«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Оқу жүктемесі жеңілдейді

Оқу жүктемесі жеңілдейді


Білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі бірнеше жылдан бері биыл офлайн режімде өтті. Тамыз айының басынан бері облыстық, қалалық деңгейлерде өткен пленарлық отырыстардың қорытындысы ретінде ұйымдастырылған конференцияда биылғы өзгерістер айтылып, алдағы міндеттер айқындалды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, салалық министрлер, әкімдіктердің өкілдері, педагогтер қатысты.

 Тамыз кеңесінің ашылуында сөз алған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осыған дейін атқарылған жұмыстар мен жаңа оқу жылындағы жаңалықтар жөнінде баян­дады.

 – Президенттің тапсырмасы аясында педагог мәртебесін арттыруға бағытталған істерді атқарып келеміз, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Педагогтердің жалақысы артты, келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен тағы да 25 пайызға көбейеді. Жалақы мәселесі айтылғанда көпшілік тек мектеп мұғалімдеріне ғана қосылды деп қабылдайды, шын мәнінде 2019 жылдан бастап және келер жылы да балабақша, колледж, қосымша білім беру ұйымдарындағы қызметкерлердің жалақысы артады. Келесі бір маңызды мәселе – біз мектептегі оқу жүктемесін азайттық, – деді А.Аймағамбетов.

 – Осыған орай оқу жылын 31 мамырға дейін ұзарттық. Үш ауысымды мектептерден басқа барлық оқу ошағы бескүндік жұмыс форматына көшеді. Бұл мектептердің директорлары, бірінші басшының орынбасарлары, білім басқармалары мен бөлімдері, бар­лық жұмыскер мен мұғалімге қатысты. Біз мұғалімдер сенбі күні өз отбасымен бірге демалуы керек деп санаймыз. Оқу жылын ұзарту арқылы осындай мүмкіндікке қол жеткіз­дік. Мұндай өзгеріс педагогтердің 56 күндік еңбек демалысына еш әсер етпейді. Және мектеп директорлары сенбіде мұғалімдерді әдістемелік жұмыстарды сылтауратып жұмыс­қа шақырмауы керек, – деді министр.

 Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру. Министрдің мәлімдеуінше, балабақша – бар­лық білім беру жүйесінің іргетасы. Сондықтан ауқымды әлеуметтік саланың осы сатысына ведомство ерекше назар аударады. Халықаралық білім беру деңгейін анықтайтын зерттеулер балабақшадағы тәрбие мен білім сапасында өзекті мәселелер бар екенін көрсетіп отыр. Сол себепті балабақшалар жұмысының жаңа моделі қабылданды. Енді барлық жұмыс балаларға бағытталады. Қазір қанатқақты жоба ретінде апробациядан өткізіліп жатқан «Екі тәрбиеші» жобасы еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдарға енгізіле бастайды. Өйткені бір топта отыратын 25-30 баланың тәрбиесімен бір тәрбиеші нәтижелі айналыса алмайды.

 – 2018 жылы «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығына жоғары білім алу үшін өткізілген конкурста 1 орынға 8 адам таласқан болатын. Қазір бір орынға 0,7 талапкерден келіп отыр. Яғни білім берудің осы бағытында жұмыс істегісі келетіндер жоқтың қасы. Сол себепті біз дәл балабақша педагогтерінің жалақысын өсіруге көңіл бөлмекпіз, өйткені олардың еңбекақысы өскеннің өзінде тым аз. Келесі жылы біліктілік курстарын 3 есе көбейтеміз. Соның ішінде мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың мамандарын біліктілік курстарымен қамтимыз, – деді А.Аймағамбетов.

 Орта білім беру. Ведомство басшысының айтуынша, биылғы қыркүйектен бастап қазақша білім алатын сыныптардағы балалар 1-сыныпта тек қазақ тілін пән ретінде оқиды, орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап қосылады. Ал орыс тілінде білім алатын оқушылар 1-сыныпта қазақ тілі мен орыс тілін оқиды, ағылшын тілі 3-сыныптан қосылады. Еңбекке баулу пәні де жаңа оқу жылынан бастап бөлек оқытылады. Сондай-ақ «Цифрлы педагог» жобасы осы оқу жылынан бастап барлық мектепте іске асырылады. Елімізде 500 мыңға жуық үлгерімі төмен балалар бар. Осы оқушылар үшін әр жұма сайын әр пән бойынша қосымша сабақтар беріле­ді. Қосымша сабақтарды пән мұғалімдері ғана емес, психологтер де жүргізеді.

 – «Цифрлы педагог» жобасы шағын жи­нақты мектептердегі кадр мәселесін шешуге көмектесті. Мұндай мектептерде сағат саны аз болғандықтан және маман жетіс­пей­тіндіктен бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беретінін білеміз. Ал жоба арқылы мықты мұғалімдерді шағын жинақты мектептерде қашықтан сабақ беруге тартамыз. Бұл ретте жағын жинақты мектептерде еңбек етіп жүрген мамандар жұмыссыз, сағатсыз қалмайтынын ескеру керек. Олар қашықтан сабақ беретін мұғалімдерге ассистент ретінде сабақ­қа толығымен қатысып, сол сәтте өзі де кәсіби тұрғыдан жетілуге мүм­кіндік алады, – деді министр.

 А.Аймағамбетовтің айтуынша, білім беру саласындағы менеджмент мәселесі кезек күттірмей шешуді талап етеді. Әрине, мұғалімнің еңбегі, кәсібилігі өте маңызды, бірақ білікті басшы болмаса, басқа жұмыстар нәтиже бермейді. Себебі қазіргі таңда мектеп, колледж директорларына бос вакансия көп. Өйткені білім беру ұйымдарындағы бас­шылардың жалақысы педагогтерден төмен, бірақ жауапкершілігі жоғары. Жаңа оқу жылында осы мәселені шешу жолға қойылмақ.

 – Пандемия барлығымыз үшін үлкен сын болды. Жүйені бір сілкінтіп алды. Әрине, онлайн білім беруге әртүрлі көзқарас болуы мүмкін, дегенмен мұның шындыққа айнал­ғанын түсінуіміз керек. Біз онлайн мектептер мен онлайн колледждер бойынша норманы заңды негізде бекіту үшін шара қабылдағымыз келеді. Қазір ғаламтордың шекарасы жоқ. Егер балалар біздің елде белгілі бағыттар бойынша онлайн колледжде білім ала алмаса, мұны өзге елдердің онлайн колледждерінде оқи алады. Сондықтан бізге мәселенің жоқ еке­нін айтудан гөрі, мәселені шешіп, заңдастыру керек, – деді ведомство басшысы.

 Кәсіптік-техникалық білім беру. Ми­нистр­дің мәлімдеуінше, колледж­дерге ака­демия­лық дербес­тік беріл­ді. Осы саясат әрі қарай да жалғасады. Мемлекеттік тапсырыс кәсіптік-тех­никалық білім беру ұйымдарына емес, кәсіпорындарға беріле бастады. Кәсіп­орындар енді талапкерлерді қабылдауға, оларды дуалды жүйе бойынша оқытып, маман ре­тін­­де даярлауға және сол түлектерді жұ­мыспен қамтуға міндетті болады. Осы жұмыс биыл да жалғасын табады.

 – Жүзеге асырылған «Жас маман» жобасы өте тиімді болды, осы жоба арқылы мате­риалдық жағдайы жақсарған 180 колледж қазір мүлдем басқа жағдайда. Кәсіпорындардың өзі ондағы жағдайға, мүмкіндіктерге қызыға қарайды. Тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамтамасыз ету жұмысы да жалғасады. Биыл 128 мың орынға мемлекеттік тапсырыс орындалса, 2025 жылға қарай мұны 165 мыңға дейін арттырмақпыз, – деді А.Аймағамбетов.

 Тамыз кеңесіне қатысқан Пре­мьер-Ми­нистрдің орынбасары Ералы Тоғжанов білім беру саласы қызметкерлерін келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, толағай табыс тіледі. Сондай-ақ ол саладағы өзекті мәселелерге тоқталып, тиісті министрлікке, жер­гілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді.

– Педагог мәртебесі туралы» заң­ды табыс­ты іске асыру педагогтің беделін арттыру­ға мүмкіндік берді. Бүгінде мұғалімдер өз еңбектері үшін лайықты жалақы алады. Нә­ти­жесінде, мектептің үздік түлектері маман­дық таңдау кезінде педагогикалық бағыттағы мамандықтарға басымдық беретінін көріп отырмыз. Бүгінгі таңда мұғалім – әлемдегі ең құрметті және маңызды мамандықтардың бірі. Ең бастапқы білімді, біліктілікті, дағды­лар мен құндылықтарды қа­лыптастыратын да осы мұғалімдер. Осы ретте салада әлі де шешілуге тиіс біраз мәселе бар. Осы жиынға барлық әкімдіктің өкілдері қатысып отыр. Әкімдіктерге апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін тез арада толық шешуді тапсырамын! Бұл менің жеке бақылауымда болады, – деді Е.Тоғжанов.

 Осыған қоса Премьердің орынбасары әкімдіктерге алдағы оқу жылында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды; Адам құқықтары жөніндегі ұлт­тық орталықпен бірлесіп, Адам және бала құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың аумақтық бөлім­шелерін құруды жеделдетуді; лицен­зияланған ұйымдарды мектеп­тер­ді күзетуге тарту бойынша талап­тардың сақ­талуын қамтамасыз ету­ді; Полиция депар­таменттерімен бір­лесіп жолдарда балалардың қауіп­­сіздігін қамтамасыз ету бойынша жұ­мысты ұйымдастыру, бұл жұмысқа қолда­ныстағы полиция инспекторларын тартуды тапсырды.

 Ал Оқу-ағарту министрлігіне оқу пәндері бойынша педагогтер­дің республикалық қауым­­дастығын құруды; Ахмет Байтұр­сы­нов­тың 150 жылдығы аясында үздік педа­го­­гика­лық тәжірибелерді алмасу және тарату бойынша педагогтердің рес­пуб­ли­ка­лық және облыстық кон­грестерін ұйым­дас­тыруды; тәрбие жұмысын бірегейлеу мақ­­са­тында бала­бақшаларда, мектептер мен кол­ледж­дерде Жаңа Қазақстанның жас­тарын қа­лыптастыруға бағытталған білім беру ұйым­дарындағы тәрбиенің бірыңғай тұжы­рымдамасын әзірлеуді жүктеді.
21 тамыз 2022 ж. 293 0