№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Уақытты қадірлемеген ұтылады

Уақытты қадірлемеген ұтылады

Уақыттың маңызын әр қоғам өзінше бағалап келеді. Маң далада мал өргізген қазағыма көкжиектен көтерілген күн батып болмаса, теңгермешілдік саясатымен әлеуметтің адымына тұсау қойып, қарыс қадам қия бастырмаған кешегі кеңестік кезеңде де сол уақыттың қадірін біліп, амал арттырып, іс қылайын деген пыйғылдылар кемде-кем еді. Уақыттың шын қадірін, әр минуттың, секундтың қымбаттығын қазаққа мына нарықтық саясат жете ұғындыра түсті. Біздің қоғам енді уақытты капитал деп тани бастады. Капитал дегеніміз – қосымша пайда әкелетін құн. Нарыққа бейімделіп, кәсіппен айналыса бастаған әр тұлға үшін уақыт – ақша.
Дейтұрғанмен, уақыт – шектеулі ресурс. Әр адамға өлшеніп берілген. Сол шектеулі ғұмырды мағыналы өткізе білу әр тағдыр иесі үшін қасиетті парыз.
Оноре де Бальзак: «Уақыт ақыл-ой еңбегімен айналысатын адамдардың капиталы» деп жазды.
Уақытты тиімді пайдаланудың төрт түрлі тетігі бар екен:
Бірінші, алдыға мақсат қоя білушілік. Алдына зор мақсат қоя білген соған қол жеткізгенше жаны жай таппай, өз-өзін қамшылап, нәтижеге жетуге талпынады. Сол жолда кездескен кедергі-қиындықты жеңе білуге жігерленеді.
Екінші, әр бағдарды дұрыс белгілеуде шешімталдық таныту. Мақсатқа жетуде қиыс қадамға бармай, «бір шоқып, екі қарап» дегендей, әлсін-әлсін қуат жинап, сенімді алға басу.
Үшінші, жоспарлау тәсілін тиянақтау.
Төртінші, алда атқарылатын әр әрекетінің нормативін бекіту. Міне, осы қағидаларды тіреу етіп, тірлік қылған табысқа қол жеткізеді. Жалпы, бұл турасында мынадай тамаша тәмсіл бар: Амалын түзеген әдетке айналады. Әдетін түзегеннің мінезі түзеледі. Мінезді түзеу тағдырға айналады.
Аз ғана уақытта көл-көсір табысқа кенелудің табиғатына келсек, бұл жөнінде әлем ғалымдары зерттей келе, Шығыс халықтарының уақытты тиімді пайдаланатынын алға тартады. «Олардың пайызсыз бір-біріне ақша беруі, аз уақытта асарлатып құрылыс тұрғызуы, тағы басқа да игіліктерді ортақ сипатта атқаруы, осы туысқаншылығы, ынтымақтастығы экономикалық қиындықтан құтқарып, валютаға салып есептегенде жылына 90 000 фунт стерлинг үнемдейді» дейді. Яғни, қазірге дейін қиындықтан қазағымды жайбасар да болса бір-біріне қол ұшын созуға әзір осындай жанашыр қалпы қағып келген тәрізді. Десек те, уақыт ағымына бағынбайтын пенде жоқ. Баяғыдай, көшеде көрсе де қауқылдасып, жат та кеп жабысып жағдай сұрасып, бірінсіз біріне ас батпайтын достық бейіл де кеміңкіреп, жеке дара өсуге, өркендеуге ұмтылған өзімшілдік мінезге көбірек бой ұрып келе жатқандаймыз ба, қалай. Өзіміз ғана болғанды, толғанды күйттеп, ешкімге есеп берместің қамымен қатарымыздан да қашқақтап, халықтан қара үзіп қалуға да айналдық. Міне, уақыт бізге осы сынды тарту етті.
Уақытты ұлт үшін жұмса
Біздің арамызда не нәрсеге қол жеткізсе де соны ұлттың игілігіне бағыттап жүрген азаматтар көп.  Жыл сайын нешеме дарынды шәкірт тәрбиелеп, қайнаған өмір додасына алтын сақа сайыпқырандарды қосып жатқан ұстазды, қаншама тағдырдың өміріне араша тұрып, жарық ғұмырды жалғауына дәнекер болатын дәрігерді, жалынның ортасына түсіп, қатерге бас тігер өрт сөндірушіні, қоғам күзетінде қалғымай қасқайып тұрған хас жауынгерді, тағы осындай қасиетті мамандық иелерінің ұлт үшін қызметі қандай қымбат. Қоғамның гүлденуінде оның әрбір мүшесінің қолтаңбасы бар.
Бір түйткіл, бүгінде қым-қуыт жүріп жатқан дүние үшін тартыс жалпыазаматтық болмыс-бітімімізді ұрлап, астамшылдыққа ұрындырмаса екен дейсің. Жабайы капитализм – алтын бұғауға айналып, үлкен-кішімізді мұрындықтап, соңынан салпақтатып қойғаны жасырын емес. «Әркім өзі күнін өзі көрсін» деген ұстаным жеке бастың күйбеңін алға оздырды.Бұрынғыдай ауыл-ел аман ба дегеннен гөрі ат төбеліндей топтың шашбауын көтеріп, шалғайында жүру бір мәртебе сынды. Баюдың жолына түскен тұлға тиыннан теңге құрауды ғана емес, әр қадамды аңдап басып, әр минутты тиімді жұмсауға дағдыланады. Сол бағытта әдіс-тәсілдерін арттырып, арнаы курстардан ақша аямайтынына, тренинг-оқуларға қатысып, тайм-менеджмент қызметін пайдалануға көшуі осының дәлелі. Тайм (уақыт), менеджмент (басқару), уақытты басқару ұғымы өмірімізге осылайша еніп келеді. Уақытты үнемдеуге ұмтылу – қазақ қоғамы үшін жаңалықтың, жақсылықтың нышаны. Тек бұл жақсылық ұлт тағдырына жанашырлықпен қабысып жатса құба-құп.
Өзіңнің де, өзгенің де
уақытын ұрлама
Психологтар демалыс – еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыратынын айтады. Мәселен, бес күн жұмыс істеп, екі күн демалатын мемлекеттік қызметкерді алайық. Екі күннің бірін өзінің кәсіби мамандығы бойынша шығармашылық ізденіске, кітап оқуға, сүйікті бағдарламасын тамашалап, мерзімді басылымдарға ден қоюға арнаса, келесі күн ерлер жағы балыққа бару, спорт алаңдарын жағалау сынды ой мен дене сауықтыруға ұмтылары кәдік. Оның пайдасы да ұшан-теңіз. Енді осындай алтын уақыттарымызды ұрлайтын бір дағдымыз да қалмаған. Ол – тойшылдық. Бір баласын екеу етіп, жас отаудың қызығушылығына жайылатын той дастарханына дауымыз жоқ, ол ата-ана үшін міндет, мынау жол-жөнекей жиындар: бір жасар, тілашар, сүндет той, 30,40,50,60,70 жасқа толған құрмет  той, алтын той, күміс той дегеннен де ығырымыз шықты. Ол уақытымен, жөнімен өтіп жатса тамаша болар еді, олай емес, тойдың кез-келгені қанша алтын уақыттарды ұрлап жатыр. Бір адам жүздің, мыңның уақытына қиянат жасап отыр. Мұны халық болып қолға алып, жүйелі жолға салуымыз керек. Халықты тәртіпке үйрету керек. Қалай? Мына Қызылорда қаласында  той да, түрлі ас беру рәсімдері де уақытылы басталады. Халқы соған әбден дағдыланған. Қалалықтар сағат жетідегі шараға уақытында жиналса, қызмет істейтіндері сағат сегізге дейін толық келіп болады. Одан әрі ұзамай той да басталады.
Бірде қызылордалық бір ағамыздың тойында мынадай жайтқа куә болдық. Қаланың той-жиын, ас беру рәсімдерінде болып, біздегідей ұзын етек, кең тұсау дағдысы жоқ тәртібін білетіндіктен уақытылы жетуге тырыстық. Тоғызға жақын ағамыз қақпаны жаптырды. «Мені шын сыйлайтын адам осы уақытқа дейін жетіп болды. Ендігі келгендеріне ренішім жоқ, қайта беруіне болады». Көпті сыйлай білмеушілікке ол өз қарсылығын осылай дәлелдеді. Содан кейін тойға кешігіп барып көр.
Ал енді осы жолдардың авторының өз қызықшылығында көп уақытына қиянат жасамауға тапқан амалы төмендегідей: әдеттегідей халық кеш жиналып, той сағат онға таяу басталды. Беташардың болып, аяқталуын күткен келіннің төркіні – алматылықтар сыртта иіріліп олар  тұр. Асаба жігітімізбен келісіп, келінді көп алдына шығарып, жалпы туған-туыс, содан соң көпшілікке арнап екі рет сәлем салдырып, беташар рәсімін жасап, сосын тойды бастап кетуді ұйғардық. Жаңақорған тарихында бас-аяғы жеті минутқа созылған беташар осы болған шығар. Бірақ әулеттің еңкейген кәрісінен бесіктегі баласына дейін мың иілтіп сәлем салдырудан бір нәрсеміз түгенделсе бізге де тыраштануға тура келер ме еді. Келінге көптің қайран уақытына да қиянат жасамағанымыз абзал ғой. Тойдан жұрт қажып емес, рухани қанаттанып, ұлт құндылықтарына сусындап демалып қайтса қандай ғанибет. Үш сағат сазарып отырып күтіп, кеш басталған тойдан демалып емес, шаршап оралып жатсақ ол өз кінәмізден дер едім.
Халықтың тамаша нақылы бар емес пе, «Атың жоғалса сайдан табарсың, Уақытың жоғалса қайдан табарсың». Менің да айтпақ ойымның түйіні осы.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
25 тамыз 2018 ж. 1 126 0