейін басшы болып, талай саланың тізгінін ұстағанында да қарапайым халыққа шама-шарқының жеткенінше қамқор болуға ұмтылғанына, заң-зәкүн, ереже талабы көтергенінше көпке көмектесуге тырысып бағатын бағыт-бағдарынан жаңылмағанына халық өзі куә.
Көп балалы отбасында өсіп, бесікте жатқанында-ақ мейірім мен ізгіліктің уызына жарыған жанұялардың барлығына ортақ құндылық бұл. Әлі де болса аяғынан тік тұрып кете қоймаған ауыл өмірі келешектің ертеңгі егелеріне өмір-күрес екендігін сан рет мойындатып, сан рет сынға салған. Соның кішкентай бір көрінісі, дариядан өтер қалқыма көпірді мұз алып кетіп, екі жақтың қатынасы қиын сәтке тап келсе де облыста өтетін пәндер олимпиадасына жолдама алып қойған оқушы Бердібектің қолына таяқ ұстап, мұз бетімен арғы бетке жаяу өтуге тәуекел еткен көзсіз батылдығы оған өмірлік серік болып, одан соң да нелер сындарда қапыда қалдырмай, әз кеудесін қатерге шалдырмай бүгінге дейін өрттен де, серттен де аман алып келіпті.
Жас түлек 1977 жылы халық шаруашылығы институтының экономика факультетіне құжат тапсырады. Студенттік жылдарында да ата-анасына ауыртпалық түсірмеуді ойлап, күндіз оқып, түнде жұмыс атқарған тауқыметті кезеңдерді бастан кешеді.
Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтып, еңбек жолын қарапайым есепшіліктен бастаған ол кейін Қазақ ССР Қаржы министрлігінде экономист, бас экономист, 1988-1993 жылдары қаржы-жоспарлау мекемесінің жетекшісі, ҚР Білім министрінің орынбасары, 1995-1999 жылдар аралығында Қызылорда облысының әкімі, 2002-2006 жылдары ҚР Ке¬дендік бақылау комитеті төрағасы, 2007-2009 жылға дейін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, 2009-2014 жылдары Шығыс қазақстан облысының әкімі, 2015-2019 жылдары Ақтөбе облысының әкімі, 2019 жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, Үкімет басшысының орынбасары,, 2020-22 жылдары Жамбыл облысының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды.

Бердібек Машбекұлы Сыр өңіріне Қызылорда облысы өндірісі тұралаған дотациялық аймақ ретінде таратылудың алдында тұрған ауыр жағдайда әкім болып келді. Ол келген күннен бар күш-жігерін салып, аймақтың мұнайлы өлке ретінде келешегіне мол үміт артып, Қызылорда облысының арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алуға маман-ғалымдармен бірлесе отырып, талдау жасап, қорғап шықты. Арал теңізінің жағдайына дүние жүзі назарын аударып, экологиялық аймақ тұрғындарының 25 пайыздық жәрдем алуына мүмкіндік көзін ашты, оның игілігін халық күні бүгінге дейін көріп келеді. Сол жылдары атамекенге көшіп келген оралмандарға қала сыртынан жер алып, тұрғын үй үшін коттедждер салдырып, айналасына бау-бақша егіп, жылыжай орнатуына да жағдай туғызып беруі қаншама қандастарымызға қамқорлық болды. Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып барған кезінде газ бен жарыққа зәруліктің өзі қысып тұрған қиындықты еңсеруіне тура келгенін сол кез куәгерлері жақсы біледі. Солардың бірі қаламгер, қоғам қайраткері Құлбек Ергөбек өз естелігінде былай дейді: «Ол қай өңірге басшы болып барса да сол өңірдің экономикасының жебеушісі, руханиятының демеушісі бола білді. Қара жолдан қаражат табатын экономистік пен қаржыгерлікті егіз өркендетті. Ол 1999 жылы Оңтүстік қазақстан облысына басшылыққа келмегенінде Түркістанның 1500 жылдық тойы да тойланбас еді. Ол тарихи орынның күллі Түркі дүниесі үшін алтын қазына екенін түсінді. Сол бағытта қолдан келгенін жасай білді» деп жазады.

Бердібек Сапарбаев 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысына әкім болып барғанында Абайдың елінде ақынның өзіне де, қазақ тіліне де құрметтің кемшіндігі көзге ұрып тұр еді. Басшының жанына бәрінен бұрын батқаны осы болды. Осы өңірде қазақтың руханиятын, Абай рухын қайта тірілту үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ірі-ірі бастамаларды көтеруіне тура келді. Абай ескерткішін тұғырына қондырды.
Ол осы өңірде есімі танымал, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаевты арнайы іздеп барғанында үнемі билікке сын-ескертпе айтудан жалықпайтын әділ қариядан қашық жүруге тырысатын шенеуніктердің салтын бұзып мінезі шатақ қарияны әуелі өзі іздеп келген әкімге таңданысын жасырмапты. «Елдегі сіздің орныңыз бөлек. Тоқсан жасыңызға орай кітап шығарып берейік. Кітаптың атын «Айта-айта Алтайды, Бо¬шай ата қартайды» деп қояйық деген ұсынысын ақсақал ақжарыла қуана құптапты. Міне, бұл да басшының халыққа жақын болуының жарқын бір үлгісі болса керек.

«ЕҢ БІРІНШІ МІНДЕТІМ –
ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БОЛСАМ ДЕДІМ»

Үнемі туған халқының мұң-мүддесін ойлап, бағын жандыруда ат үстінен түспеген Бердібек Машбекұлының алдына қойған басты міндеті осы болыпты.
Өзіне сауал тастаған журналистің «Неден қорқасыз?» деген сауалына «Халықтың сенімінен айрылып қалудан қорқамын» деп жауап беріпті ол. Оны қажытпайтын, шаршатпайтын, үнемі шарболаттай шыңдап, күшіне күш, жігеріне жігер қосып, рухтандырып отырар алапат рух осынау перзенттік парыздан бастау алып жатса керек. Оны басқа әкім қаралардан ерекшелеп тұратын да осы қарапайымдылығы, халыққа етене жақын бола білген жанашыр қадір-қасиеті екендігін екінің бірі мойындайды.
Ол қайда жүрсе де, қандай шыңдарды бағындырса да өзі өскен ауылын, мектебін ұмытпай, әр кез арнайы келіп сәлем беруі де жаны жаз, ізгі жүректілігінің белгісі болса керек. Оның өзі оқыған Ақжол ауылы мен Жаңарық ауылындағы екі мектептің де ең алғаш компьютермен жабдықталуына көмегін беріп, екі білім ошағына да оқушыларды тасымалдауға арналған «Газель» автокөлігін алып беруі халықтың көңілін жылы шуаққа бөледі.
Осынау өмір жолында барша еңбегінің өтеуіндей болып кеудесінде жарқыраған «Құрмет» және «Парасат» ордендері», 1 дәрежелі «Барыс» ордені, «Астана» медалі, Ел Конституциясының мерейлі жылдарында алған мерекелік медальдары, 2015 жылы Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық қатынастарды ны¬ғайтуға қосқан үлесі үшін берілген «Достық» ордені оның азаматтық бейнесінің келбетін одан әрі аша түсер құндылығымен қымбат.
Осы көктем мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың 70 жасқа толуына орай Жаңақорған ауданы, Машбек ауылдық клубын¬да «Туған жердің тұғыры биік тұлғасы» деген тақырыпта жас жазба ақындардың облыстық мүшайрасы өтті. Осы бір орайлы ұйымдастырыл¬ған шараға барлық ауданнан талапкерлер қатысып, бақ сынады. Бізді таң қалдырғаны, өндірдей жас ақындардың ұлттың аяулы перзентін жан-жақты зерделеп, шын пейілді жүрек сөздерін арнауы еді. Солардың ішінде қызылордалық жас ақын Жомарт Ахметов:
«Өссін, өнсін деп өсіріп, бек балам,
Толғатқаны анық еді текті анаң.
Қарт Қаратау сілкінсе егер тастүйін,
Сізді келе жатыр ма екен деп қалам» десе, тағы бір жас дарын Бектай Ұлықбек:

«Тағдыр-күрес, сен соны ұғынған жан,
Бәрін бердің, не қалды шыбын жаннан?
Намысқа тырысыпсың әр мезетте,
Азабына салса да ғұмыр жалған.

Таза арыңа жүгініп шын ерледің,
Атағыңа мақтанып шіренбедің.
Тағдыр-тұлпар, өрінде тақым қысып,
Ақиқаттың жүгенін жібермедің.

Өмір – егіз өрілген ақ-қарадан,
Қайғы-қара, ал нұрдан бақ тараған.
Жұмбағы көп өмірдің сындарынан
Сүрінбей өте шыққан атпал аға!» деп толғанады.

Жексенбі күні Алматыдағы Абай атындағы қазақтың ұлттық опера және балет театрында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімі өтті.
Қоштасу рәсіміне ҚР Премьер министрі Әлихвн Смайылов, үкімет мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет және өнер өкілдері, облыс әкімдері, Парламент депутаттары, басқа саланың өкілдері қатысты.
Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының көңіл айту хатын оқыды. Онда қайрвткердің жарқын бейнесі, елге еткен еңбегі ұмытылмайтындығы айтылыпты.
Алатаудың баурайында қалың елі қазағы болып қаранар ұлымен мәңгілікке қоштасты. Қаралы митингте қабырғасы сөгіліп, шын егілмеген жан қалмады.
Үлкеннің де, кішінің де жүрегінен жол тапқан Алатау ағаның рухы шат, шын дүниесінде де жүзі жарық болып, Жаратушының шарапатына бөленгей!

Баян ҮСЕЙІНОВА
14 маусым 2023 ж. 167 0