Чемпионға құрмет
Жақында Өзбекстанның Қиуа қаласында гір тасын көтеруден Азия чемпионаты өтті. 40 пен 44 жастағы ардагерлердің бағы мен бабын сынаған аламанда жаңақорғандық Айтмағанбет Асанбеков рекордтық көрсеткіш көрсетіп, алтыннан алқа тақты. Чемпионды тіміржол бекетінен күтіп алып, жерлестері лайықты құрмет көрсетті.
Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков ардагер спортшыны «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында қабылдап, құттықтады.
– Кәсіби спортта қажырлы еңбек пен төккен тер нәтижесін береді. Биік жетістіктерге жетуде спортшыға төзімділік, шапшаңдық, ептілік қажет. Осындай күш-жігер Айтмағанбет Асанбековтың бойында тоғысқан. Жеңіс құтты болсын, абыройлы күндеріңіз көп болсын, – деді Ғалымжан Жарқынбекұлы.
Келесі кезекте чемпионды аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмұт Рақымжанов құттықтап, игі тілегін жеткізді.
Енді Машбек Нәлібаев ауылының тумасы Айтмағанбет Убайдуллаұлының Сары құрлықтың кіл мықты спортшылары арасында дараланған сәтіне тоқталсақ.
Спортқа, жеңіске деген ынтызарлық пен аудан атын асқақтатамын деген мақсат Айтмағанбеттің бойына күш-қуат береді. 90 келі салмақтағы білектілердің арасында атой салған жерлесіміз гір тасын көтерудің екі жаттығу бойынша өнер көрсетті. Әуелі, серпе көтеруден 24 келілік гір тасын көтеруде шыдамдылығын байқатты. Одан соң, жұлқи көтеру сатысында 24 келілік гір тасын 109 рет көтеріп, Азияның рекордын жаңартты. Озық көрсеткішпен оқ бойы озып шығып, Азияның алтынын тақты.
Ханзада ДОШАН.