Қызылордада кәсіпкерлердің сұранысы бойынша И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі эксперименттік жоба аясында алғашқы 6 студентке негізгі мамандығына қосымша «токарь» біліктілігін берді.
Эксперименттік жобаның бастамашысы – Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы.
Былтыр Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің Адами капиталды дамыту комитетінде бизнес иелері маман тапшылығы мәселесін көтерген
Сол кезде шараға облыстағы колледж басшылары мен облыстық білім басқармасының өкілдері де қатысты.
Аталған отырыста «Квант» ЖШС мен «Қызылорда жылу электр орталығы» ЖШС басшылары мамандарының зейнет жасына келгенін айтып, орнына маман таппай отырғанын жеткізді.
«Жалпы дуалдық оқыту бағдарламасы аясында қазір колледждерде мамандар дайындалып жатыр. Дегенмен кей мамандыққа қатысты оқу орындарының лицензиясы болмағандықтан кәсіпкерлердің сұранысы қанағаттандырылмай келді. Былтырғы кездесуде «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесіне» енгізілген өзгерістерді негізге ала отырып, эксперименттік жобаны бастауды ұсындық.Облыстық білім басқармасы да, колледждер де қолдады. Алғашқы эксперименттік режимді енгізуге И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі келісім берді», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
«Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесіне» сәйкес кәсіпкерлердің сұранысы бойынша кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары негізгі мамандыққа қосымша модуль енгізу арқылы жаңа біліктілікті игеруге мүмкіндік бере алады. Мәселен, дәнекерлеуші мамандығының білім бағдарламасы оқу жоспарына қосымша токарь модулін қосу арқылы студентке екі біліктілікті қатар алуға немесе соңғысын таңдауға болады.
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі эксперименттік жоба аясында 6 студентін қосымша «токарь» біліктілігі бойынша «Квант» ЖШС базасында оқытты. Ол үшін кәсіпкерге мемлекеттен тәлімгерлерлік еңбекақы төленді.
Кеше колледжде «токарь» біліктілігін алған студенттерге сертификат тапсырылды. Шара аясында Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов пен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Біржан Есенбаев, «Квант» ЖШС директоры Жаңабай Бекішев пен колледж директоры Бақытхан Әбдікәрімов жобаны жетілдіру тетіктерін талқылады.
«Тәлімгерлдік үшін кәсіпкерге төленіп отырған еңбекақы көлемі аз. Еңбекақы практикаға бөлінген сағат көлеміне сәйкес беріліп жатыр. Бұл бір топ үшін күніне шамамен 700 теңге. Аталған қаржы жұмыс берушінің студенттерді жұмыс орнында оқытуға жұмсаған шығындарымен салыстырғанда өте аз. Жақын уақытта облыстық білім басқармасымен бірге ұсыныс әзірлеп, мәселені республикалық деңгейде шешуді көздеп отырмыз», – деді Палата директоры.
Шарада «Квант» ЖШС басшысы жоба аясында «токарь» біліктілігін алып шыққан студенттерді жұмыспен қамтуға әзір екенін, облыстық білім басқармасының өкілі кәсіпкерлерден маман даярлауға қатысты өзге де ұсыныстарын қарауға дайын екенін жеткізді.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі