2024: қазақ спортшыларының биігі
Қазақстан спортшылары 2024 жылды жарқын жеңістермен қорытындылады. Саладағы саңлақтар бағындырған 9 жеңіс биігі ерекше айтуға тұрарлық, деп жазады Egemen.kz.
Биыл Олимпиада жылы болғаны баршаға белгілі. Ел құрамасы дүбірлі додада дербес мемлекет ретінде 8 рет бақ сынады. Төртжылдықтың басты бәсекесіне жолдама иеленген 80 атлетіміз жарыс жолына шықты. Олимп шыңын 60 келіде татамиге шыққан Елдос Сметов бағындырып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. Сметовтің бұл жеңісі тәуелсіз Қазақстан тарихында дзюдодан еншімізге бұйырған алғашқы «алтын» болып тіркелді.
Осы спорт түрінен екінші жүлдені 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев жеңіп алды. Ол Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Көркем гимнастикадан тарихи күміс медальді - Нариман Құрбанов тарту етті. Нариман ат үстіндегі жаттығуды ең бірінші болып орындап, 15.433 ұпайды есебіне жазды. Ол базалық қиындығы 6.7-ге тең жаттығуды сәтті орындап шықты. Бұл жетістік Қазақстан тарихындағы спорттық гимнастикадағы тұңғыш медаль екенін атап өткен жөн.
Париж Олимпиадасында былғары қолғап шеберлері арасынан Нұрбек Оралбай көпшілікті күміс жүлдемен қуантса, қыздар арасынан Назым Қызайбай өзі қатысқан алғашқы Олимпиадасын қола жүлдемен қорытындылады.
Еркін күрестен 36 жастағы Демеу Жадыраевтың алтынға бергісіз күмісі де ел құрамасына ерекше серпін берді.
Қазақстан мен Германия командасы арасындағы пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа аралас жұптық нысанадан көздеу тартысында біздің ел мерейі үстем болды. Осы сында ел намысын қорғаған Александра Ле мен Ислам Сатпаев осылайша қола жүлдеге қол жеткізді.
Осылайша ұлттық құрама Олимпиада ойындарында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен командалық есепте 43-орынға жайғасты.
Париждегі XVII Паралимпиадада қанжығамызға 9 медаль түсті. Бұл додаға 9 спорт түрінен 33 лицензия алған 44 спортшы қатысты. Пауэрлифтингтен 54 келі салмақта сынға түскен спортшымыз Давид Дегтярев 188 келі көтеріп алтын медаль иеленіп, екінші рет Олимпиада чемпионы атағын қорғап қалды. Паралимпиадалық дзюдодан 48 келі салмақта Ақмарал Науатбек чемпион атанды. Ақмарал Науатбектен бөлек Ерғали Шамей күміс, ал Даяна Федосова, Зарина Раифова және Жұрқамырза Шүкірбеков қола медальді қоржынға салды. Одан бөлек нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, жүзуден Нұрдәулет Жұмағали күміс алса, жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қола медаль еншіледі.
Сондай-ақ биыл UFC-де сегізбұрышқа шыққан Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаевтың да асығы алшысынан түсті. UFC-дің жеңіл орта салмақтағы жауынгері, жеңіліп көрмеген отандасымыз Шавкат Рахмонов 8 желтоқсан таңертең ирландиялық Иэн Гэрриге қарсы бақ сынады. Бұрын бір залда жаттыққандар арасындағы тартысты жекпе-жекте аз-кем ұпай айырмашылығымен отандасымыздың қолы көтерілді. Бұл Шавкат Рахмоновтың ұпаймен басым болған алғашқы жекпе-жегі.
UFC лигасында Асу Алмабаев та сәтті жорығын жалғастырып жатыр. Алмабаев бразилиялық қарсылас Матеус Николаумен үш раундқа созылған жекпе-жек өткізіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Осы жеңісінен кейін Алмабаев үздік ондық құрамына енді.
Осы жылдың қыркүйегінде Үндістанда шахмат Олимпиадасы өтті. Ақыл-ой сынында қазақ қыздары жергілікті спортшыларға ғана жол беріп, күміс медальмен елге оралды. Осы жарыстың соңғы турнирінде шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы АҚШ өкілдеріне қарсылас атанды.
Ойында Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева және Алуа Нұрман жеңіске жетсе, Меруерт Камалиденова, өкінішке қарай, жеңіліп қалды. Осылайша, құрама 18 ұпай жинап, 2024 жылғы шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Қазақстан әйелдер құрамасы төмендегі құрамда өнер көрсетті:
Бибісара Асаубаева;
Меруерт Камалиденова;
Ксения Балабаева;
Алуа Нұрман;
Амина Қайырбекова.
Осы жылдың 13 маусымында Үндістанның Гандинагар қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында (FIDE World Junior Chess Championships 2024) Қазыбек Нөгербек те табысты өнер көрсетті. Қазыбек Нөгербек ( рейтингі 2502) 11 раундта 8½ ұпай жинаған. Осы арқылы Қазыбек әлем чемпионы атағына үміткерлер турниріне іріктеу аясындағы әлем чемпионатына жолдама алды. Сондай-ақ турнир барысында ФИДЕ президенті кеңесінің кезекті отырысында Қазыбек Нөгербекке гроссмейстер атағы табысталды.
Кәсіпқой бокста ел жалауын желбіретіп жүрген Жәнібек Әлімханұлы да WBO, IBF титулдарын сәтті қорғады. 14 шілде күні Лас-Вегаста кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы жаңазеландиялық Андрей Михайловичке қарсы рингке шығу керек еді. Алайда жеңіліп көрмеген жерлесіміз салмақ қуу барысында қиындыққа тап болғанмен, Cиднейде өткен кәсіпқой бокс кешінде отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) жаңазеландиялық Андрей Михайловичті 9-раундта нокаутпен жеңді (21-1, 13 КО).
28-31 қазан күндері Албанияның Тирана қаласында күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақтарда әлем чемпионаты өтті.
Күрес түрлерінен өткен балуандар бәсекесінде алғашқы жүлдені 63 келіде белдескен Ержет Жарылқасын қоржынға салды. Ол финалда әзербайжандық Нихат Захид Маммадлиге есе жіберді.
23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында Ризабек Айтмұханның алтын еншілегенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ қыздар құрамасы сапынан 72 келіде бозкілемге шыққан Жәмилә Бақбергенова жапониялық қарсыласына жол беріп, күміс медальға қол созды.
Еркін күрестен 70 келіде Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионы атанды. Жерлесіміз финалда жапониялық Йошиносукэ Аоягиден айласын асырды.
Осы жылдың қаңтарында өткен жасөспірімдер Олимпиадасында Илья Мизерных тарихи алтын жүлдені еншіледі. Шаңғымен тұғырдан секіруден алғашқы мүмкіндігінде ол үшінші орынын сақтап қалды. Ал екінші мүмкіндікте нәтижесін жақсартып, кейін бірінші орынға шықты. Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында алтын медаль алмаған.
Таиландтың Чиангмай қаласында 30 қараша - 10 желтоқсан аралығында бокстан Азия чемпионаты өтті. Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесінде Қазақстан құрамасы ерлер арасында 5 алтын, 5 күміс, 1 қола медальмен екінші орында қорытындылады. Бокстан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында қазақ еліне жарқын жеңістер сыйлады. Финалға шыққан 5 боксшы да алтыннан алқа тақты. Өзге 5 боксшы қызымыз қола жүлде қанжығалады.
Биылғы 9 айда отандық спортшылар 621 медаль (213 алтын, 191 күміс және 217 қола) жеңіп алды.