» » Сақтандыру мәртебесін жоғалтпау үшін БЖТ-ны қалай дұрыс төлеу керек?

Сақтандыру мәртебесін жоғалтпау үшін БЖТ-ны қалай дұрыс төлеу керек?


Елімізде еш жерде ресми жұмыс істемей, алайда табыс табатын азаматтар жетерлік. Олар зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорына ақша аудармайды. Үкімет мұндай азаматтарды өзін-өзі жұмыспен қамтығандар дейді. Оның ішінде бала күтуші, фрилансерлер, такси жүргізушілер, қорадағы азын-аулақ малын сатып, табыс табатын өзге де қазақстандықтар бар. Дәл осы азаматтарға бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу тиімді әрі ыңғайлы. Ол төрт түрлі төлемді – жеке табыс салығын, зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына және медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарналарды біріктіреді. БЖТ-ны тағы кімдер төлей алады, сақтандыру мәртебесінен айрылмау үшін оны қалай дұрыс төлеу керек және тағы басқа ньюанстарды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов айтып берді.
БЖТ-ны кімдер және не үшін төлейді?
Бірыңғай жиынтық төлем өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ, өз ісін заңдастыруына және зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толыққанды қатысушысы болуға мүмкіндік береді.  
Салық кодексінің 774-бабына сәйкес, келесідей шарттарды орындайтын кәсіпкерлер БЖТ төлеуші бола алады:
– жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
  • жеке тұлғаларға қызмет көрсететін немесе оларға жеке қосалқы шаруашылықтың өнімдерін сататын.
 
Осы ретте, БЖТ төлеуші мәртебесін алу үшін жеке тұлғаның табыс мөлшері жылына  1 175 АЕК-тен аспауы тиіс. Демек, бұл cома 2023 жылы 4 053 750 теңгеге тең. Егер бір жыл ішінде табыс осы көрсеткіштен асып кетсе, бұл азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті болады.
БЖТ келесі қызмет түрлерімен айналысатын адамдарға жарамды:
– тапсырыс бойынша тігін тігу, тоқу;
– өз пәтерін жалға беру;
– көкөністер мен жемістерді өсіру және сату, үйде кондитерлік және т.б өнімдер жасап сату (сауда нысандарының аумағында емес);
– омарта ұстау;
– жеке қосалқы шаруашылықтан ет және сүт өнімдерін сату.
Ал келесі жағдайларда БЖТ төлеуші бола алмайды:
– сауда орталықтары аумағында қызмет көрсететін жеке тұлғалар;
– жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және т.б.);
тұрғынжайды қоспағанда, мүлікті жалға (жалдауға) беретіндер; 
– қандастарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар; 
– жеке кәсіпкер ретінде тіркелген тұлғалар. 
БЖТ төлеуші ретінде тіркелудің артықшылығы неде?
  • Өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды БЖТ төлемегені үшін қандай да бір жауапкершілікке тарту шарасы қарастырылмаған. Алайда, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам бірыңғай жиынтық төлемнің бір айын уақытылы  төлемесе, сақтандыру мәртебесінен айрылады. Сондықтан ай сайын төлем уақытын өткізіп алмау маңызды немесе алдағы кезеңдерге алдын ала төлем жасау керек.
  • Бұл азаматтар салық органында тіркеуде болмаса зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыруға қауқарсыз болады. Ал БЖТ төлемі осы мәселелерді оңтайлы шешеді. Оған қоса патент немесе «жеңілдетілген» режиммен салыстырғанның өзінде ай сайынғы салық жүктемесінің мөлшері көп емес.
  • Жарнаның төмен мөлшері. Жалпы БЖТ-ға мыналар кіреді:
10% – жеке табыс салығы (ЖТС);
20% – әлеуметтік аударымдар (ӘА);
30% – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);
40% – міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар (МӘМС)
  • Бірыңғай жиынтық төлем төлеу ауылдық аймақтарда тұратын азаматтарға тиімді. Себебі олар ай сайын 1725 теңгеден(1725*12=20700) төлеп, МӘМС аясындабарлық медициналық қызмет түріншектеусіз алады. Яғни қажетті тексерулерден өтіп, оған жүздеген мың, тіпті миллиондаған теңгеге операция жасай алады, оңалту курсынан өтіп, амбулаториялық негізде дәрігердің бақылауында болады. Бұл жерде пациент аталған медициналық қызметтер үшін қосымша төлем жасамайды.  Яғни, әрбір сақтандырылған адам аударған жарна мөлшеріне қарамастан, медициналық қызметтерді толық көлемде уақтылы алуға құқылы.
Бірыңғай жиынтық төлем бір айлық есептік көрсеткіш көлемін құрайды. Осы жылы елімізде АЕК мөлшері – 3 450 теңге. Осыған орай, республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындары ай сайын 3 450 теңгеден, ал басқа елді мекендердің азаматтары 1 725 теңге, яғни 0,5 АЕК.
Осылайша, ай сайын 0,5/1 АЕК сомасын төлеп, тұлға өз қызметін толығымен заңдастырып қана қоймай, болашақ зейнетақыны (базалық зейнетақы төлемін) қамтамасыз етеді және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (ГФСС) сақтандыру төлемдерін алуға құқылы болады. Яғни:
– еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылған жағдайларда;
– жүктілік және босану;
– бала асырап алу;
– 1 жасқа дейінгі бала күтімі.
БЖТ-ны қалай төлеуге болады?
МӘМС жүйесінде «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» болу үшін 3 ай қатарынан БЖТ төлем болу керек. Төлем 3 ай енгізілгеннен кейін ғана мәртебе беріледі. Мысалы, қазір бір азамат ақпан айына БЖТ төлесе, мәртебе бірден берілмейді. Яғни оның сақтандыру мәртебесі 3 ай қатарынан (ақпан, наурыз, сәуір) БЖТ төлемі түскен кезде, демек сәуірде ғана іске қосылады.
Ал енді мамыр айында қандай да бір себептермен төлем жасалмай қалса, сақтандыру мәртебесінен айрылады. Оның қайта іске қосылуын тағы 3 ай күту керек: мамыр, маусым, шілде айлары БЖТ төлеп, шілдеде сақтандырылған мәртебесін ала алады.
Яғни, медициналық сақтандыру мәртебесін жоғалтпау үшін бұл төлем түрін ай сайын жасау керек немесе өткізіп алмау үшін алдағы айлар үшін алдын-ала төлем жасауға болады.
Төлем Қазақстанның кез келген банкінде, банктердің мобильді қосымшалары арқылы және «Қазпошта» бөлімшелерінде қабылданады. Төлем жасау кезінде ақша аударылатын тұлғаның ЖСН, төлем жасалатын айды көрсету керек.
Жүкті және босанған аналардың назарына!
Ресми жұмыс істемейтін әрі тиісті аударымдары жоқ көптеген жүкті әйелдер жеті ай бойы арнайы БЖТ төлем жасайды. Бұл оларға бала күтімі бойынша бір жарым жасқа дейінгі әлеуметтік төлемдерді алу үшін құжат тапсыруға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда әйел «Жұмыс істемейтін жүкті әйел» жеңілдік санатынан шығарылады, себебі жүйе оның БЖТ ішіндегі аударымдарын көреді және ол табыс табатын адам болып есептеледі. Ал жеті ай бойы БЖТ жасаған азаматшаның сегізіншісінде төлемі болмаса, ол сақтандыру мәртебесінен айрылады.
Осы кезде ол екі жолдың бірін таңдай алады: 1) өзін өзі жұмыспен қамтыған азамат ретінде сақтандыру мәртебесін сақтау үшін БЖТ төлеуді жалғастыра беруі керек; 2) ал келесі жағдайда ол БЖТ-ны екі ай төлемесе, жеңілдік санатына кіреді де, сақтандыру мәртебесін алады (жүйе оның аударымдары жоқ екенін көреді, яғни ол жұмыс істемейді деп есептеледі). Екінші жағдайда ол сақтандыру мәртебесін алғанға дейін осы екі ай ішінде МӘМС аясында медициналық көмек ала алмайды. Бірақ қажет болған жағдайда ол тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында шұғыл көмекке жүгіне алады.
Егер тағы да басқа сұрақтар туындап жатса, сіз өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгіне аласыз. Ал ол жерден мардымды жауап ала алмасаңыз, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының келесідей байланыс арналары арқылы өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.
Осы құралдар арқылы сақтандыру мәртебесін тексеруге болады. Сондай-ақ медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы ҚР электрондық үкіметінің сайтындағы (egov.kz) «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады. 
20 ақпан 2023 ж. 123 0