» » Бірлігі бекем елдің бақ-мерейі биік

Бірлігі бекем елдің бақ-мерейі биік


2022 жыл Жаңақорған жұртшылығы үшін үлкен жаңалықтарға толы болды. Мұның барлығы іс басында жүрген азаматтар мен қарапайым еңбек адамдарының бір мақсатқа жұмылған берекелі тірлігінің жемісі болса керек, Жаңақорған ауданына жаңадан әкім болып келген Мұрат Тілеуімбетовтің жақында «Кyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігі жариялаған әкімдер рейтингінде көпшіліктің берген бағасымен«Үздік әкім» болып танылуы да «Халық – Құдайдың жердегі бір аты»» деген тәмсілдің өзіндік салмағымен бекемделсе керек. Жаңа жыл табалдырығында тұрған тарихи күні Мұрат Жолкелдіұлымен болған сұхбатымызда ол басшылыққа келген он айда атқарылған жұмыстар жөнінде  аз-кем айтып беруін өтінген едік. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Биылғы жыл біздің аудан үшін берекелі жыл болды. Әрбір саланың меншікті мамандары, ел ағалары, көпті көрген көнекөз ақсақалдар бар, ақылдаса отырып, алдымызға жоспар түздік. Ауданның бюджетін 21 млрд-тан астам қаржымен қабылдап алдым. Оның ішінде өңірдің өз  қаржысы 2 млрд 600 млн теңгеге қаржы саласында жүрген азаматтарға талапты қоя отырып, 320 млн теңге қаржы қостырып, бас-аяғы 3 млрд-қа жеткіздік. Осы қаржыға бірінші кезекте елге қажет жұмыс жасалып, жыл аяғына дейін бұл қаражат то­лық игерілді. Жарық мәселесін шешуде кең­ес заманында жасалған бағаналардың 75 пай­ызының тозығы жеткенін ескеріп, сәуір, мамыр, маусым айында жағдайы ең ауыр деген 9 ауылдың жарығына жоба сметалық құжатын демеушіліктің есебінен жасатып алдық.  Бұл 9 ауылдың электр жүйесін жөндеу құны 2 млрд 200 млн теңге келер жылдары толық игеріліп, жұмыс аяқталатын болады. Биылғы жылы кент орталығында электр желісін жаңарту бағытында жалпы 3,5 млрд теңге қаржы қаралған. Соның 900 млн теңге ақшасы игерілу үстінде. Осы жоба ішінде Кейден ауылы мен Жайылма бар. Сонда бас-аяғы он бір ауылда жарық мәселесін реттеуге жұмыс атқарылады деген сөз.
– «Жайлы мектеп» жобасына тоқтал­саңыз.
– Мемлекет басшысының апатты жағдайда­ғы және үш маусымды мектептерді жою мен білімгерлерге жайлы мектеп салу тапсырмасы­на сәйкес Жаңақорған ауданында екі мектеп салынбақ. Өйткені қоныста халықтың орналасуы жиілеп, ұзын саны Саяжай аумағына қарай ұлғайып келеді. Соған орай кентте 600 орын­дық және Жаңарық елдімекенінде 300 орын­дық мектеп салынбақ. Бұл мектептерге рес­публикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, Бай­кенжедегі 150 орындық мектепке облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді.
– Сіз ауданға басшы болып келген сәтте ең алдымен балалар саябағын салуды ауызға алдыңыз. Неліктен?
– Алғашында елдің тұрмыс деңгейімен жете танысуды мұрат тұтып, кешқұрым кентті жаяу аралап шыққанымда аңғарғаным­дай, әсіресе орталық алаң маңында балала­рын жетектеп сарсылып жүретін үлкен-кішінің бұдан басқа барар жерінің жоқтығы мені қатты ойландырды. Жақсы саябақ болса дедім. Сәті түсіп, оған ыңғайлы орынды таптым. Мұны жоспарға қойдырғаныммен, қаражат бөлдіру сатылары тым ұзаққа созылып кетері белгілі. Осы орайда ауданға қызмет жасап жүрген, елге жаны ашитын азаматтарға ұсыныс жасау арқылы «Азимут-М» компаниясының басшысы Марлен Искаковқа ұсынысымызды айтып, ол азамат  бұл міндетті мойнына алып, жоба құжаттары жасалып, 790 млн теңгеге парк жұмысын бастады. Бұл «Балалар жылына» үлкен тарту болды. Құрылыс әлі толық біткен жоқ. 350-400 млн төңірегінде қаржы игерілді. Қалған жобалары алдағы 2023 жылы жалғасын табады. Парк ішіне үлкен «Не­ке» сарайы салынуы керек. Астыңғы қабатында тамақтанатын орын, екінші қабатында балалар кинотеатрын салу жоспарында бар. Тағы да жаңа аттракциондармен қамтылады. Бүлдіршіндерінің қуанышына халық риза.
– Біздің ауданның аграрлы аудан ретінде облыс экономикасын іл­гері жылжуына үлесі айқын. Жаңақорған ауданының осы таби­ғи әлеуетіне тыныс дарытудың жаңаша тетіктеріне тоқталсаңыз?
– Ауыл шаруашылығы бағытында құтты қонысымызға  Құдырет дарытқан дәреже-деңгейіміз, ырзық-несібемізбен мақтануымызға болады. Қазірде облыс бойынша бүкіл мал санының 40 пайызын Жаңақорған ауданы беріп отыр. 340 мыңнана аса уақ мал бар, 78 мыңнан аса мүйізді ірі қара бар. Егіншілік саласында диқан қауымы ақ егіске басымдық беріп, берекелі табыс негізін қалауға ұмтылуда. Биыл су тапшылығына орай 6 мың га жерге ғана күріш ектік. Биыл екі мемлекет арасындағы келісімнің нәтижелілігімен күріш суы жеткілікті болды. Келесі жылы да осылай сәтімен жалғасса күріш көлемін 9 мың гектарға жеткізсек дейміз. 
Елде азық-түлік бағасын тұрақтан­ды­ру мақсатында ауыл еңбеккерлеріне талап қойылды. Осыған орай ауданда әр шаруашылық жанынан 300 гектардан аса агроаймақ белгіленіп берілді. Суы бар, жері жыртылып, әзір тұрған учаскеге әр ауылдың және қоныстың тұрғындары өздеріне керекті ас-ауқаттық дақылын егіп алуына егер шын жең түрініп кірісер болса жағдай жасалды. Алдағы жылы да аймақ басшысы азық-түлік қорын ұлғайтуда осы жұмысты кеңейтуді алдымызға талап етіп қойып отыр.
Ауданда егісті әртараптандыру бағытында биыл екі гектарға қызылша ектік. Қант тапшылығын жоюда жерімізге ыңғайлы қызылшаның «Ақсу» сортын егіп, 1 га жерден 270 тонна өнім алдық. Қанттылығы 18-19 пайызға жетті. Ал­дағы уақытта өндірісті тұрақтандырып, кәсіпкерлер қолдауымен, құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етілген кіші зауытты іске қоссақ деген ниетіміз бар. Мемлекет тарапынан көмекке де жұмыс жасалады. Сол кезде зауытта күніне 1,5 тонна ақ қант шығаруға болады. Өндіріс негізін қалауда биыл 500 га жерге қант қызылшасын егеміз деп отырмыз.
Ауданымызда томат пастасы өндірісін аяққа тұрғызу да басты назарда тұр. Осы бағытта Түркия мемлекетінен келген азаматтармен келісім жасалуда. Құны 13 млрд тұратын томат пастасын шығаратын зауыт салуға келісім жасалуда. Бұл алдымен сол маңдағы ел тұрғындарына жұмыс көзі. Өйткені өндірістің тоқтаусыз жұмыс істеуіне қызанақ шаруашылығы қарқын алады, оны өңдеу, жеткізу, дайын өнімді жүйелі рынокка шығару сынды тұрақты кәсіп тұғыр тіктейді. Бұл да өндірістік аудан ретінде  өрісімізді кеңейтетін өркениетті жоба.
– Кент орталығын қойып елді ме­кен­дерге газ апарудағы ықпалды жұ­мыстарыңыз ауыл халқын қатты қуантып отыр. Осы жөнінде ел нақты өз аузыңыздан білгісі келеді.
– Газ мәселесі 2015 жылдан бастап Жаңақорған кентіне келе бастаса,  бү­гінде толық газдандырылды. Ендігі мақ­сат – ауылдағы  елді мекендерге газ апару. Алдымыздағы жылы 5 ауылға газ тартылады деп жоспарлап отырмыз. Нақтылап тоқталсам, Шиелі АГРС-інен бас труба жүргізіліп, Төменарық ауылына дейін газ апаруға 2 млрд теңге қажет болса, соның 500 млн теңгесі бөлінді, қалған қаржысы да берілді. Жалпы бес ауылға 3,5 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде Құттықожа, Шалқия, Жайылма, Кейден және Төменарық бар. Төменарық елді мекеніне газ барғанда жолдағы бес ауылдың үстінен үлкен қысымдағы труба өтеді де, оны бұруға аса көп қаржы кетпейді, сондықтан Екпінді, Еңбек, Сунақата, Қожамберді, Сүттіқұдық сын­ды ауылдарға  осы ағымда газ тарту да жеңіл болады деп отырмыз. Амандық болса, 2024 жылы бұл жоспарымыз да тиянақталатын болар деп үміттенеміз.
– Бүгінгі таңда ең өзекті болып отырған тұрғын үй мәселесі жөнінде не айтасыз?
– Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өте қиын. Ауданда  үй кезегінде 7 мыңға жуық адам тұр. Бірақ арендалық үйге республикадан қаржы бөлініп тұрған жоқ. Елімізде тұрғындарды «Отбасы» банк арқылы қаржыландыру бойынша мүмкіндік жа­салуда. Бірақ бұған екінің бірінің тілек таныта бермеуі түсінікті. Әзірге жер кезегінде тұрғандарға Саяжай аумағынан 300 га жерді аршып беріп жатырмыз. Ол аумақтың инфрақұрылымын – су, жарық, жол мәселесін шешуге жоба сметалық құжаттары жасалуда.
– Келесі жылға қандай жоспар­ларыңыз бар?
– Биылғы жылы Жаңақорған кентін­де қолға алынған жарқын жобалардың нақты іске қалай асқаны елдің көз алдында, халық өзі төреші. Көшелердің жарықтануы, түнгі безендірілуі кентке жаңа шырай дарытып, тіпті тұрғындар­дың мәдени сана деңгейіне сәулесін түсір­гені хақ. Алдағы жылы ауданға қарайтын елді мекендерде осындай кө­ріктендіру жұмыстары жоспарланып отыр. Ауыз су бойынша Талап су то­рабы және  Сырдария су торабындағы судың жетіспеушілігіне байланысты қо­сымша тағы 5 скважина іске қосуға рес­публикалық бюджеттен 586 млн теңге қаржы бөлінді. Алдымыздағы жылдың мамыр, маусым айына дейін ол қосылуы керек. Жол мәселесіне келсек, биыл аудандық деңгейдегі жолдарды 100 пай­ызға асфальттап бітірдік.
– Туған жер халқының тұлғалы басшыны төл перзентіне балар пейі­ліне сызат түспеген. Олай болса, төл басылымның оқырмандарынан бауырлық лебіздің жоралғысын­дай сауалымыз болсын, бала ке­зіңізде әсте әкім боламын деп ар­мандадыңыз ба?
– Жоқ. Ондай қиял болмапты. Бірақ заң қызметкері боламын деген талап қойдым алдыма. Кейін сәулет саласына қызығушылығым артты.
– Жаңа жылдық тілегіңіз? 
– Елімізге аманшылық тілеймін. Әр отбасына мол несібе, зор ризық нәсіп етсін. Алдымызда жүрген ағаларымыз, соңы­мыздан ерген жеткіншектеріміз аман болсын!
Жаңа жылда жаңа жетістіктерге жетейік.

Сұхбаттасқан Баян ҮСЕЙІНОВА
31 желтоқсан 2022 ж. 150 0