» » Болашақ «UFС» жұлдызы

Болашақ «UFС» жұлдызы

Ол небәрі 18 жасында ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы атанған қазақтың талантты ұлы. Бірнеше спорт түрінен өзіндік дәрежеге жеткен саңлақ спортшы. Сыр елінің ғана емес, қазақ елінің мақтанышы атанған Жансұлтан Ақылбекұлының есімі қазір жастар арасында кеңінен таныла бастады. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшыны кезекті нысанаға алып, талантты жастар тұғырына қондырдық.
Соңғы 15-20 жылда MMA-да қазақстандықтар да танымалдылыққа ие болды. ММА – бұл жекпе-жек өнерінің әртүрлі стилін біріктірген спорт түрі. Мұнда нағыз жеңімпаз болу үшін еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо мен самбо, муай тай, джиу-джитсу, грэпплинг, бокс, каратэ секілді жекпе-жек өнерінің түрлі бағытын білген абзал. ММА-да барлығы дерлік бокстаса алады. Өйткені әрбір жекпе-жек осы бокстасудан басталады. Әлемдік рейтингте біздің ел 15-орында тұр. Сарапшылар, алдағы 5 жылда үздік бестікке енеміз деп болжам жасауда. Өйткені, елде Жансұлтан секілді мықты жастар өсіп келеді.
Жекпе-жек пен панкратионнан спорт шебері, тай боксы, кикбоксинг пен грэпплингтен спорт шеберлігіне үміткер жастың болашағы расында зор.
– 2006 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Отбасында бес перзенттің бірімін. Әкем Ақылбек Тұрсынов жеке кәсіпкер, анам Мария Айымбетова мектепте мұғалім. Әкем спортшы болған жан. Кезінде дзюдомен айналысқаны бар. Өзім 2013 жылы Байзақ Момынбаева атындағы №278 IT мектеп-лицейінің табалдырығын аттадым. 2023 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп шықтым. Ал, спортпен 2015 жылдан бастап айналыса бастадым, – дейді ол.
Чемпионның негізгі түп-тамыры жаңақорғандық болғандықтан ба, ауданға жиі келіп, өзінен кіші іні-қарындастарымен сағына қауышып, спорттағы жетістіктерімен бөліскенді ұнатады. Мақсаты өзі секілді жастарды спортқа баулу, ағалық тәлімін беру, өйткені өзі де ағасының шалғайына жармасып, шалт тәсілдерді меңгерді. Шеберлікке алғашқы кумирі де, ұстазы да сол кісі болыпты. Күрес мектебін, бокс үйірмесінің есігін қағып, әбден шыңдалған жастың алар асуы алда дейді бапкерлері. Ол қазір ағасы Бексұлтан Тұрсынов пен Ербол Байназаровтан тәлім алып жүр.
– Жансұлтанның осы уақытқа дейінгі жетістігі, бағындырған белесі бір төбе. Оның басты ерекшелігі – еңбекқорлығында. Тал бойында намыстың рухы асқақтап тұрады. Арманы асқақ, мақсаты айқын. Сондықтан, келешекте тағы бір қазақтың баласы «UFС» жұлдызына айналғалы тұр, – дейді қос бапкері.
Иә, Жансұлтанның биіктен танылуына біз де тілекшіміз. Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаев сынды қазақ батырларының ізін басатынына сенім білдіруге болады.
– Спортқа келген үшінші жылы үлкен спорттағы алғашқы қадамымды жасадым. 2018 жылы алғаш рет жекпе-жектен ҚР чемпионатына қатысып, алттыннан алқа тағындым. 2019 жылы панкратион және жекпе-жек спорт түрінен ел чемпмионы атандым. 2020 жылы сол биікті қайта бағындырып, жекпе-жек спорт түрінен Қазақстанның екі дүркін чемпионы атандым. Мұнымен тоқтаған жоқпын, тағы екі жыл қатарынан осы жекпе-жек пен панкратионнан үздік екенімді дәлелдедім. 2022 жылы тай боксынан бағымды сынап, алғашқы жарыста ел біріншілігінің күміс жүлдесін ұтып алдым. Былтыр Қазақстанның бес дүркін чемпионы деген атаққа қол жетізіп, биылдан бастап әлемдік ареналарда өнер көрсете бастадым. Биыл сол панкратион сапында бірінші екенімді дәлелдеп, әлем чемпионатына жолдама алдым, – дейді ол.
– Әлемдік турнирдегі алғашқы сында қандай сезімде болдың?
– Әрбір спортшының арманы чемпион болу. АҚШ-та өткен Арнольд Шварценеггер ұйымдастырған «GAMMA MMA» спорт сайысына жолдама алғанымды қатты қобалжыдым. Бірақ бір елдің үмітін арқалап келгеннен кейін бар күш-жігерімді жинап, ақтық сынға дейін қарсыластарымды жеңіп келдім. Шешуші сәтте бапкерлер соңғы айқас екенімді, елге чемпион болып оралу керектігімді айтты. Бұл жолы да алтын тұғырды ешкімге бермедім. 18 жасқа толып, ересектер сапына қосылып, Камбоджа қаласында өткен Азия чемпионатына бардым. Онда да алтын бұйырды, одан кейін 4 жылда бір келетін Азия ойындарына жолдама ұтып алғаным бар, – деді Жансұлтан.
Спорттық мансабын қарап отырсаңыз, оның осы уақытқа дейін жеткен жетістігі өте керемет. Енді тек осы мансабын дамытып, «UFС-ге» шықса дейміз. Жұлдызың жоғары болсын, Жансұлтан!
Әли ТЕМІРБЕК
21 шілде 2024 ж. 1 246 0