«ASHYQ» ЖОБАСЫ: сақтық пен сапа кепілі
Ashyq» жобасы аудандағы кәсіпкерлік субъектілердің бірнешеуіне орнатылды. Бұл халық көп шоғырланатын бизнес орталықтарында эпидемиологиялық ахуалды назарда ұстап, елдің экономикалық жағдайын жақсарту мақсатын көздейді. Алғаш рет ауданда жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның артықшылықтары туралы не білеміз?
Жуырда ғана күшіне енген Денсаулық сақтау министрінің «Кәсіпкерлік объектілерінде «Ashyq» жобасын енгізу туралы № 26 қаулысына сәйкес, аудан орталығында орналасқан кәсіпкерлік нысандарға жүргізілген түсіндірме жұмыстары өз нәтижесін берді. Ашығын айтқанда, ауданда алғаш рет «Ashyq» жобасымен «Бекзат», «Ақ палас» кафелері жұмыс жасауды бастады. Мейрамханалардың кіреберісінде сәл кідіріс жасаған жұрт Ashyq мобильді қосымшасын ашып, QR-кодты қолдану арқылы өзінің денсаулық статусын анықтай алады.
– Біз жаңа жобаны аудан кәсіпкерлері арасында ең алғашқы болып қолдап, жүзеге асыруға ниетімізді білдірдік. Бұл арқылы мейрамханаға келушілердің дені сау, не вирус жұқтырғанын анықтауға мүмкіндік бар. Яғни жобаға қатысушы – бизнес субъектісі қолданылып жатқан санитарлық нормалармен (маска, термометрия, бөлмені желдету және тағы басқа) қоса қосымша бақылау жүргізеді. Бұл ең алдымен, клиенттердің саулығына кепілдік берсе, екіншіден бизнесіміздің тұрақты дамуына жол ашады, – деді «Ақ палас» мейрамханасының меңгерушісі Медет Машаев.
«Ashyq» жобасының QR-коды бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Оны алу үшін infokazakstan.kz сайты арқылы өтінім береді. Жоба талаптарын сәйкестікке тексергеннен кейін (ЭҚЖС), жеке кабинетте код көрсетіледі, ол оқуға және тестілік режимде бір апта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы аудандық санитариялық эпидемиологиялық басқармасының басшысы Шынар Айдарова:
– Жобаны іске асырудағы басты мақсатымыз, халықтың сақтық шараларын күшейтіп, бизнеске кедергі келтірмеу. Мұны жергілікті кәсіпкерлер де түсініп, мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысуда. Жобаның жүзеге асуына ешқандай кедергі жоқ, – деді.
Айта кетейік, осы жылдың 10 маусымынан бастап «Ashyq» жүйесі арқылы «қызыл» мәртебесі анықталған тұлғаларға, бұрынғыдай ескерту емес, әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Егер азамат өзінің коронавирусқа шалдыққанын біле тұра, оқшаулану режимін бұзса, оған 30 АЕК немесе 87510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.
Әзірге бұл жобаны ауданда 7 кәсіпкер қолдапты. Тарқата айтсақ, 3 кәсіпкерлік нысан, 2 қоғамдық тамақтану орны және 2 өндіріс орындары. Пилоттық жобаның игілігін көре бастаған «Бекзат», «Ақ палас» кафелері, ИП «Пірматов» компьютерлік клубы, «Байкен-U», «Қызылқұм», мекемелері қатарын өтуге Халыққа қызмет көрсету орталығы Жаңақорған аудандық бөлімі, Жаңақорған аудандық соты ұжымы қадам жасауда.
Жобаның басты ерекшелігі келешекте бизнес пен халыққа карантиндік шектеулерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. Мұны «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандағы филиалы директоры Асылжан Жолдасбеков те растады.
– Жасыратыны жоқ, аудан экономикасын елдегі індеттен келетін қауіп бір бүйірден қысып тұр. Осы жағдайды оңтайлы шешудің жалғыз жолы «Ashyq» жобасы екені даусыз. Бұл тоқтап тұрған талай шаруаның шылбырын тарқатып, толағай табыс түсіруге жол ашады. Бизнес өркендемей, елдің экономикасы мен әлеуеті тұрақтамайды, – деді директор.
Сонымен, цифрлық жобаны қалай жүзеге асырамыз? Ұялы телефоныңызға «Ashyq» жобасының қосымшасын жүктеп, тіркелесіз. QR-код сканерленгеннен кейін мобильді қосымшада келушінің статусы түрлі - түсті форматта жанады. Ол бойынша келушінің коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны немесе жұқтырғаны көрінеді. Егер экранда «Қызыл түс» жанса, адам вирус жұқтырған деген сөз. «Сары түс» – келушінің науқаспен байланыста болғанын, ал «Көк түс» жүріп-тұруына шектеу жоқ екендігін, «Жасыл түс» ПТР тест тапсырып, нәтижесі теріс болып шыққан адамдар үшін жанады.
Ғимаратқа QR - код арқылы кіру карантин кезінде еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Елдегі банктер де клинеттеріне қолайлы қызмет ұсынуға кірісті. Соның бірі Halyk Homebank қосымшасына кіріңіз, басты бетінде Ashyq бөлімі іске қосылған. Тек супер маркет, мейрамхана есігіне қойылған QR кодын сканерлеңіз болғаны. Мұның артықшылығы, егер бұл қызметті қолданғым келмейді
десеңіз өшіріп тастауға, кейін қайта қосуға ниеттенсеңіз қайта орната аласыз. Демек, заман талабына сай, цифрлық сауаттылықты арттыру өз құзырыңызда.
Мақпал МАРҚАБАЙ