МӘМС: Тегін тіс емдеу кімдерге қолжетімді

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде бірқатар өзгерістер күшіне енді. Соның ішінде халық көптен күткен стоматологиялық қызметтер де бар. Осы орайда біз ресми деректерге сүйене отырып, МӘМС арқылы көрсетілетін тіс емдеу қызметтері туралы нақты ақпараттар легін ұсынуды жөн көрдік.
Барлығына бірдей тегін емес
МӘМС аясында стоматологиялық көмек барлық азаматтарға бірдей тегін көрсетілмейді. Бұл қызмет түрлері тек әлеуметтік жағынан осал топтарға арналған. Медициналық сақтандыру қоры мен Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметтеріне сәйкес, стоматологиялық қызметтер екі бағытта тегін көрсетіледі. Біріншісі, жоспарлы стоматологиялық көмек. Тек он сегіз жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерді ғана қамтитын бұл емдеу тәсіліне профилактикалық тексерулер, кариесті емдеу, пломба қою, ауыз қуысының гигиенасы кіреді. Яғни алдын алу және жеңіл жоспарлы емдер ғана тегін жүргізіледі. Ал екіншісі, шұғыл стоматологиялық көмек. Мұнда, кенеттен пайда болған тіс ауруларын емдеу мақсатында балалар мен жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар және әлеуметтік маңызы бар және жұқпалы аурулармен есепте тұрған науқастар тегін қызмет ала алады. Нақтылай кетсек, бұл қызметтерге: тіс жұлу, ауырсынуды басу, қабыну процестерін тоқтату (мысалы, пульпит, периодонтит), жансыздандыру секілді жедел көмектер жатады.
Сонымен, МӘМС жүйесіне қатысушы болғанымен, жоғарыда аталған санатқа кірмейтін азаматтар стоматологиялық көмекті ақылы түрде алады. Бұл – Қазақстандағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асады. Яғни жұмыс істейтін, сақтандырылған, бірақ әлеуметтік осал топқа жатпайтын тұрғындар тісін тек ақылы клиникаларда немесе емханаларда емдете алады.
Қызметті қалай алуға болады?
Әрбір азамат eGov.kz порталы немесе 1414 байланыс орталығы арқылы өзінің МӘМС жүйесіне қатысу мәртебесін тексере алады. Тегін қызмет алу үшін азаматтар тіркелген емханасына жүгініп, жолдама алуы керек. Кей жағдайда тікелей МӘМС-пен келісімшарттағы стоматология орталықтарына да баруға болады.
Түйін. Стоматологиялық көмекті тегін аламын деген әрбір азамат өзінің әлеуметтік мәртебесіне назар аударуы тиіс. Қазіргі таңда мемлекет тіс саулығын қамтамасыз етуді басты бағыттың бірі ретінде қарастырып, осал топтарға нақты қолдау көрсетіп отыр. Алайда бұл қызмет барлық тұрғындарға бірдей тегін көрсетіледі деген пікір – шындыққа жанаспайды. Осыны ескеріп, сенімді ақпарат көздеріне ғана жүгінген жөн.
Жәмила ЕРМАХАН