Салт-дәстүр сабақтастығы
Елімізде бір шаңырақ астында 100-ден аса ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп, өзінің мәдениетін дамытып, әдет-ғұрыпы мен салт-дәстүрін берік сақтап отыр. Соның ішінде қазақ, қырғыз, түрік, өзбек ұйғыр жалпы түркі тектес халықтың әдет-ғұрпы бірдей болмаса да бір-біріне ұқсас келеді. Әсіресе ауданымызда көп кездесетін түрік ұлтының салт-дәстүрі біздің әдет-ғұрыптарға көбірек ұқсайды.
Мәселен, түрік халқы туыстық жақындықты қазақтар сияқты әке жағынан есептейді. Жүзге, руға бөліну оларда жойылып кеткенімен үш-төрт ұрпақ өтіп кетсе де кейбір әулеттер өздерін Надир балалары, Али балалары деп атайды. Түріктерде де ер адамдар әйел адамдардан бір саты жоғары тұрады. Ұл балаларға кішкентайынан «Сен ер жігітсің, әйел затынан қай кезде де жоғары тұрып, өз артықшылығыңды біліп жүр» деп үйретеді екен. Ондағысы ер баланың қыз баланы әрдайым қорғап, қолдап қамқор бол дегені. Олар «Cennet annelerin ayaklarin altindadir» деп, «Жәннат аналардың табанының астында» деген тәмсілді берік ұстанып, аналарын өте қатты сыйлайды. Олар да қазақтар сияқты «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетіп, жасы үлкендері кішіге ақыл айтып, дұрыс жол нұсқайды.
Дүниеге ұл баланың келуі түріктер үшін үлкен қуаныш. Ұл баланы ұрпақ жалғастырушы деп аса құрметпен қарайды. Бала бес жасқа толғанда барлық мұсылмандар сияқты міндетті түрде сүндетке отырғызады. Отбасы мүшелері үшін бұл ең маңызды күндердің бірі болып саналады. Осы қуанышқа орай сүннет дүүнү, яғни сундетке отырғызу тойын жасап, үйлеріне ақ дастархан жайып, қонақ шақырады.
Қазақ бауырлары сияқты түріктер де күрес өнерін жетік меңгерген ұлттардың бірі. Ұл баланы жастайынан күреске баулиды. Түріктер осы күрес балуандары арқылы әлемге танылып отыр. Қазақстан күрес құрамаларының арасынан да түрік балуандарын кездестіруге болады.
Түріктерде де құда түсу салты бар. Қыздың келісім беру, бермеуі жігіт үшін үлкен сынақ. Сол себепті жігіт қыздың ойын білу үшін алдын ала алма беріп жібереді. Қыз көнген болса, жауап ретінде өз орамалын салып жібереді. Алайда екі жастың қосылуы тікелей әкенің қолында. Ұлдың әкесі туыстары арасынан екі-үш сыйлы азаматты ертіп, қыздың әкесіне жолығып, дастарқан басында келген шаруасын айтады. Түріктер арасында қыз жағы іштей келіскенімен, әдеп сақтап, бірден келісе салмау салты бар. «Қызым тым жас» дегенді тілге тиек етеді. Жігіт жағы үшінші рет келгенде ғана өз келісімін беріп, батасын береді. Ризалық белгісі ретінде жаңа құдаларға сый-сияпат көрсетіп, дастарқанға палау, халва, шербет қояды. Ас соңында қалыңмал мәселесін шешіп, үйлеріне тарқасады.
Үйлену тойына дейін жігіт қызға жүзік, сақина, орамал, тағы да басқа сыйлы сыйлықтар жіберіп тұрады. Қалыңдық жігіттің сыйлаған жүзігін саусағына салып нишанлы, яғни некесі қиылған болып саналады. Жаулық салып, шашын жібермей, явуклу, яғни ұзын етекті киімдер киіп, ашық-шашық жүруді қояды. Той болардың алдында қалыңдықтың қол-аяғын қынамен бояйды, қыз «хналы» аталады. Той күні жігіт қалыңдығына айна мен тәтті тарту етеді. Тәттіні сыйлауы алдағы өмірі тәтті болсын дегені, ал айнаны ұсынуы қалыңдықтың қуаныштан нұрланған ақ дидары әрдайым сұлу қалпын сақтасын дегенді білдіреді. Той әсем ән мен би, толы дастарханмен жалғасып, балуандар күресі, ат жарысы сияқты ұлттық спорт түрлерін өткізумен аяқталады.
Түріктер арасында құдалар екі рет құдаласатын кездер де болады, яғни келінінің ағасы жігіттің қарындасын алуы мүмкін. Ондай дәстүрді бастан кешкендерді «қайшы құда» деп атайды.
Үйлену тойы кезінде көпшілік алдында қалыңдық пен күйеу жігіттің бір-біріне деген нәзік ілтипатын көрсетуге тыйым салынады. Екі жас келген кезде қалыңдықтың жеңгелері нан, тұз және жеміс жидек салынған табақпен билеп қарсы алу рәсімі бар. Ең қызығы күйеу бала мен жолдас баланы үйдің төбесіне шығарып жіберіп, сатыны тығып қояды. Жігіттер еш жерін жараламай шатырдан түсіп, есікті қағып, сәлем беріп үйге кіру керек екен. Жас қыздар жеміс салған тарелканы бастарына қойып жігітті айнала билеп, күйеу жігіттен сыйлық алады. Осы рәсімнен соң үлкен кісілердің рұқсатымен жігіт жолдасымен бірге қалыңдықтың жанына отырып, тамақ ішу мүмкіндігіне ие болады. Отырыс әсем ән айтумен, би билеп, музыканттар аспаптарында ойнаумен жалғасады. Қазақтардың «сыңсуы» сияқты қалыңдық туған туыстарымен, әке-шешесімен қоштасу үшін қоштасу әнін айтады.
Келін жолдас қызы екеуі жігіттің ауылына кетеді. Жігіттің есік алдына қазан төңкеріп қояды, қалыңдықтың қолына анардың жеміс суын құяды. Жеміс шырынын өмірі анардай тәтті, баянды болсын деген ниетпен екі босаға мен маңдайына жағады. Үйге кірер кезде қазанға қыздың оң аяғын тигізеді. Бұл қыздың қиындыққа шыдап, жақсы мен жаманды бірге көретіндігін білдіреді. Үй табалдырығын аттаған қалыңдықты жолдас жігіт қонақтармен таныстырады. Қолына пышақ алып, келінді айналып «Келіннің басын кесейін бе, тілін кесейін бе?» деп сұрайды. Көпшілік тілін кес деп айқайлаған соң, басына қабат қабат оралған орамалдың ұшын кесіп жібереді. Бұл ғұрып келіннің тілі қысқа болып, артық әңгіме айтпай, мәдениетті болып, үлкен-кішіні сыйлап өтсін деген мағынада жасалынады.
Қонақ жайлылығынан қазақтан кем түспейтін түрік ұлты үйіне келген қонақты жоқ дегенде бір кесе шай ішкізбей жібермейді. Қазақтармен бірге өскен түріктер арасында нан ауыз тию салты да қалыптасқан. Алғыс айту, кешірім сұрау қарапайым түрік ұлтына тән қасиет.
Айсұлу Алданазар