Президент қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап zhanaqorgan-tynysy.kz интернет газеті.
Өз сөзінде елбасы Рождествоның жақсылықты, мейірімділік пен сүйіспешілікті дәріптейтін мереке екенін атап өтті. «Барша православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтаймын! Бұл – жақсылық пен әділдікті, жақын жандарға деген мейірім мен сүйіспеншілікті дәріптейтін, жоғары гуманистік идеалдарға деген сенімді нығайтатын мейрам», – дейді президент.
Сонымен қатар ол қазақстандағы түрлі ұлт өкілдері бір-бірін рухани мерекелерімен құттықтау арқылы түсіністік пен адамдық құндылықтар тұтастығын танытатынын айтты.
«Қазақстандықтар бір-бірін басты рухани мерекелермен құттықтай отырып, әркімге түсінікті және әр адамның жанына жақын адами құндылықтардың тұтастығын танытады. Біздің азаматтарымыз бәрімізге ортақ бейбітшілік, бірлік, конфессияаралық келісім және басқа да көптеген маңызды жетістіктерімізді мақтан ете алады. Бүгінде түрлі дін өкілдері өзара түсіністікті нығайтуға және қазіргі Қазақстан қоғамының тұрақты дамуына елеулі үлес қосуда.
Бәріңізге шын жүректен зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға береке тілеймін!» – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.