Балаларды қауіпті контенттен қорғайтын SIM-карта іске қосылады

Мектеп жасына дейінгі балалардың ғаламторды жиі тұтыну қауіптілігіне дүние жүзі халқында алаңдаушылық бар. Қоғамда ата-ана балаларының интернетте қанша уақыт өткізетінін бақылай алу керектігі жиі айтылуда. Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты екенін атап өткен болатын.
Осы мақсатта, Алматыда цифрлық кеңістікте балаларды қорғауға арналған пилоттық жоба басталды. Жоба аясында балаларды интернеттегі зиянды контенттен қорғайтын «SIM KIDS» арнайы SIM-карта іске қосылды.
Осы картаның көмегімен ата-аналар баласының қандай қосымшаларды пайдаланып жүргенін бақылап, зиянды сайттарға қолжетімділікті шектеп, құрылғы үнсіз режимде болса да баласына қоңырау шала алады.
– Балаларды қорғау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыты екенін атап өтті. Осыған байланысты менің тапсырмам бойынша 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес кәмелетке толмағандарды интернеттегі деструктивті контенттің зиянды әсерінен қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірленді. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстар Үкіметтің қарауында, – деп жазды Бас прокурор Берік Асылов «Х» әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Осы тарапсырма аясында арнайы шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, Алматы қаласында прокуратура TELE2/ALTEL байланыс операторымен бірігіп, «SIM KIDS» атты пилоттық жобаны іске қосты. Бұл – суицидті насихаттау, порнография, есірткі, онлайн-казино және өзге де интернет-қатерлерден балаларды қорғайды.
Бас прокурордың айтуынша, сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін бұл сим-карта баршаға қолжетімді болады. Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру жұмысы алдын ала жүргізілуі тиіс.
– Жоба ата-аналар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Сынақ кезеңі аяқталғаннан кейін бұл сим-карта баршаға қолжетімді болады. Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру жұмысы алдын ала жүргізілуі тиіс. Бала цифрлық кеңістікте суицидке итермелейтін қауіпті ойындардан, құмар ойындарға тәуелділіктен, сондай-ақ психикасына зиян келтіретін және отбасылық тәрбие мен құндылықтарға деген көзқарасын бұрмалауы мүмкін кез келген жағымсыз контенттен қорғалуы тиіс. Ең бастысы – баланың қауіпсіздігі отбасындағы көңіл бөлуден басталады. Ересектер балалардың көңіл күйіндегі, ортасындағы және қызығушылықтарындағы өзгерістерге сезімтал болғаны жөн, – деді ол.
Расында, бұл жобаның еліміз үшін, болашағымыз үшін өте маңызды. Алдағы уақытта жергілікті жерлерде іске қосылып, жүзеге асса нұр үстіне нұр.
Әсел РЗАЕВА