№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұрақтылық пен тыныштық – бәрінен биік

Тұрақтылық пен тыныштық – бәрінен биік


Бейбіт шеруден басталған оқиға содырлардың лаңкестік шабуылына ұласып, елдің тұтастығына сызат түсе жаздады. Шүкір, еліміз аман, жеріміз бүтін!
Енді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Үндеуінде айтқанындай, бейбіт шеруде қойылған талаптар ескеріліп, диалагтың нәтижесінде компромиске келіп, өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешім қабылданады.
Бұл дегеніміз, әрине бұған дейін атқарылған қыруар жұмыстарды жоққа шығару емес. Жұмысты жүйелеп, бағытты бағдарлап, одан ары халыққа сапалы қызмет етуді жалғастыруға меңзейді.
«Көзқарас» пікір-сайыс алаңында сала басшыларын шақырып, бұған дейін атқарылған жұмыстарды салмақтап, алдағы міндеттерді талдадық.


Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
модератор:
– Біз өткеннен тағылым алып, бүгінін бағдарлап, келешегін бүтін­дейтін текті ұлттың өкіліміз. Қиын­дықпен басталған жыл жақсы күндерге жалғассын.
Енді нақты жағдайды бағдар­лайтын болсақ, өткен жылы құр­ғақ­шылықтың салдарынан су тап­шылығын қатты сезіндік. Мұның қиындығын дәнді дақылына үміт артқан диқан да, төрт-түліктің қоңын арттыруға мән берген малшы да басынан өткізді. Жергілікті атқарушы билік мәселенің маңызын бағамдап, нәтижелі жұмыс атқаруынан қи­ындық еңсерілді.
Орын алған жағдайға «табиғи құбылыс» деп баға беруге болады. Алайда су тоспасына деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Бұл бағытта қандай жұмыстар ат­қарылуда?

Оңал ЕРЖАНОВ,
аудан әкімінің орынбасары:
– Елдің тыныштығы мен тұрақ­тылығынан асқан құндылық жоқ. Қаңтар айының басындағы қантөгіс оқиғалар осының салмағын сезіндірді. Енді анти­террорлық іс-қимылдар тезірек сәтті аяқталып, жұрт қалыпты өміріне тездетіп оралса деген тілек бар.
Жақында ғана аудан әкімі Руслан Рүстемовтің тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, Экология, геология және табиғи ре­сурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязовтың қабылдауында болып, ауданда орын алған су тапшылығы жайында баяндадым.
Өздеріңіз білетіндей, Серік Салауат­ұлы Сыр өңіріне арнайы сапары кезінде Руслан Рүстемұлы Көктөбе елді мекенінің тұсынан дарияға су тоспасын тездетіп салудың маңызын түсіндірген-ді. Осы мәселенің өзектілігін еске салып, шешімін табуға ықпал етуін сұрадым.
Қазір дарияның ескі арнасына немесе бұрынғы су тоспасының ізінен қайта жасау жөнінде ғылыми зерттеу жұмысы жүргізілуде екен. Яғни техникалық-эконо­микалық негіздемесі дайындалуда.
Тайпақкөл-Қандыарал көлдер жүйесіне су жеткізу арқылы өзекті мәселені шешуге болатынын, аталған жобаның ауқымы Жаңақорған кенті орталығы, жоғарғы және төменгі жағында орналасқан 11 елді мекенін (Кейден, Жаңауыл, Сана­тория – Әлімкөл, Жаңақорған кенті, Ызғар, Жайылма, Бөріойнақ, Төменарық, Сүттіқұдық, Қожамберді, Сунақата) қам­тиды. Жоба жүзеге асқан жағдайда 3000 гектардан аса суармалы жер аяқ сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінде су өткізу қабілеті төмендеп, көп жылдан бері суландыру жүргізілмегендіктен көлдер жүйесінің табаны қурап, аумақтың экологиялық ахуалы нашарлауда. Жайы­лымдық, шабындық жерлер қурап, көлге қонатын құстар мекенін ауыстырып, өңірдің экологиялық ахуалына әсер етіп жатқанын алға тарттым.
Вице-минстр бұл жұмыстардың маңы­зын терең түсінетінін айтып, тиісті комитет басшысы мен мамандарына нақты тапсырма беріп, зерттеу жұмыстарын жүйелеп, құжат жұмысын ілгерілетуді тапсырды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ:
– Аудандағы тағы бір маңызды мәселе – жер учаскесінің кезектілігі. Бүгінде 8 мыңға жуық адам кезекте тұрғаны жөнінде ақпарат бар. Бұл мәселе қалай, қашан шешімін табады, осыншама кезектілік қалай қалыптасты?

Әбілғазы ТӨЛЕГЕНОВ,
жер ресурстары бөлімінің бас­шысы:
– Рас, жер кезегінде 7891 адам тіркелді. Аудан әкімінің тапсырмасына сай кезектілікті азайтуға байланысты кешенді жұмыстар жүргізілуде. Былтыр Саяжай-1 учаскесіне аудандық бюджеттен сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы 29,2 млн теңге қаржы қаралып, 300 гектар жерге егжей-тегжейлі жоспарлау жұмысы жүргізілді. Ендігі кезекте инфрақұрылым жүргізуге жоба-сметалық құжаттарын дайындауға (жол, электр энергиясы, ауыз су, газбен қамту) қаржы сұралады. Бұл жоба іске асқан уақытта жер кезегіндегі мыңға жуық тұлғаны жер учаскесімен қамтамасыз етуге мүмкіндігі туады. Бұл аймақта әлеуметтік нысандарға арнайы орындар белгіленеді.
Жаңақорған кентіне жапсарлас орналасқан Ызғар аумағындағы 205 гектарды орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің теңгерімінен кенттің әкімшілік аумағына қосу жұмысы қолға алынып, сол маңда да әлеуметтік инфрақұрылым жүргізіп, тұрғын үй салуға жер беру жоспары бар. Одан бөлек, Жаңақорған кентінің бас сызбасына сәйкес, Қатарау-1, Қаратау-2 аумағын (қазіргі Иппадром аумағынан «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ баратын темір жолдан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына дейінгі аралық) іске асатын болады. Бұл жобалар іске асқанда жер учаскесінің кезектілігін белгілі бір деңгейде шешуге болады.
Аудан орталығындағы МАИ бекеті, Саяжай аумағынан 2020 жылы 130 азаматқа, 2021 жылы 64 азаматқа үй құрылысын салуға жер табысталды. 2020 жылы арендалық жер учаскесін уақытылы игермеген 2 азаматтың жері мемлекет меншілігіне қайтарылып, кезекте тұрған тұлғаларға табысталды. Қазір Иппадром, МАИ бекеті, Саяжай аумағында қайта түгендеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мен жер қатынастары бөлімі арқылы реттелуде.
Енді кезектілік қалай қалыптасты деген сауалға келетін болсақ, Қазақстанның кез-келген азаматы бір рет үй салуға жер учаскесін тегін алуға құқылы. Бір шаңырақта 5 адам болса, оның барлығы да 18 жастан асқаннан кейін және ерлі-зайыптының екеуі де осындай құқық берілген. Міне, кезектіліктің көптеп қалыптасуының негізгі себебі осыдан.
Жаңақорған кентінде 2014 жылы кезекке тұрғандарге жер учаскесі берілуде. 2015 жылы жер кезегіне 590 адам түркелді. 2016 жылы – 1649, 2017 жылы – 1504, 2018 жылы – 975, 2019 жылы – 1045, 2020 жылы – 1015, 2021 жылы – 1114 тұлға жер учаскесін алуға өтініш беріп, тіркелді.
Айта кететіні, 2021 жылдың 9 сәуіріне дейін жерге кезектілікті Жаңақорған кент әкімі аппараты жүргіссе, одан кейінгі уақытта аудандық жер қатынастар бөлімі жер учаскесін есепке алуды қолға алып, жыл аяғына дейін 665 адамды тіркеді. Жалпы кезектілік тізімі Жаңақорған ауданы әкімінің (zhanakorgan.gov.kz) сайтынан көруге болады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ:
– Жер учаскесін беру кезектілігінде қандай өзгерістер бар?

Әбілғазы ТӨЛЕГЕНОВ:
– Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтарды беру қағидаларын бекіту туралы» Ұлттық экономика министрі мен Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен енгізілген өзгерістерге байланысты жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезектілік ретімен жер учаскелері «Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
Бос жер учаскелерін кезектілік ретімен беруде бірінші кент әкіміне өтініш береді. Сосын кент әкімі аппараты сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне жолдайды. Бұл бөлім жер учаскесінің ахуалдық схемасымен, сәулет-жоспарлау тапсырмасын дайындайды және бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдарға, тиісті қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілеріне және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына мемлекеттік органдарға келісуге жібереді. Келісім алғаннан кейін түпкілікті таңдау актісін «Азаматтарға арналған үкімет» МК-на жер-кадастрлық жоспар әзірлеу үшін жолдайды. Жер учаскесін алушы жер кадстарлық жоспардың қызмет көрсету ақысын үш жұмыс күні ішінде төлеуі тиіс. Егер кезегі келген тұлға таңдау актісімен келіспеген немесе ақысы төленбеген жағдайда таңдау актісін жоюға сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне қайта жолданады. Бұл – бірінші кезең. Екінші кезең бойынша, бекітілген жер-кадастрлық жоспарға сәйкес кент әкімі аппараты шешім шығарып, жер қатынастары бөлімі мен жер алушы жалға алу шартын жасайды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ:
– Бүгінде экономиканы қуаттан­дыруда шағын және орта бизнесті қолдап, өнім өндіруді жолға қою маңызды. Осылайша салық базасын кеңейту міндеті тұр. Бұл дегеніміз, әлеуметтік инфрақұрылымды же­дел­детіп шешіп, халықтың әлеу­меттік әлеуеті артуына септігі тиетіні сөзсіз. Жалпы, біздің аудан­ның кәсіпкерлік саласына қалай баға беруге болады? Кәсіпті бас­тауға ынталы азаматтар қолдау ша­раларын толық сезініп отыр ма? Қазір ауданда жанар-жағар май мен сұйытылған газдың жеткілікті қоры бар ма?

Қаржыбек БҮРКІТБАЕВ,
кәсіпкерлік, өнеркәсіп және ту­ризм бөлімінің басшысы:
– Ауданда 5604 кәсіпкерлік субъектісі болса, оның 5320-ы белсенді. Бұл бойынша Сыр өңірінің аудандары ара­сында көш басында келеміз.
2021 жылы Бизнестің жол картасы 2025 және «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламалары аясында және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы құны 100 млн теңге болатын 14 жоба кредитпен қаржыландырылды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 283,8 млн теңгені құрайтын 84 жобаға қаржы құйылды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде 673 бизнес-жобаға 392,6 млн теңгенің мемлекеттік гранты берілді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 3 жобаға 65 млн теңге көлемінде қаржыландырылды. «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы 21 жобаға 253,7 млн. теңге кредит берілді.
Өткен жылы барлық қаржы көздерінен 860 жобаға 1570,7 млн тегенің қаржысы тартылды. Бұл көрсеткішті 2020 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскенін кө­руге болады.
Жалпы, іс бастап, кәсіпті дөңгелетемін деген кез-келген адамға мол мүмкіндік бар. Біздің бөлім мен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған ауданы филиалының мамандары бағыт-бағдар беріп, сүйемелдеу жұмысына қашанда дайын.
Соңғы сауалыңызға келсек, мемле­кеттік комиссияның бекіткен бағасына сәйкес, АИ-92 маркалы бензині – 182 теңге, АИ-95/96 бензині – 215 теңге, Дизель отыны – 230 теңге, автокөлік газы – 60 теңгеден босатылуда. Барлық май құю бекетінде жанар-жағар майдың да, газдың да жеткілікті қоры бар.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ:
– Қаржыбек Тәжібайұлы, сіздің сөзіңізше, ауданда кәсіпкерлік са­ласы қарқынды дамуда. Саланы саралайтын болсақ, біздегі кәсіп­керлік сауда-саттықтың айна­ла­сында ғана. Өнім өндеу мен өндірудің нышаны аз. Бұған не себеп?

Қаржыбек БҮРКІТБАЕВ:
– Бизнестің бағдары мен бағытын таңуда байлам, кәсіби көзқарас керек. Рас, өндеу саласы кенже дамуда. Бізде өнім өндіруді дамыту маңызды. Мысалы, макарон өнімдері, кәмпит шығаруды қолға алуға болады. Өндіріс орындары көбейсе, жұмыс орындары да артады. Түркістан қаласы сияқты біздің ауданда ауылшаруашылығы саласы бойынша алма, өрік, қияр, қызанақ және т.б өңдеп, консервілеп (банкіге жауып), күнделікті тұтынатын тауар түрлерін шығаруға әбден болады. Өздеріңіз де көріп жүрсіздер, малдың жүні әр жерде жатыр. Қолда бар шикізатты кәдеге асыра алмай отырмыз.
Кәсіпкерлікті әртараптандыруға, сер­вистік қызмет көрсету саласын дамыту бағытында түсіндірме жұмысын жүргізіп келеміз. Жалпы кәсіпкерлік саласындағы жүйелі жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ:
– Өткен жылдың сәуірінен бастап аудан әкімі ай сайын кеңейтілген мәжіліс өткізіп, күн тәртібінде өзекті мәселелерді шығарып, жан-жақты саралап, негізгі кемшіліктерді көр­сетіп те берді. Бұл жөнінде тоқ­талудың қажеті жоқ болар.
Ақпарат көздерінде АҚШ пен Жапонияның шағын және орта бизнесті дамытудағы тәжірибесін оңай табуға болады. Мәселен, АҚШ-та тіркелген кәсіпорындардың 97 пайызы шағын кәсіпкерлік болса, бұл көрсеткіш күншығыс елінде 99 пайызды құрайды. Жалпы бұл елдерде ішкі өнімнің 60 пайызы кәсіпкерлікке тиесілі. Мұндай та­бысты болудың қарапайым сыры мынада екен: Америка конгресі шағын бизнеске тікелей бақылау жасап, оны қолдау мен дамыту мақсатында бірнеше бағдарлама енгізген. Ал, Жапония Үкіметі банктер алдында кәсіпкер үшін қарыздық кепілдеме беріп, салықты табысқа жеткеннен соң ғана төлеуге жеңілдік қарастырған. Осындай бастамалар кәсіакерліктің қанат жаюына әсер етуде. Бұл – ойға ой қосып жатқаным.
Жә, тақырыптан ауытқымай, ор­тақ сауалға қайта оралатын бол­сақ, аграрлық аудан екеніміз ойға қонады. Сыр беткейдегі жұрт егінмен күнелтеді. Қаратауды қоныс еткен елді мекендерде мал шаруашылығы басымдыққа ие. Бұл салаларда «Үздік аудан», «Озық аудан» деген номинацияны жылма-жыл алып та жүрміз. Әрине, бұған қуанамыз. Алайда шаруаны алаңдататын мә­селе көп. Соның бастысы – аяқ су мәселесі. Осы бағытта қандай шаралар атқарылуда?

Талғат ЗЕЙДАЛИЕВ,
ауылшаруашылығы бөлімінің бас­­шысы:
– Биыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы облыстық бюджеттен 3 каналға тазалау жұмысына 248,9 млн теңге бөлінді. Оған Қожамберді ауылдық округін аяқ сумен қамтамасыз ететін М-2 каналының 8,4 шақырымын тазаланып, 5 дана шлюз орнатылды. Аққорған ауылдық округінде 4 шақырым Р-16-3 каналға тазалау жұмыс жүргізіліп, 5 дана шлюз орнатылды. Ал Қыркеңсе ауылдық округінде орналасқан «Қыркеңсе» каналына 2 дана су тоспасы қойылды.
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиа­лының Жаңақорғансушар өндірістің учаскесі Сунақата магистралды кана­лының ПК 83-ПК 136 аралығынан 30 мың текшеметр топырақ шығарса, Келінтөбе магистралды каналының Бас сағасынан (Көктөбе ауылдық округінің тұсы) 1,37 шақырым тазаланды.
Ал аудандық бюджеттен 4 каналға тазалау жұмысын жүргізуге жалпы сомасы 68,1 млн теңге бөлінді. Соның ішінде Қаратөбе ауылдық округінде орналасқан Сумағар бас су жүйесінен Келінтөбе магистралды каналының 6,5 шақырымын тазаланды. Қыркеңседе орналасқан Р-23 каналының 10 шақырымы және Аққорған ауылдық округіндегі Р-11 каналының 3,5 шақырымы тазаланды.
Мұның бәрі диқандарды аяқ сумен қамтамасыз етудің қам-қарекеті.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ:
Сөз жоқ, азық-түліктің қымбат­шылығы байқалады. Бұл жөнінде біздің тілші Әсел Рзаева төл газеттің №102 нөмірінде «Қымбатшылық, қайда барасың?» атты мақаласында жан-жақты жазды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті қалай реттеуге болады? Мұның тетігі қандай?

Талғат ЗЕЙДАЛИЕВ:
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік ко­миссия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының шекті бағасын белгіледі.
Біздің мамандар апта сайын сауда үйлері мен дүкендерге барып, 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығына мониторинг жүргізіп, қадағалап отырады.

ТҮЙІН. Қаңтардағы дүрбелен тұрақ­тылық пен тыныштықтың бәрінен де қымбат екенін кезекті рет ұғындырып берді. Еліміз тыныш, жеріміз бүтін болсын!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

11 қаңтар 2022 ж. 252 0