Шипагер
Қаз қалпында
«Тұр... Тұр балам! Тұр деймін. Мен әжеңе бара жатырмын. – Мен де барайын. – Жо-жоқ балам. Болмайды. Мә, мына нанды үйге алып кет. Жаңа пісірдім. Әлі ыстық. Бір қап ұн алғам, оны да алып кет. Өзгентке жүретін сары автобусты білесің ғой, содан қап қойма». Осыны айтып үлгірген анам мінген пойыз Жаңақорғаннан төркіндері тұратын Екпіндіні емес, Ташкентті бетке алып жүріп кетті. Жүргенде де қос қанат біткендей бұлтқа сіңіп жоқ болды. Рельс те жоқ, шашырап шпал ғана қалды. «Мама-а-а-а» деп айқайлап оянып кеттім. Қорадағы қораз да таң атты дегендей, кукарекулетіп азанға басып жатыр екен. Ой деген шіркін жүйрік. Санам саққа кетті. Қайран анам түсіме неге енді екен? Бір ойды бір ой қуалап кете барды. Өткенде анамның орнында екіүш күн қонып жатқанда елдің шетіндегі зиратының басына соқпай кетіппін. Енді құран бағыштап бара алмағанымның себебін қу тірліктен іздеп сылтау табудың қажеті жоқ. Анам ағайынға қадірін өткізген жан екен, жарықтық. Бірде көпшілік жиында ауылдағы бір қадірлі көкемнің былай дегені есімнен кетпейді: «Осы ауылда ел сыйлайтын аналардың бірі сенің шешең – Айсағат деп айта аламын. Оны бүкіл ауыл «мама» дейтін еді. Бір оқиғаны айтып берейін. Баяғыда совхоздың тракторын айдап жүрген кезім. Екпіндете ауылға кіреберіс жердегі көпірден зу етіп өте шықпақ болдым. Ойда ештеңе жоқ, шынжыр табан тракторды бұра берген кезде «ө-ө-өк» деген дауыс шықты. Байқадым, оқыс бұрылған кезде трактор түрені бір ірі қараның қарнын жарып жіберіпті. Болар іс болды ғой дедім де артыма қарамадым. Іштегі жүз грамның бәлесі ғой, сау болсаң солай істерсің бе, кейін қайта айналып кеп малдың иесін анықтадым. Жеңешемдердікі екен. Айыбымды мойындап, жеңешеме бардым. Сиыр сауып жатыр екен. «Осылай болып қалды» деп ақталып жатырмын. «Ее, ер-азамат, өздерің аман болсаңдар жарар» деп кеңпейілділік танытты. Мен бір жағынан өлердей қысылып, екінші жағынан жеңешемнің азаматтығына, мәрттігіне қатты риза болдым». Ішкі істер саласында жұргенімде басшылық құрамда болған Олжабай Сапарбаев ағамызға өзімді таныстырғанымда ол кісі де менің анам туралы айтып, кезінде қатар жүрген құрдастары болып қолы жетпей қалған өкініштерін әзілдеп болса да жеткізіп еді. Мен ішкі істер органының ең ауыры – тергеу саласында қызмет атқардым. Қызылорда қаласынан туған үйге түн ауа келсем де жол шетіндегі үйіміздің жарығы сөнбегенін көріп жүрегім бір аунап түсетін. Ішке енгенімде, анамның әлі ұйықтамағанын көруші ем. «Неге жатып ұйықтамайсыз?» десем, «Жаңа ғана тұрып сыртқа шығып ем» деп ақталатын. Анығында, әрбіреуіміз үшін елегізіп, ұйқысын жоғалтқан ана шіркіннің жаны осылай жаратылған ғой. Сөйтіп жүріп науқас жамады. Бірақ соның өзін білдірмеуге тырысып, қашан келсем де шайын қойып беріп, шүйіркелесіп отырғанды ұнататын.
1990 жылдың жазында анам Ташкенттегі онкологиялық ауруханаға түсті. Мен Қарағандыдан бірден Ташкентке бардым. Анама операция жасалыпты. «Жақсы шықты» деген соң ағаларым елге қайтып, жанында мен қалдым. Тамыз айында анамды ауруханадан шығарды. Профессор «ағаңа табыста» деп қолыма конверт ұстатты. Үйге келген соң анам жадырап, келін, немерелерін көріп бір жасап қалды. Кешкісін ағам мені жанына шақырып, «профессор аналарыңның он күндік ғана өмірі қалды депті. Не амал істейміз?» деді таусылып. Төбеден түскендей жаманат хабар жанымызды түршіктірді.
Әкем 1980 жылы өмірден өткен. Бүкіл ауыртпашылықты көтеріп, тоғыз перзентті жалғыз өсіріп жетілдірген анамды ендігі қалған өмірінде алақанға салып өтермін деген арманым адыра қалды. Анамды қиналғанда арқалағандай Ташкенттің ауруханасына апарып емдетіп жүрген Садық ағам екеуміз не істерге білмей, біресе ауданға дәрігерге, біресе қазақы емге алып барсақ па екен деп сансырап қалдық. Ал анамның жағдайы күн санап әлсіреп бара жатты. Жаратушының жазуынсыз ештеңе болмайды екен. Ауданнан кезекті шақырумен Сейтмұратов Жұмабек ағамыз келді. Ол анамның тамырын ұстап, дәрі-дәрмек жазып берді. Осы айтылған ем-домды қабылдаған анамыз аз-аздап ас-ауқатқа қарады. Дәрігер тәннен бұрын жанды емдеу керек екенін сол кезде түсіне бастадым. Жұмекең келді дегенше ауырып жатқан сырқат анамның, оның айналасында үрпиіп жүрген жеңгелерімнің де сенімі бекемделіп, көңілді дауыстары шығып қалатын. Анам жатқан бөлмені сығалап қарап, анам аз-аздан оңала бастағанына жүрегіміз жарыла қуанып бір серпіліп қалатынбыз. Осылайша Жұмабек ағай келсе онымен бірге біздің үйге бір шуақ ере келетін болды. Бірте-бірте бір туған бауырдай болып кеттік. Тіс жарып ешкімге ешнәрсе демесек те Ташкент профессоры айтқан мерзімді іштей күткеніміз анық, ол мерзім артта қалды. Бізде келер күнге деген үміт пен сенім тұтанды. Осының барлығын қалыптастырған Жұмабек көкем еді. Анамның Ташкент профессорларының қойған диагнозымен тағы да жеті жылдай жарық дүниенің дидарын көріп, жанымызда жүруіне себепкер болған, әрине алдымен Жаратушының кеңдігі, екінші Жұмабек ағамның жан мен тәнді қатар емдей білген шипагерлігінің арқасы еді десем қателеспеймін. Бүгінгі таңда зейнет жасындағы Жұмабек аға мен ғана емес, қаншама отбасының үкілеген үміттерінің жарығының сөнбеуіне себеп болған жан деп айта аламын. Ол кісі туралы көптің жылы сөзін естіп қалсам іштей «менің көкем ғой» деген мақтаныш сезімі тұрады кеудеде.
Орынбек Асылбаев,
ҚР журналистер Одағының мүшесі, запастағы полиция полковнигі