» » Жанға дауа, дертке шипа «Айналайын» орталығы

Жанға дауа, дертке шипа «Айналайын» орталығы


Нарықтық қатынастар аясында жүзеге асырылып жатқан кәсіпкерлік қызметтің экономика өмірінде алатын орны зор. Сондықтан болар кәсіпкерлік саланы дамытып, жандандыру күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Тіпті аталған бағытты дамытуды басқару еліміздің жүзеге асырып жатқан саясатының стратегиялық мәселесі болып табылады. Ал бұған өз кезегінде белгілі бір деңгейде үлес қосып келе жатқан біздің аудан кәсіпкерлері де облыста көш бастап келеді. Оған дәлел аудан орталығынан «АЙНАЛАЙЫН» емдеу шараларын жүзеге асыруға арналған орталықтың ашылуы. Ендеше жанға сая орталықтың жұмыс барысымен таныссақ...


Емдеу шараларын жүзеге асыруға немесе басқа да ауру түрлерімен ауыратын науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған орталықтың ашылуына негізгі қаржы көзін ауданға белгілі кәсіпкер, қаншама игі істердің басы-қасынан табылатын жанашыр жан Ғазиз Айтілеуов салып, ел игілігіне пайдалануға тапсырған.
Жаңа нысанда әзірге үш маман қызмет істейді. Дертіне шипа іздей келген жандарға әйелдер мен ерлер, сонымен қатар балаларға арналаған массаж, фито-бочка, хиджама, парафин сияқты қызмет түрлері көрсетіледі. Мәселен, ер азаматтарға арналған нүктелі массаж түрі мен фито-бочка емін Ғалымжан Бердікарімов, нәзік жандыларға арналған массаж түрінен Сәбира Рустемова, балаларға арналған массаж процедурасын Нүргүл Исмайлова жүргізеді. Аты аталған жандардың барлығы дерлік осы салада әбден тәжірибесі төселген мамандар.
Орталықтың ашылғанына небәрі екі-ақ ай өтсе де тұрақты емделушілері қалыптасып үлгерген. Олардың айтуынша, мұндай орталықтың қажеттілігі жылдан-жылға артып келеді. Өйткені аудан бойынша мұндай емдеу-сауықтыру орталығы болғанымен, тура осы орталықтағы емдік шараларын немесе түрлі бағыттағы емдеу тәсілін қоданатын мамандар некен-саяқ.
Бүгінгі күнге дейін арысы Алматы, Көкшетау, берісі Сарыағаш, Түркістан және Қызылорда қаласына барып ем қабылдайтындар үшін аудан орталығынан осындай бір нысанның ашылуы арман болатын. Бүгін міне, осы идеяның жүзеге асуына мұрындық болған Ғазиз ағамызға алғыс айтушылар қатары көп. Өйткені жаны жомарт жан ескі нысанды қолға алып, толықтай қайта жөндеуден өткізіп, орталықты керекті медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Осылайша денсаулық сақтау жүйесінің көпшілік біле бермейтін қызмет түрін меңгерген мамандар дертіне дәру іздей келген жандарға жан күйзелісі мен тән азабын жеңілдетуде де барынша қолдау білдіріп келеді.
– Біздің ауданда әр салада мүмкіндігінше көмек қолын созып жүрген жомарт жандар көп. Бірақ бүгінгі жоба ауқымды мәселені жүйелі шешудің нәтижесінде жүзеге асты. Бұл бір-екі адамға емес, көп жанға қолдау, демеу болатын орталық. Сондықтан кәсіпкердің игі ісі көпке үлгі деп білемін. Осындай жобалар арқылы біз тұрғындардың, елдің мәселесін шешіп, алға дами береміз деген үміттемін, – деді емдеу-сауықтыру орталығының қызметкері Ғалымжан Бердікәрімов.
Орталық әзірге күніне 10-нан аса емделушіге қызмет көрсетіп келеді. Арнайы Ресей елінен алдыртқан құрылғылар ішінде әсіресе фито-бочка емін қабылдаушылар саны күн санап артып келеді екен. Жан-жақты маманданған нағыз өз саласының үздіктері тіпті науқастар ауырсыну сезімдерін басу үшін, жалғыздықта қалмауы үшін немесе қорқыныштарын сейілту мақсатында көмек көрсететіндерін айтуда.
– Бұл жобаны көптен бері жүзеге асыру жөнінде ойлап жүр едім. Өйткені осы ауданда ер жеттім,өстім, өндім. Біз, кәсіпкерлер, халықтың арқасында көтеріліп, бизнесімізді дөңгелетіп отырмыз. Енді біздің де халыққа қолдау көрсетуіміз керек. Осы бағытта «Айналайын» орталығы тұрғындарға қызмет көрсететін болады, – дейді ғазиз жүректі Ғазиз ағамыз.

ТҮЙІН. «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген тәмсіл бар қазақ халқында. Кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде, ішкен асын жерге қоятын аптал азаматтарымыз да жетерлік ортамызда. Асылы, «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» дейтін қазақ мақалы да байлықты мақсат-мұрат санамаған, оны тек басқаға жанашырлық танытып, көмек көрсету мақсатында пайдаланған қолы ашық, асыл азамат Ғазиз Айтілеуов ағамызға қарата айтылғандай.

Лаура БИБАСАРОВА
18 қаңтар 2023 ж. 151 0