» » Жол бойындағы жаттығу

Жол бойындағы жаттығу

Бір еркек, жеті әйелдің командасыАудан орталығына қарай қотыр жолмен шайқатылып келе жатқан автобус Түгіскен аулының кіре берісіне тақалғанда орта жастағы тақиялы кісі: «Тоқтай қал, тоқтай қал», деді де шопырға бірдеңе айта бастады. Сәлден соң жол жиегіне кідірген көліктен оған ілесе түскен бір топ әйел тасжолмен қапталдасқан каналды жағалап, бірінің соңынан бірі тізбектеле жүгірісе жөнелді. Әрқайсысының қолында эстафета таяқшасы секілді бір-бір шиыршықталған қағаз. Оу, бұлар қайда барады? Олар әуелі саймен оңға қарай ойысты да сәлден соң қашыртқы каналдың жағалауымен кері салды. Жалғыз аяқ жолмен артқа қарай отыз метрдей жүгірген олар кішкене көпірден өтті де енді оңға қарай ұмтылысты. Осылайша елу метрдей жерді артқа тастап, канал үстіндегі екінші үлкен көпірден асты да қайтадан кері айналып барып, ойпаңға түсіп кетті. Бұралаң жол бойымен бастапқы тізбегі жазылмаған, қолдарындағы шиыршықталған қағаздарын көтерген күйі мешіттің қарсысындағы құрлысы толық біте қоймаған бір үйдің ауласына ене берді...

Міне, қызық! Сиыр сәскедегі мынау не деген сапырылыс?! Автобуста отырған өзге жолаушылардың бәрі осылайша жол жиегінде жортып жүргендерге аңтарыласа қарасқан. Әсіресе жолай Келінтөбе аулынан мінген алматылық құдалар аң-таң.
– Мыналар неге қабылысып жүр?–деді шашын төбесіне түйген құдағи жақтырмаған үнмен.
– Спортшылар ғой, жарысқа бара жатыр, дайындалып алмақшы, – деді бұйра шаш жігіт әзілдеп. Сол сол-ақ екен гу-гу басталды да кетті. Әсіресе, көтерілген шаңнан танауын орамалымен қалқалап отырған әдеміше келген домалақ құдаша шапылдай жөнелді.
– Ужас! Сағат ондағы сегіінші пойызға қалайда үлгеруіміз керек. Шофер ты издеваешься что ли! Айда кеттік! Деп команда беріп жатыр.
– Мыналарың қандай жарысқа қатыспақшы? –деп өз күдігін білдірді құдалардың үлкені шләпілі көке маған қарап. Реті келіп тұрған соң әлгі әзілді қоздата салдым:
– Облысқа барады. Қаратөбе аулының жүйріктері. Ауыл-село спортшыларының спартакиадасына! Осылайша шамалы дайындалып алса, тыныстары ашыла түседі! Менің бұл әскиямды қостаушылар да табыла кетті. «Ауыл адамдары егін егеді, малға қарайды, әйелдер сиыр сауады, тезек тереді, нан жабады, күнделікті жаттығу жасауға қолы тие бермейді. Алайда спортта да намысты қолдан бермеу керек. Стадионға жеткенше осылайша шыңдалып барады. Уақытты тиімді пайдалану дегеніңіз осы!»
– Япырай, талай қызықты көріп едім, дәл мынандай өлермендікті ес­тіген емеспін,–деп құданың үлкені сабырлылық танытқанымен жас құдаша шопырдың құлақ етін жеп қояр емес. Осы кезде жол бойында жаттығу жасап жүрген жеңіл атлеттердің де қарасы көрінді. Алдында тақиялы орта жастағы маңағы адам.
– Бұл тренері! Деп үстемелеп қой­дым. Соңында жеті әйел, қолдарында бір-бір шиыршықталған қағаз. Енді аңғарғандаймыз, олардың арасында мәсі-кәлөшпен де желіп жүргендер бар екен. Әуелгі барған іздерімен қайтарда тағы да солай бірнеше бұралаңнан зиг–заг жасай өтіп, сүйретіле автобусқа да ілінді-ау. Бәрінің де борша-боршасы шыққан. Әсіресе, топ басшысы–Шәкең қатты шаршаған секілді. Тануы делдиіп, көкірегі аспанға барып-келіп тұр. Ентігіп келгендер осылайша үһілеп орындарына жайғаса бастады. Қанша алас ұрса да, өздері шаруаларының біткеніне риза секілді.
Жаңақорғанға маңдай тіреп, автовокзалға тоқтаған соң да баяғы күмәнінен арыла қоймаған алматылық шләпілі құда: – Мына спортшылар тағы да дайындық жасай ма? – деп сұрағаны.
– Пойыз келгенше, стадионға барып шамалы жүгіріп алады, – деп мен де жөніме кеттім...

Иә, тоқсаныншы жылдардың ор­тасындағы тоқырау тұсында Қара­төбедегі баяғы күріш совхозы бірнеше шаруа қожалықтарына ыдырап, он бөлекке бөлінген. Ал баяғы ортақ шаруашылықтың мөрін ұстаған бас бұғалтыр өзінің аулы Түгіскенге қоныс аударыпты. Каналдың арғы бетіндегі құрлысы толық біте қоймаған еңселі үй соныкі. Жаппай жұмыссыз, қаражатсыз қалған жұртшылық тек зейнетақы мен балалардың жәрдемақысына иек артқан кезі. Мына жүгіріп жүргендер жәрдем­ақы құжатына мөр бастыру әлегімен әурелер. Жолай автобусты тоқтата сала, аласұрып жүргені сондықтан. «Бұғалтыр Ерұлының үйінде болғаны қандай жақсы болды. Справкіге пешатті бастырып алдық. Әдіре қалғыр, бүгіннен қалса, райсобес қабылдамайды деп жанды жеді емес пе?», деп күбірлескен олар әне кетіп барады...

Нұрмахан ЕЛТАЙ
17 қараша 2022 ж. 329 0