ТЫШҚАН ЖЫЛЫ НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Әне-міне дегенше доңыз жылы тарихқа аттанады. 2019 жыл ырысты, табысты болды. Жастар жылы аясында жастар білім, спорт, мәдениет саласында көптеген жетістікке жетті. Кәсіпкерлікке ден қойған жастар қатары артты. Енді бізді тышқан жылында не күтіп тұр? 2020 жылы елде қандай өзгерістер болады? Жалпы тышқан жылы несімен құнды? Біз соған тоқталсақ.
Тышқан – жыл басы. Тышқан – тынымсыз, кез келген жағдайға тез бейімделе алатынымен ерекшеленеді. Сондықтан тышқан жылы әрбір қиындықты еңсеріп, жаңа бастамаларға бет бұратын жыл. Қазақ тышқан жылын жақсылыққа жориды. Тұрақтылық пен тыныштықтың белгісіне санайды. Береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған. Ғасырлар бойы қалыптасқан сенім-наным бойынша бұл жылы қиыншылық, жаугершілік, аштық көп болмады. Тарихқа көз жүгіртсек, тышқан жылының мыңдаған жылдық бедері аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен. Қанжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы туылса, алғаш Қазақ ордасы да тышқан жылы құрылды.
Жыл санау туралы деректер VIII ғасырдағы «Күлтегін» ескерткіші мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі.
Болжамшылар сөзіне сенсек, бұл жыл жақсы болғалы тұр. Әсіресе, қызмет, мансап, кәсіп жағынан толағай табысқа, білім алу, тұлғалық даму жағынан мүмкіндіктерге бай. Тышқан жылы барша жаннан белсенді, еңбекқор болуды талап етеді. Бұл жылы мансап баспалдағымен жоғары көтерілгісі келгендерге талмай жұмыс жасауға тура келеді. Қызмет бабындағы негізгі міндеттермен қатар, өзіңізбен, мінез-құлқыңызбен жұмыс жасағаныңыз дұрыс.
Енді тышқан жылы туылғандар туралы сөз етсек. Олар өте ақылды, тапқыр және жан-жақты. Бұл жылдың тумалары іске жылдам реакция беруімен, оқиғаны бақылай алуымен және ой-өрісінің кеңдігімен ерекшеленеді. Оларға мұндай қасиеттерін пайдаланып, келіп тұрған мүмкіндікті қалт жібермеу керек. Бұл – мамандардың нақты болжамы.
Қаржы жағы қалай болмақ?
Астрологтар осы жылы тез баюдың жолын іздемеуге, дүниеқоңыздыққа салынбауға кеңес береді. Қара басының қамын күйттемеген абзал. 2020 жылы мұндай әрекеттердің жазасы әдеттегіден әлдеқайда ауыр болады. Сонымен қатар ақшасын желге шашпай, үнемдеп жұмсай білгендердің несібесі арта түседі. Астрологтар қарыз алмауға, жақсы танымайтын жандарға қарыз бермеуге кеңес береді.
Жылдың мезгілдері жайлы
Болжамшылар жыл басында біршама қиындықтар болатынын айтуда. Кейбір белгі иелері үшін жылдың бастапқы үш айы нағыз сынақ мерзімі болуы да ықтимал. Яғни сабырлы адамдар ұтады. Сыннан сынбай өткендердің өмірі сәуір-мамыр айларында жақсы жаққа қарай өзгереді. Жаз мезгілі – жылдың ең жайлы, жайбарақат бөлігі болғалы тұр. Жыл басынан бергі төккен тер, атқарылған шаруа, жасалған еңбектің жемісін жаз айларында жейсіз. Жеткен жетістіктің деңгейін айқындап беретін де – осы жаз. Жылдың қалған айларын құрдан-құр өткізгіңіз келмесе, тамыздың соңын ала етек-жеңіңізді жинап, жаңа жоспар құрыңыз да, іске кірісіңіз. Ойға алған тірлікті тындырып тастауға, көздеген мақсаттың межесіне жетуге ең оңтайлы шақ – қыркүйек. Біраздан шешімін таппай тұрған, қордаланып қалған мәселелер болса, оларды қарашаның соңына дейін шешіп тастауға барыңызды салыңыз.
Тышқан жылында ерекше есте қолған оқиғалар.
Мәселен, 2008 жылы Қазақстандағы тың жаңалықтың бірі – 6-шілде Астана күні тұңғыш аталып өтсе, «Мәңгілік ел» монументі бой көтерді. Ал, жаңақорғандықтар үшін тышқан жылы спорттағы жетістігімен есте қалды. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері ауданнан тұңғыш рет Олимпиадаға Жасұлан Мұхтарбекұлы барып қайтты. Еркін күрестен ел намысын абыройлы қорғаған балуанның жолы құтты болды. Себебі, одан кейінгі олимпиада ойындарында оның ізбасарлары өнер көрсетіп келеді.
Жарпы айтқанда, ескі жылды есіркеп, жаңа жылды жарылқайтын уақыт келді. Тышқан жылы тыныштығымен құнды екен. Сондықтан, бейбіт заманда озық отыздыққа ұмтылған қазақ елі келер жылдан көп үміт күтеді.
Дайындаған Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ