Былтыр 3000 грант игерілмей қалған
Жыл сайын білімге ұмтылған жастың бағын жандыруға мемлекеттік гранттар бөлініп келеді. Оны тер төгіп еңбектенген еншілей алады. Қалғаны ақылы оқиды. Ал, бөлінген гранттың игерілмей қалу жағдайына не деуге болады. Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, өткен оқу жылында бөлінген 53785 гранттың 3 мыңы игерілмей кері қайтқан. Басым бөлігі инженерлік және жаратылыстану бағытындағы мамандықтар. Сонда талапкерлер бұл бағыттағы мамандықтарға құлықсыз ба? 2020 жылы білім беру саласындағы осындай олқылықтарды болдырмас үшін бірқатар шара ұйымдастырылуда. Осындай игі кездесу кенттегі №110 мектеп-лицейде өтті.
Аудандық білім бөлімі мен «NOVA EDUCATION» білім беру орталығы бірлесіп ұйымдастырған бұл шарада JOO.KZ жобасының жетекшісі Қанат Өксікбаевтың кент мектептерінің бітіруші түлектеріне айтары көп екен.
«JOO.KZ» – бұл талапкерлерге арналған ақпараттық-аналитикалық портал. Яғни, мектеп түлектеріне қажет ақпараттарды түгелімен бір жерге жинақтаған стартап жоба.
Шара барысында Қанат Өксікбаев талапкерлерге логикалық сұрақтар арқылы ойлау жүйесін дамытып, есте сақтау қабілетін күшейту әдіс-тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ «5 секунд» методы мен «Шлагбаум» эффектісінің ми жұмысына әсерін бағалап жүзеге асыруға ниеттенген істі жылдам жасау шарттарына көз жеткізді. Одан кешіккен жағдайда адам жадында басқа құбылыс жүріп ми ол ақпаратты шығарып тастайды. Сонымен қатар адам бойындағы қабілетін ашу екі ойлау жүйесі арқылы жүзеге асады екен. ҰБТ-ға дайындық барысында жастардың тек қана кітап бетінен бас алмауы есте сақтау қабілетін нашарлатып, оқуға деген құштарлықты азайтады. Сондықтан табиғатта болып жатқан құбылыстардың да әсеріне назар аударуды айтты.
Сергіту сәтінен кейін жоба басшысы порталдың жұмысымен таныстырды. Осы қосымшаның қызметіне жүгінген әрбір азамат еліміздегі жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының жылдық орташа мөлшері, жатақхана мен әскери кафедраның жайы, мамандықтарға қажетті таңдау пәні тәрізді мәліметтерді ала алады. Тренинг мамандық таңдауда қателеспеу жолдары, таңдау пәнінің маңыздылығы жайлы да ақыл – кеңестерімен бөлісті.
– Мұнымен қоса, сайт Big Data сияқты заманауи тех¬нологияларды қолдана алады, 2014 жылдан бергі ҰБТ-ға қатысты барлық статистика бойынша сараптама жасауға қауқарлы. Яғни талапкер өзінің жинаған балы мен таңдау пәнін енгізу арқылы қандай университеттің қандай мамандығына түсу ықтималдығы жоғары екенін анықтай алады, – дейді жоба авторы.
«NOVA EDUCATION» білім беру орталығының маманы Дәурен Ыхтиарұлының айтуынша, осындай шаралар арқылы талапкерлерге дұрыс бағыт беру, ҰБТ-ға дайындық барысында қолданатын тиімді тәсілдерді айқындаған жастарымыз өз мамандығын таңдауда қиындықтарға кезікпейді. Грантқа қол жеткізу мәселесінде де қайырымнан қапы қалуға болмайды.
Бірлескен шара жаңа өмір баспалдағында тұрған жастарға бағыт-бағдар беріп, еліміздің ертеңіне қажетті маман иесі боларына жол сілтегені анық.
Майра ҒАНИЕВА