Жаңару жолындағы Жаңа Қазақстан
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 5 маусым күні жалпыхалықтық референдум өтетіні белгілі. Дәл сол күні Ата Заңның үштен бір бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі халықтың қалауымен шешімін табады. Бұл жаңа Қазақстанды құруға бағытталған қадамның жарқын көрінісі. Сондықтан конституциялық өзгерісті қолдауға біркісідей атсалысып, мемлекеттік маңызы бар мәселенің басынан табылайық.
Әуелі өткен тарихқа сәл шегініс жасасақ. Соңғы 27 жыл ішінде елімізде референдум болған жоқ. 1995 жылдан бастап барлық конституциялық түзетулер Парламент арқылы қабылданып келді. Сондықтан болар, қазақстандықтар референдум туралы ұсынысты зор ықыласпен қабыл алды. Елдің пікірін ескерген Президент саяси реформа жасауда қоғам тарапынан туындайтын мәселелерді қалтарыста қалдырмауға мән беріп, жаңа бағдарламасын ұсынды.
Мемлекет басшысы халық тарапынан туындайтын барлық мәселені ескере келе, өзгерістердің Қазақстан Республикасы Конституциясындағы 98 баптың 33 бабына, яғни үштен бір бөлігіне қатысты болатынын жеткізді. Ал 6-бабына «Жер және жер қойнаулары халықтың меншігі» және Сот институтының халықтың мұң-мұқтажын орындауға назар аударатыны жөнінде өзгеріс енетін болады. Бұл институтқа кез келген азамат тікелей шығуға құқылы екені де айтылды. Сондай-ақ, Мәжіліске Жоғарғы аудиторлық Палата есеп беретін болады. Президенттің туған-туыстарына мемлекеттік қызмет атқаруына шектеу қою, бір сөзбен айтқанда коррупцияның тынысын тарылтудың алғышарты. Міне, осыдан-ақ Жаңа Қазақстанның негізі қаланатынына сенуіміз керек. Ал аталған көлемді өзгерістің барлығы дерлік бүкілхалықтық референдум арқылы қолдау табады.
Әлемдік практикаға жүгінетін болсақ, халықтың еркін түрде жасалған әділетті таңдауының арқасында ең озық дамыған мемлекеттер қазіргі дәрежеге жетіп отыр. Мемлекет басшысының Ата заңымызға енгелі тұрған өзгерістерді жалпыхалықтық талқылауға салып отырғаны да сондықтан. Енді Қазақстан үшін саяси жаңғырудың маңыздылығына тоқталсақ. Айта кететіні, бұл түзетулер қабылданғаннан кейін 20-дан астам заңды өзгерту қажет. Ол іске асса барлық мемлекеттік модельдің тиімділігі артады. Нәтижесінде, өзгеріс әсерін әрбір қазақстандық сезінетін болады.
Сонымен Ата Заңымызға енгелі тұрған ең маңызды өзгеріс, бұрынғы президенттер Конституциялық кеңестің құрамында болмайтыны айқындалды. Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық норма алып тасталды. Сонымен қатар жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау; Кейбір тұлғалардың лауазымына байланысты шектеулер; Өлім жазасын жою; Мәжіліс алдында жылына екі рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құру; Құқық қорғау институттарын күшейту; Конституциялық сот құру; Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту; Заңдарды қабылдау жүйесін өзгерту; Мәжбүрлі еңбекті қолдану мүмкіндігі және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту талабы қойылып отыр.
Осылардың арасында бұған дейін Президенттің лауазымына байланысты шектеулер, Тұңғыш Президенттің мәртебесі, Парламенттегі өзгерістер туралы біраз айтылды. Ал өзге түзетулер қазақстандықтарға қандай мүмкіндік беріп, елде демократияға жол аша алады? орната алады? Осыны тарқатсақ.
Бәрімізге белгілі, соңғы жылдары елімізде жұртшылықтың шеруге шыққан негізгі талабының тақырыбы жерге қатысты болды. Билік жерді шетелдіктерге жалға беру туралы бастаманы қолға алғанда, көпшілік қарсылық танытты. Референдум бұл мәселені сырт айналып өтпеген. Демек, Конституция бойынша билік халыққа тиесілі. Алайда халық өз билігін мемлекеттік институттар арқылы жүзеге асыратынын естен шығармау керек.
Бұдан өзге тағы бір өте маңызды түзету, елде заң қабылдау тәртібі өзгереді. Қазір қандай да бір заң жобасы алдымен Мәжілісте қаралып, талқыланып, Сенаттың қабылдауына жіберілсе, референдум арқылы бұл тәртіпті өзгерту ұсынылып отыр. Егер референдумдағы түзетулер қабылданса, алдағы уақытта заңдарды Мәжіліс қабылдайды да, Сенат қабылданған заңдарды не мақұлдайды, не мақұлдамайды. Осы тұста түзетулер мақұлданса Конституциялық заңдарды қос палата бірге қабылдайтынын, қандай жағдай болмасын Қазақстанға енетін кез келген өзгеріс тек халықтың ғана қолында екенін әділет вице-министрі Алма Мұқанованың өзі айтты.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке Президент осы өңірдің барлық мәслихат депутаттарының келісімімен ғана тағайындайды. Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, олар бойынша дауыс беру өткізіледі. Ең көп дауыс алған кандидат лауазымға тағайындалады.
Түзетулердің келесі блогы азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталған. «Біріншіден, Конституциялық сот азаматтар өтініші бойынша ҚР құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Екіншіден, өлім жазасын конституциялық деңгейде жою туралы шешім түпкілікті бекітіледі. Үшіншіден, прокуратураның жұмысы Конституциялық заңмен белгіленеді.
Атап өткеніміздей, референдум арқылы Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізу көзделіп отыр. Мен соның маңызды саналатын бөлімдеріне тоқталып өттім. Алайда ел 5 маусым күні дауыс беруге барғанда бюллетеннен енгелі отырған барлық өзгерісті оқып тұрмайды, тек берілген бір ғана сұрақ және ол сұрақтың жауабы ретінде қолдайтынын немесе қарсы екенін белгілейді.
Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті республикалық референдум өткізу туралы бастамаға өз үлесімізді қосуға, сіздерді де жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындап беруге бағытталған саяси науқанға атсалысуға шақырамын. Алда үлкен мақсат тұр. Бұл мақсатқа жету үшін әрбір азамат ел тағдырымен өзектес заңдағы өзгерістерді өз жүрегінен өткізуге тырысуы керек. Халық арасында дұрыс пікір, дұрыс әрекет қалыптасуы үшін әрбір заңды халық өзі елеп-өлшеуі керек деген Мемлекет басшысының ұсынысын толықтай қолдаймын.
Қалмахан ТӘЖІҒҰЛОВ,
аудандық қоғамдық
кеңестің төрағасы