Әлеуетті ұрпақ әскерде Шыңдалады
Біздің Жаңақорған ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Нұрбол Есеналиевпен сұхбатымыз осы бағытта өрбіді. Жаңару жолына түскен мемлекетімізді көптеген өзгерістер күтіп тұр. Еліміз болып бастан өткерген саяси тығырықтар қорғаныс саласын нықтау міндетін алдымызға қойып отыр. Соның ең маңыздысы, елдің қырағы қорғаны – әскер сапасын арттыру, жас сарбаздарды жан-жақты тәрбиелеуге басым бағыт бұру, бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр. – Бүгінгі күні Қазақстан Қарулы күштер құрамына бос лауазымды орындарға мамандар қажеттілігі айқын көрініс беріп отыр, – дейді бөлім басшысы бізбен әңгімесінде. Осыған орай елді мекендерге шығып, халықпен кездесулер өткізіп, әскери қызметтің заңдылықтары мен артықшылықтарын түсіндіріп жатырмыз. Осы арқылы еліміздегі әскери оқу орындарына талапкерлер іріктеледі. Запастағы офицерлерді отыз бес жасқа дейін, келісім шарт бойынша отыз екі жасқа дейінгі әскери қызмет атқарып келген сержанттар құрамын әскери қызметке шақырамыз. Тілек білдірушілер бар. Апта басында бүгінге дейін «Ұлан» деп аталып келген, қазіргі атауы «Президент жанындағы Мемлекеттік Күзет қызметіне» және бұрынғы ішкі әскер құрамына (қазірде ол ұлттық «Ұлан» деген атауды иеленді) сарбаздар іріктеуді бастадық. Осы екі әскери қызмет бойынша да қазір сұраныстар келіп жатыр. Ел арасына шығып, осы хабарламаны құлағдар етіп, жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Үміткерлерге қойылатын талаптар: он сегіз жасқа толған, кем дегенде он бір сыныптық білімі бар, жанұя құрамы түгелдей Қазақстан аумағында туылып, өскен, соттылығы, қылмысқа қатыстылығы жоқ, бойы 180-нен асатын азаматтар бара алады. Айлығы 250 мыңнан басталады. Бұдан бөлек, Астана, Алматы қалалары әскери бөлімдеріне бос лауазымдарға мамандар қажеттелігі жөнінде хабарламалар келіп жатыр. Одан бөлек шекара қызметіне, ұлттық ұланға да сұраныс бар екенін айттық. Еліміздегі басқа да облыстардың әскери бөлімдерінде арнайы бос орындарға қажеттілік туып тұр. Бірақ өкінішке орай, алдыға ұмтылып, оң талап білдіретін жігерлі жастар қатары көңіл көншітпейді. Ал көктемгі әскерге шақыру жөнінде 2 ақпан күні Президент Жарлығы шықты. Осыдан бастап шақыру жұмысын бастадық. Алдымен шекара қызметіне іріктеу жүруде, өйткені оған қойылатын талап жоғары. Бірақ дайындалған балалардың әскерге жөнелтілуі наурыз айында басталады. Оған дейін әскерге шақырылушының денсаулық жай-күйі сарапталады, психологиялық тесті арнайы мамандар келіп алады, кәсіби зерделеуден өтеді, соның бәріне уақыт керек
Соңғы кездері әскердегі мызғымас тәртіп қағидаларының сақталмайтындығы туралы түрлі дақпырт, сайып келгенде, қорғаныс саласы имиджіне көлеңке түсіретін көріністердің етек алуы жастардың жігерін құм қылып, бұрындары өз қалауымен құлшынып тұратын зіңгіттей азаматтарымыздың өзі әскер қатарына баруға жүрексініп тұратын келеңсіздіктерге тап болудамыз. Бұлай жалғаса беруі жақсы емес. Қорғаныс күштері саласына түбегейлі реформалар қажет деп есептейсіз бе?
– Дұрыс айтасыз. Мәселеге жанжақты қарайтын болсақ, өз тәуелсіздігімізді алдық деп шәпкемізді аспанға лақтырғанымызбен, соның қадірін бағалап, көз қарашығындай сақтауға келгенде тізгінді бос жіберіп алғандаймыз. Кешегі күнмен салыстырғанда жастардың бойындағы патриоттық сана-сезімге сына түсуі бала жастан, мектеп қабырғасында жүрген кезден қылаң беруіне қынжыласың. Тіпті тәрбиенің бесіктен басталатынын ұмытпаған жөн. Осы келеңсіздік кезегі келгенде әскердің де есігінен сығалап, еңсе түсірер жағдайларға соқтырады. Елімізде жыл сайын 35 мың жас әскер қатарына аттанады. Әрқайсысы бірбір жанұяның төлі, таным-талабы, отбасында алған тәрбиесі түрліше. Шет жағасы ата-ана тәлімінен бұрын виртуалдық әлемнің уызына мейлінше ауызданған ұрпақ екенін де жасыруға болмайды. Ал әскер өмірі оны көтермейді, әр түрлі жастан, топтан құралған бірбір үйдің тентегі болсаң-дағы қалайда көпшілікпен тіл табысып, ортақ тәртіпке басыбүтін байланған байыпты ақыл мен зердені қалқан тұтуың керек. Сол кезде не тығырықтан да жол табуға болады. Тіпті жетістікке де жететіндер көп. Дей тұрғанмен, соңғы кездері әскер қатарындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жалпы ережеге өзгерістер енді. Әскери қызметтегі сарбазға түпкілікті телефон ұстауға рұқсат жоқ, бірақ аптасына бір рет үйімен сөйлесуіне мүмкіндік беріледі. Ротаның командирі қарауындағы әскерилердің түгел ата-анасын тіркеп, ортақ чат ашып, отбасымен хабарласып отыруы жолға қойылды. Ата-ана кез келген уақытта баласының жағдайына толық көз қанықтыру үшін әскери бөлімге арнайы барып, аралап көріп, ішкі жағдаймен толықтай танысуына мүмкіндігі бар. Одан соң әскерде әлімжеттіктің салдарларын жою үшін психолог мамандар күшейтілген режімде жұмыс жасауды жолға қойды. Сондай-ақ медицина саласы мамандары да жанжақты тартылып отыр. Әскер өмірінде өкінішті оқиғалар орын алғанда біржақты командирлерді кінәлаудан бұрын, бұл жерде атаананың да кемшілігін мойындаған дұрыс. Мен өзім он бір жыл әскерилердің тәрбиесімен етене жұмыс жасаған офицермін. Сондықтан жақсы білем, қай сарбаз қай кезде тынығады, қай кезде бұзықтық жасайды, қай кезде өтірік айтады. Өз практикамнан түйгенім, жағдайсыз оқиғаларға психологиясы төмен балалар барады. Заң ортақ, жақсы-жаманы жалпылай бір ортада теңдей талаппен тәрбиеленеді, бірақ біреуі тойып секіреді, біреу тоңып секіреді, біреуі күнделікті қатал кестеге төзімсіздік танытады, біреуі спорттың қияметіне қарсы тұра алмайды, түптеп келгенде босбелбеулік беделді төмендетеді. Бұдан бөлек, психологиялық кедергілердің қос өкпеден қысатыны бар. Айталық, жаңа ортаға үйренісе алмай жүрген бозбала үйімен сөйлескенде тосыннан көңілсіз жағдайларды естіп қалады: ата-анасы ренжіскен, қызы тастап кеткен, әкесі арақ ішіп жүр, көлігін біреу соғып алған, мініп жүрген аты қолды болған, тағы сол сияқты жайларға жаны жүдеп, онысын біреумен бөлісіп, жеңілдеп алмаса, оған қоса өзінің ой елегіне салып, көңілін тыныштандыруға ақылы келтелік етсе, жан күйігімен бірнәрсеге ұшырайды. Әшейінде әзілдесіп, жұдырықтасып алатын қатарының ойынына шыдамай қатерлі қол көтеруге барып, бір-бірін майып қылуы мүмкін. Қазір әлеуметтік желі деген бар, ешнәрсені тексермей, байыбына бармай, оқыс оқиғаларды жалаулатып жарияға жар салады. Әскерде адам шығыны болуына қауіпсіздік ережесін сақтамау да себеп. Жауынгер барған күннен бастап арнайы сабақтан өтеді. Техникалық қауіпсіздік түгел үйретіледі. Қаруды қалай қолдану керек, әскери көліктерді басқару, электр тогын пайдалану ережелері бойынша арнайы сабақ жүргізіледі. Осы ережелерге жете ынта қоймағандар түрлі қауіпке ұрынады. Тіпті соның бір көрінісі, абайсызда техникалық сұйықтықтарды ішіп, қатерге ұшыраған жағдайлар үшін кімді кінәлауға болады? Мұндай тосын жағдайларды да жауынгердің өз-өзіне қол жұмсауымен шатастыратындар бар. Мұны мүмкін, арандату деп айтсақ та болар. Еліміздің ішкі, сыртқы жағдайында жат пыйғылдылар жоқ емес. Тіпті бір ұжым, мекеменің өзінде «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» көріністерлің орын алатыны ақиқат. Міне, осындай оқиғалардың алдын алу үшін әскер қатарына алынатын әрбір жаспен жете пікір алмасып, ішкі әлемін тереңінен тануға тырысамыз. Анау-мынау артық сыни көзқарасын талдап, сыртқа шығаруына, жан дүниесін тазартуға демеу боламыз. Ал содырды сойынан танып, тезге түскенге дейін қатардан алып қала тұруға тура келеді. Өйткені ондайлар өзіне де, өзгеге де қауіп тудырады, әрі әскер беделін түсіреді. Түйіндеп айтарым, әрбір жасқа ең алдымен тәуекелділік керек. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сенімді арқа тұтқан ата-бабамыз небір ержүрек ерлерді тудырды. Қарапайым киіз үйде туса да алып империяны мойындатқан Бауыржан Момышұлындай батыр қайдан шықты? Тәуекел ету керек.
– Әскерде де дала баласы мен қала баласының арасында айырмашылық тайға таңба басқандай көрініп тұратын болар. Өзіңіз әскерилер тәрбиесінде осы екеуінің аражігінен қандай түйін түйдіңіз?
– Дұрыс айтасыз. Бұл екеуінің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Өзім Қарулы күштер қатарында қызмет еткен жылдарыма тоқталсам, 2008 жылдың сәуірінен бастап 2018 жылдың сәуіріне дейін рота командирінің, батальон командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқара жүріп сан түрлі мінезді солдатты тәрбиеледім. Ұлттық әскердің сапында жүрген ауыл баласын зияттылыққа баулуға тырыссақ, керісінше қала баласының бойына қазақылықтың рухын сіңіруге тырыстық. Кейде ауылдан келген жігіттерді жөнжосықсыз «колхоз» деп келемеждейтін командирлермен де талай сөзге келдім. Ауыл – қазақтың қаймағы шыққан жер. Өзіміз де қойшының баласы болдық. Әскери өмірдің небір қиын-қыстау өткелегінен өкінішсіз шығуымыз сол кең даладан бойымызға біткен қайтпас күш, қайсар мінезділіктің арқасында екенін толық мойындаймын. Сондықтан әсіресе асфальтта өскен шырақтар үшін әскери тәртіп нағыз шыңдалу мектебі екенін түсінетін кез келді.
– Әскерге шақырылушылар жөнінде жоспарды орындауда Жаңақорған ауданы қай деңгейде танылып келеді? – Өткен 2022 жылдың қорытындысында 13 баланы артық аттандырдық. Өкініштісі, күзгі шақыруда 5 бала кем жібердік. Адам факторы дегеніміз сол.
– Сіздер шығарып салып отырған ұландар арасында әскери саптағы жетекшілерінен мақтаумадақтаулар келіп жатқан жағдайлар бар ма? – Келіп жатады. Кешенің өзінде 4 азаматымыз бірдей марапатталып, демалысқа жіберілгенін білдік. Нақ бүгін Жайылма ауылына жол жүріп барамын. Ауыл тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізбекпін. Әрбір ортаның өз көшбасшысы бар. Бұл азаматтарға да көп нәрсе байланысты. Менің басты айтпағым, алдымен атаана өзі түсініп, балаларын қасиетті борышын өтеуге ақ тілекпен аттандырарда келешегінен зор үміт күтіп, әдептілікті өсиет еткені дұрыс. Ал қай бір іске шын қызығушылықпен, ықыласпен бел буған кімнің болсын жүрген жолы ізсіз қалмайды. Абыройға кенеледі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Баян ҮСЕЙІНОВА