Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ОТБАСЫ ШАҒЫН МЕМЛЕКЕТ

ОТБАСЫ ШАҒЫН МЕМЛЕКЕТ

«Ашық азаматтық қоғам ақпараттық ресурстық орталығы» қоғамдық қорының өкілдері Жаңақорғанға келіп, аудан тұрғындарымен келелі бас қосу ұйымдастырды. Ондағы мақсат – Елбасының халыққа арнаған Жолдауын насихаттау мақсатында «Аймақта отбасылық демографиялық саясатты дамыту» мемлекеттік әлеуметтік жобасын іске асыру. «Мықты отбасы-мықты мемлекет» тақырыбында өткен кездесуге ардагерлер мен ауыл әкімдері және жастар жиналып, пікірлермен алмасып, еркін әңгіме өрбітті. Себебі, отбасы мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналды.
Қазақта «Отан – отбасыдан басталады» деген тәмсіл бар. Мағынасына үңілсеңіз, астарында тағылымды ой, терең мағына жатыр. Әсілі, қазақ отбасы құндылығын қашанда ұлықтап, өсиет етіп қалдырған. Міне, бүгінгі жиынның негізгі арқау етер тақырыбы осында. Яғни, отбасы деген шағын мемлекеттің шаңырағын шайқалтпай, бірлікте болуға үндеу. Басқосуды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Аңсатова жүргізді.
– Бүгінгі тақырыптың ауқымы кең. Отбасы мәселесі қашанда қоғамның негізгі өзекті мәселесі. Себебі, қазір жастар арасында көптеген келеңсіз жайттардың орын алуы жиіледі. Осындай түйткілдерді болдырмау аға буынның міндеті деп қарауымыз керек. Сол себепті, отбасыдағы құндылықтарды сақтай отырып, ұрпақ тәрбиесінде ұлықты ұл, қылықты қыз өсіру асыл парызымыз екенін ұмытпаған жөн, – деген Меруерт Нағыметқызы жиынды ашып, еркін пікірталас алаңына шақырды.
– Расында, бұл тақырып қазақ қоғамында үлкен мәселеге айналды. Әсіресе, жастар арасында туындайтын түрлі жағдайларды жиі көрудеміз. Кәсіби медиатор ретінде жас шаңырақтың ажырасуын жиі байқап, оларға дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамын. Дегенмен, ұядан көрген тәрбие санаға жатталып, орта жолда біз берген ақылдың аздығы жас шаңырақтың бұзылуына кедергі бола алмауда. Алайда, барлық мәселенің шешімі барын ұмытпаған жөн, – деді кәсіби медиатор Ақылбек Жәнібеков.
Жиын соңында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Бауыржан Үсенбаев пен облыстық рухани жаңғыру орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекова тұщымды ойларын ортаға салды.
– Ұлт бірлігінің дамуын қалыптастыру және болашаққа деген сенімді дамыту, негізгі тақырыптың түйіні осында. Яғни, кемел келешекке байыпты қадам жасау бүгіннен бастау алады. Сондықтан, Мемлекет басшысының пәрменін жіті түсініп, болашаққа дұрыс бағыт түзей алу қазіргі қоғамның нық қадамы деп есептеуіміз керек. Сондықтан, тек рухани тұрғыда дамып, тарихпен қайта жаңғырып, ертеңге сенімді қадам жасай білу отбасыдан бастау алатынын әсте естен шығармауымыз керек, – деді Бауыржан Серікұлы.
Айта кетейік, алдағы уақытта дәл осындай форматта жиын тағы ұйымдастырылады. Сондықтан, тағылымды ой, келелі сұхбат құрып, рухани тұрғыда өз-өзін дамытуға ынталы жандар болса басқосудан қалып қоймауға шақырды.
Әли ТЕМІРБЕК.
14 шілде 2018 ж. 1 655 0