Абай Камалов: “Су сүзілмейді, өнер үзілмейді”
Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың руханияты оның мәдениеті мен өнері арқылы өлшенеді. Өңіріміз осы биіктен түскен емес. Соның ішінде аймақ мәртебесін көтеріп, алдыңғы қатардан көрінуімізге себепкер болып жүрген жандар да көп-ақ. Солардың бірі аудандық Манап Көкенов атындағы «Дала жұлдыздары» халықтық мәдени үгіт бригадасының жетекшісі, жақында ғана асқаралы алпыс жасты алқымдаған абзал да ардақты азамат Абай Камалов бүгінгі «Сенбілік
сұбаттың» қадірлі қонағы.
– Абай аға, өмір жолының асқар белесі алпыстың шыңына шыққаныңыз құтты болсын! Өмір жолыңызды аудан халқының игілігіне арнап, қызметтің қызықты да қиын тұстарын еңсеріп отырған абырой-беделіңіз арта берсін. Ағалық ардақты асуға аяқ іліктірген кемел кезеңді қалай қарсы алдыңыз?
– Рахмет! Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты өз дегенін жасайды емес пе, алайда әрбір адамзаттың бар арманы кісілік келбетіміз жоғалмай, әдемі қартая білу. Еңбегіміздің бейнетін көрер шақта перзенттеріміз аман, еліміз, жеріміз тыныш болып, егемендігіміз мәңгі болса деймін. Басты арман-тілегім осы.
– Аға, жастық шаққа оралсақ. Өз өмір жолыңызға көңіліңіз тола ма?
– Кішкентай кезімде үлкен кісілердің «Жастық шақ — ұшып кететін құс секілді, көзді ашып жұмғанша жастық шағымыздың қалай өткенін білмей де қалыппыз» деп отыратынын жиі еститінмін. Үлкендердің әңгімесін естіп жүріп көп ойланатынмын. «Мен кіммін?», «Өмір деген не?», «Не үшін жаратылдық?» деген сұрақтар көкейімді жиі мазалайтын. Аллаға шүкір, көп іздену мен білім жинаудың арқасында мені мазалаған сұрақтардың жауабын тауып келемін. Ал сұрағыңа нақты жауап беретін болсам, Жаңақорған ауданына қарасты Құттықожа ауылында дүниеге келдім. Кент орталығындағы №3 мектеп-интернатында оқыдым. Білім ошағын тәмамдаған соң 1988 жылы Жетісай мәдени ағарту училищесін «клуб қызметтері және көркем өнер коллективтерінің жетекшісі» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Өнер адамы үнемі даму мен ізденіс үстінде жүру керек. Содан болар 2003 жылы Шымкент қаласындағы «Халықтар достығы» университетінде «музыкалық білім» маманы ретінде біліктілігімді арттырдым. Алғашқы еңбек жолымды Бірлік ауылдық клуб үйінің әдіскері ретінде бастап, 1989 жылдан осы күнге дейін аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп келемін.
– Сіздің көзқарасыңызда өнер адамы деген кім? Ол қандай болу керек?
– Менің көзқарасымда ғана емес, жалпы өнер адамдары халықты өзіне қарата алатын, өзіне сендіре алатын адам болу керек. Оның деңгейі, таным-түсінігі өзгеден биік болып, көрермен мен тыңдарманды сол деңгейге көтеруі керек. Яғни, көрерменді тәрбиелеу керек. Өкінішке орай, қазір өнер адамдарының басым бөлігі талғамды емес, таразының салмағын күйттеп кетті. Өнерді сахнаның емес, тойдың деңгейінде қарастыратын болды. Осы жағынан қарағанда, біраз қынжылыс бар. Бірақ, бұл өнер адамы тасада қалды дегенді білдірмейді. Арамызда талантты қыз-жігіттеріміз де аз емес. Мұндай жастар біздің ұжымда да қызмет етуде. «Судың сүзілмейтіні, өнердің үзілмейтіні» секілді, қазақтың өнерін ғасырдан – ғасырға жеткізіп, мерейін асыратын осындай жастарымыз әлі-ақ аудан мерейін үстем ететініне сенемін.
– Өзіңіз әзіл-қалжыңы жарасқан ортада жүрген жансыз. Тіпті сахнадағы қойылымдардан да көріп жатамыз. Осы ретте өзіңіз ойнаған көріністер мен қойылымдарға тоқталып өтсеңіз және сіз үшін қай салада әзіл айтқан қиындау және халыққа қандай әзілдер өтімді?
– Бізге айтуға қиын соғатын сала, саяси тақырыптағы әзілдер. Бірақ, бұл тақырыптағы әзілдерді халық өте жақсы қабылдайды. Сондықтан, айтуға ауыр соғады екен деп жылы жауып қоя алмаймыз. Тоқтар Әжімұратов жетекшілік ететін «Жаңаша» әзіл-сықақ отауының ұжымы шамасы келгенше, әдептен озбай, асыра сілтемей осы тақырыпта қалжыңдарын халыққа жеткізіп жүр. Кейде сол айтқан сын әзілдің нәтижесін көргенде қуанып та жатамыз. Ал өзім Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Жоғалған көл», «Көке, көкелер», Қомшабай Сүйенішевтің «Кемпір шалдың кенжесі», өзбек драматургы Сайт Ахметовтың «Келіндер көтерілісі» комедиясында басты рөлдерде ойнадым. Одан бөлек жергілікті драматург Дінмұхамед Абжаппаровтың «Ұлы ғазауат», «Алпамыс батыр» және «Перзент парызы» атты тарихи драмаларында ойнап, халықтың ыстық ықыласына бөлендім. Атырауда өткенреспубликалық халық театрлары арасында өткен байқауда Димаштың «Сығанақ сыры» атты тарихи драмасында ойнап «Ең үздік ер» номинациясын иелендім. Республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының шешімімен өнер саласына қосқан үлесім үшін «Тәуелсіздік» медалімен марапатталдым. Мұның бәрі маңдай тер мен еселі еңбектің, халықтың ыстық ықыласының, әріптестерімнің қолдауымен келген марапат деп білемін.
– Аға, отбасылық өміріңізге тоқталып өтсеңіз. «Өнер жолы ауыр жол»демекші, бұралаңы мол соқпақтарға өмірлік серігіңіздің өкпе артқан кезі көп па?
– Жоқ. Сенім бәрінен мықты ғой. Өзім бала кезімнен өнерге жақын болдым. Бұл қасиет анамнан дарыған болса керек-ті. Мақсатым қайтсемде өнер адамы болу еді. Шүкір, осы күні бел ортасында жүрмін. Мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да қателеспеген жанмын. Шаңырақ шаттығына жауапты ретінде өз ұстанымымды айтып, қыздарыма тәрбиенің үлгісін көрсетіп келемін. Жұбайым Роза екеуміз бір ауыздан өзіміз жете алмаған жетістікке перзентіміз жетсе екен деген арманмен екінші қызым Ақжүністі өнер жолына бағыттадық. Ол Т.Жүргенов атындағы оқу орнын «музыкалық драма әртісі» мамандығы бойынша тәмамдап, биыл осы академияның «театр сыншысы» факультетінде грантта оқуын жалғастыруда. Үлкен қызым тұрмыста. Одан екі тәп-тәтті жиен немелерім бар. Ал кіші қызым 10 сыныпта оқиды.
– Өнердегі ұстазым деп кімдерді айта аласыз?
– Бар жан-дүниесімен ұстаздық жолын көрсетті деп Нұрберген Тастаев пен Шәкір Бисенбиевті айтар едім. Екеуі де осы мәдениет саласының тізгінін ұстап, басшылық қызметте жүрседе қатарымыздан қалмай, концерттік бағдарламаларда бірге жүретін. Білген-түйгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісетін. Кемшілігімізді айтып, жолын көрсететін. Шәкір ұстазым нағыз өнерге берілген жан еді. Сахнадағы жүріс-тұрысымызға, аспапты қалай ұстап, қандай жағдайда көрермен көңілінен шығуды үнемі айтып отыратын. Тіпті орындалған ән жүрекке жету үшін өзің жүрекпен орындау керектігін қатты қадағалайтын. Міне, осындай өнер мектебінен өткен біздер өнердің тереңіне сүңгіп, өлшеусіз кеңдігі мен ерен байлығын бойға сіңірдік.
– Өмірде неден қорқасыз?
– Екі жүзді, жүрегі жоқ адамдардан қорқамын. Қауіпті дұшпаннан екіжүзді жан жаман.
– Сұхбатыңызға рахмет.
P.S. Жақында ғана аудандық «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен 60 жылдық мерейтойда сахна саңлағының өмірі дәріптеліп, өткені мен бүгініне шолу жасалды. Аудан мәдениет саласы өкілінің шынайы болмысын жарқырата ашқан бұл шара аяулы ағаны қалың жұртшылыққа одан әрі жақындата түскендей.
Лаура БИБАСАРОВА