АЙЫППҰЛ АРТТЫ, ЖҮРГІЗУШІ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕ?
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік жүргізушілері үшін айыппұл мөлшері 5 пайызға жоғарылап, 120 теңгеге өсті. Яғни, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі 2 405 теңгеден, 2 525 теңгеге қымбаттады. Сәйкесінше, автокөлік иелерінің түрлі жағдайларға қатысты жасайтын төлемдерінің де көлемі артты. Оған қоса көлік салығы да көбейеді. Енді тәртіп бұзған көлік иелерінің қалтасы біршама қағылатын болады. Алайда, заңға қанша өзгеріс енгізгенімен тәртіп бұзатындар саны кемитін емес. Мұны құқық қорғау қызметкерлері растап отыр.
Мән-жайды білу үшін аудандық полиция бөлімінің есігін қағып, Жаңақорған АПБ-нің әкімшілік полиция бөлімінің аға лейтенанты Азамат Сансызбаевты сөзге тарттық. Алдымен, айыппұлдардың өсуінен бастайық. Бұрын жылдамдықты 10-нан 20 шақырымға дейін арттырғандар 12 025 теңге төлеп келсе, енді 12 625 теңге төлейтін болады. Тротуарда, гүлзарда, көгалда, балалар ойнайтын алаң мен спорт алаңдарында көлігімен тұратындар 24 050 теңгенің орнына 25 250 (10 АЕК) теңге төлейді. 2019 жылдан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бап, 8-тарауы бойынша ең жоғары айыппұл 200 АЕК, яғни 501 000 теңгеге жетті. Өткен жылы ең жоғарғы айыппұл соммасы 481 000-ді құраған болатын. Ал, ең төменгі айыппұлдар әдеттегідей 2 АЕК-тен басталады.
Бір қуантарлығы 2018 жылы күшіне енген Қазақстанның әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне енген өзгерістерде жол ережелерінің бұзылуына қатысты айыппұлдың 22 түрі азайтылған. Аталған заң бойынша айыппұл жеті күннің ішінде төленсе, 50 пайыздық жеңілдік жасалады. Мәселен, жол жүру ережесіне байланысты ең төменгі айыппұл бұрын 6012 теңге болса, қазір 6312-ге жетті. Бұл – бір аптаның ішінде төлейтін айыппұлыңыз. Мұның толық бағасы – 12 650 теңге. Сондықтан, мүмкіндік болса қарызыңызды бір аптада төлеп тастауға үлгергеніңіз абзал. Сондай-ақ, Қазақстанның әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 230-бабы, яғни, сақтандыру полюсі алынып тасталды.
Енді жүргізушілердің жауапкершілігіне кезек келді. Мәлім болғандай, 2018 жылы 7563 іс келіп тіркеліп, келтірілген шығын көлемі – 39 724 792 теңгеге жеткен. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда біршама өскенін көрсетеді.
– Келтірілген шығынның 23 984 873 теңгесі ғана өндірілді. Қалғаны сот орындаушыларына және айыптылардың тұрғылықты мекен-жайына жөнелтілді. Қазір көп ереже бұзатындардың көшін тізгінді мас күйінде басқарғандар бастап тұр, – деді аға лейтенант.
Былтыр 103 тұрғынға мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданған. Нәтижесінде, 608-бап бойынша тәртіп бұзғандар көлік басқару құқығынан айырылды. Оның ішінде уақытша қамаққа алынғандары да бар. Көлік жүргізу куәлігінен айырылса да темір тұлпарын масаң күйде айдаған 13 азаматқа ҚР Қылмыстық Кодексінің 346 бап 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, әр түрлі жаза қолданылған.
Айыппұлды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» арқылы және Электронды үкімет порталы, интернет банктер, терминалдар мен түрлі электронды әмияндар арқылы да төлеуге болады. Айыппұлды уақытында төлемесеңіз, іс сотқа жіберіледі. Қаулы шыққаннан кейін 1 ай ішінде төлеуге міндеттісіз. Әйтпесе жеке сот орындаушыларының түрлі кедергілеріне ұшырайсыз. Егер айыппұл көлемі 20 АЕК-тен асса, шетелге шыға алмайтыныңызды да қаперде ұстаңыз. Қазіргі таңда көлік ағынын бақылаудың автоматты жүйесі іске қосылды. Электронды планшеттерді және «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін пайдалана отырып, әкімшілік айыппұл бойынша борышкерлер анықталады.
Алайда, кейбір сарапшылар біздің елдегі айыппұл мөлшері өзге мемлекеттерге қарағанда көп екенін алға тартады. Мамандар халықты «айыппұл өскен соң жол-көлік оқиғалары азайып, статистика жақсарады» деп сендіреді. Бұл ретте, бірінші кезекте жүргізушілер тарапынан әлі де болса жауапкершіліктің артқаны абзалырақ.
Ащы да болса шындығы жол ережелерін бұзатындардың арасында мемлекеттік қызметкерлердің көліктері жиі кездеседі екен.
– Жасыратыны жоқ, қызметтік көліктер жұмыстан тыс уақытта жай жүріп қана қоймай, ереже бұзады. Олармен де қатаң жұмыс жасаудамыз. Ал, балабақшалардың бала тасымалдайтын көліктері стандартқа мүлдем сай келмейді. Бұл да алаңдайтын жағдай. Қазіргі өзекті мәселенің бірі иесіз төрт түліктің кесірінен жол апаты да жиілеп барады. Тұрғындарға айтарымыз, қорадағы малына ен салып қосаңыздар. Себебі, ертен жоғалғанда да бізге табу қиынға соғады, – деді аға лейтенант.
Енді көлемі артқан көлік салығына тоқталсақ, 2018 жылы ел қазынасына 2 АЕК, яғни 4 810 теңге құйған шағын литражды (қозғалтқыш көлемі 1 100-ден 1 500 текше см-ге дейін) көлік иелері 2019 жылдан бастап 5 050 теңге төлемек. Ал көлемі зор темір тұлпарлардың қожайындары 281 385 (117 АЕК ) теңгенің орнына, 2019 жылы 295 425 теңге көлеміндегі қаржысынан қағылады. Қанша дегенмен аудандағы кейбір ауылдар осы салық түрін орындауға құлықсыздық танытып жатады. Мұны есептік кездесулерде ауыл әкімінің баяндамасынан аңғарамыз.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.