Таңдау жасау – тамаша мүмкіндік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуіне қатысты бейнеүндеуі көптің көкейіндегісін дәл тапқан маңызды мәлімдеме болды.
«Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет» деген Президент Ата Заң баптарының үштен бірі өзгеретінін жеткізді. Бұл дегеніміз ел тарихындағы аса маңызды қадам болмақ.
Мемлекет басшысы айтқан реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, ықпалды Парламент құру арқылы қара халыққа есеп беретін Үкімет қалыптастыру. Осыдан 27 жыл бұрын елімізде «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң қабылданғаны баршаға мәлім. Содан бері Ата Заңымызға 4 рет өзгеріс енгізілді. Оның барлығы Парламент тарапынан қабылданды. Ал бүкілхалықтық референдум алғаш рет өткізілгелі отыр.
Осыдан бес жыл бұрын «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» деген атпен республикалық ауқымды жоба ұйымдастырған едім. Жобамен аттас этнографиялық сұхбаттарға құрылған төрт томдық кітап жарық көрді. Екі ғасырдың куәсі болған біраз ақсақалымызбен сұхбат кітапқа арқау болды. Солардың бірі – Ата Заңымызды жазуға өз үлесін қосқан, заң ғылымдарының докторы, академик Сұлтан Сартаев еді.
«Конституция – бұл мемлекетіміздің негізгі заңы. Қазақ атасын сыйлаған. Сондықтан да негізгі заңымызды «Ата Заң» деп атадық», дей келе атақты академик: «Қазан төңкерісінен бүгінгі күнге дейін бес Конституция қабылданды. Оның ішінде үш Конституция – 1924 жылғы Қазақ Автономиялы Кеңестік Республикасының, 1937 және 1978 жылдарда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының конституциялары тоталитарлық одақ жүйесі кезінде қабылданған еді. Оларда тәуелсіздік ұғымы ауызға алынбағандығы белгілі. Тәуелсіздік жылдарында өз еркімізбен, өз қалауымызбен бірнеше талқылаудан, пікір алмасудан соң 1993 және 1995 жылдардан халықаралық аренада өз жолымен өркендеуге бағыт ұстанған мемлекетіміздің Конституциясын қабылдадық», деді сұхбатында. Иә, бұл біздің тарихымыз.
Президент биыл 5 маусымда өткізуді белгілеген халықтық референдум дер кезінде өткізілгелі жатыр. Алда болатын өзгерістер тарихымыздағы ең маңызды және жауапты кезең болары анық. Сөз жүзінде айтылып қана қоймай, керісінше халық игілігін көретін, ширек ғасырдан астам уақытта қол жеткізген құндылықтарымызды қастерлеу мақсатында жаңа белеске қадам басамыз. Ел тағдырын шешуге тікелей қатысы бар алдағы референдумға елін, жерін, тарихын, береке-бірлігін қастерлейтін, елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты қалайтын ізгі ниетті әрбір азаматтың, бүкіл халықтың қатысуы аса қажетті және маңызды.
Жаңа Қазақстанның болашағы үшін әрқайсысымыз референдумға қатысып, өз таңдауымызды білдіруіміз керек. Себебі бұл – біздің азаматтық борышымыз!
Қасымхан БЕГМАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері