Аспан әлеміне саяхат басталды
Қоғамды нарық билеген заманда адамзаттың дені тіршілігін түзеуді, көбірек кәсіпке бетбұруды таңдады. Алайда, аспан кеңістігін, өзге ғаламшарды зерттеу құбылысы күн өткен сайын әлем қызығушылығын оята түсті. Тіпті, дамыған елдер осы бағытқа бұрылып, ол жақтағы тіршілікті қалыптастыруды көздеуде. Бұл болашақтың жобасы, қазір мектеп оқушылары арасында телескоп аппаратын қолданып, аспан денелерін көру толық жүзеге аса қоймады. Оның себебі көп, сондықтан осы құрылғымен жұмысты жиілету, сабақ бағдарламасына мейлінше енгізуге тиістіміз. Өйткені бұл – заман талабы.
Адам баласының қоғамдық дамуы үздіксіз өсіп, өрістеп отыратын күрделі процесс. Қаншама болдым-толдым десе де адам баласы қол жеткен табыстармен шектеліп қала алмайды, әрқашан көбірек білуге құштар болады да тұрады. Өйткені бізді қоршаған әлемде әлі де болса ашылмаған сырлар, шешілмеген жұмбақтар, жүрілмеген жолдар жетеді. Адам баласының ұшқыр ойы мен ақылы әлем құрылысының таңғажайып сырларын ашуға бағытталғанымен ХХ ғасырға дейін планетааралық кеңістікті зерттеудің ғылыми негізін жасауға мүмкіндік болмады. Ракеталық-космостық техниканың тұңғыш ғылыми негізі қаланғанына көп уақыт болған жоқ.
Телескопты кім ойлап тапқан?
Алыстағы нәрселерді жақындататып және үлкейтетін алғашқы аспаптарды Голландияда 1608 жылы ойлап шығарған. Оларды көзілдірік жасайтын адам ойлап тапқанға ұқсайды. Галилео Галилей бір жылдан кейін осы өнертабыс туралы естиді. Түнгі аспанды бақылау түтігі бірі біріне кіретін екі түтікшеден тұрған. Түтікшелердің ұштарына ол линзаларды орнатты. Олардың біреуі обьектив жұмысын атқарды, кішірегі, окуляр жұмысын атқарды. Ол арқылы бақылау жүргізіллді. Бұл телескоп 30 есе үлкейтуді меңгерген. Галилей Айды, планеталарды, жұлдыздарды зерттеген. Ол Күн жүйесіне қатысты көп маңызды жаңалықтар ашқан.1668 жылы Исаак Ньютон айналы телескоп ойлап шығарды. Ол линзаларды айнамен алмастырды, соның нәтижесі кескін айқындығы өсті. 1758 жылы түсті контурларды зерттейтін хроматикалық линзалар ойлап шығарылды. Қазіргі астрогомиялық бақылауларға арналған ең үлкен телескоптардың барлығы-айналы.
Ең қарапайым телескопты жасап көруге болады. Оған екі үлкен шыны, диаметрінің сәл ғана айырмашылығы бар екі картон түтікше, скотч керек. Тәжірибе кешқұрым ай жақсы көрінетін кезде жүргізіледі. Бір түтікшені екіншісіне кіргізіп, бір ұшына скотчтың көмегімен үлкейтіп шыныны бекіту керек. Айға үлкейтетін шыны жағынан қарап, ал басқа шыныны қарама-қарсы ұшының алдында ұстаймыз. Нәтижесінде айдың кері және үлкейтілген кескінін ала аласың. Өйткені алдыңғы шыны айдан шығатын сәулелерді жинап, түтіктің ішінде оның кескінін береді. Көзге жақын орналасқан линза бұл кескінді үлкейтеді және айды жақындатады. Линзалы телескоптар осылайша жұмыс істейді, бірақта шын аспаптар кері емес, дұрыс кескін көрсетеді.
Жаңақорған ауданында телескоп аппараты бар-жоғын білмеймін, бірақ, өзім дәріс беретін оқушылар үйінде осы құралмен балалар қызығушылығын аспан әлемімен байланыстырудамыз. «Қызықты география» үйірмесінің жетекшісі ретінде шәкірттердің шын талабына шырақ жағып, болашағына бағдар беруге тырысамыз.
Бүгінде үйірмеде 36 оқушы қамтылған, 1-4 сынып кіші топ болып есептеледі, онда 12 оқушы бар. Үлкен топ 5-9 сынып аралығында, бұл топта 24 оқушы бар. Үйірменің мақсаты – ғылымға қызығушылығы бар балаларды жер тіршілігінен бастап, аспан әлемін, планеталарға балалардың саяхат жасауына мүмкіндік беру. ASTROMASTER72 телескоп құрылғысы арқылы жұмыс жасаудамыз, оның негізгі ерекшелігі аспандағы ай бейнесін бақылау болады.
Ай демекші, ғарышкерлер Ай бетінде көптеген зерттеулер жүргізді, жүздеген келі ай жыныстарын жерге жеткізді. Жүргізілген зерттеулер жылу ағынын, магнит өрісін, радиация деңгейін, екпіні мен құрамын өлшеуге арналды. Бұл зерттеулер қорытындысында айдан тараған жылу жердегіден үш есе аз екені, ай жынысында сақталған қалдық, магниттік қасиеттер, метеориттердің түсуінен ай сілкінуінен болатын соққылар анықталды. Кейбір мемлекеттердің геральдикасынан да ай, күн, жұлдыз бейнесін кездестіруге болады. Қазақстан рәміздеріндегі туындағы шапағын шашқан күннің бейнесі де осыған мысал бола алады. Күн – көшпелілердің ең ұлы ұстазы деуге болады. Ол өзінің өмір сүру сипатын, тіршілік тынысын соған қарап үйлестіреді. «Мәңгілік қозғалыста болу». Міне, оның Күннен үйрене жүріп, көңілге түйген басты тағылымы осы. Бар өмір салтын соған бағындырып, тіршілік кешеді.
Ай арқылы қазақ жұрты ауа райын алдын-ала болжап білген. Ай шалқайып туса, онда сол айда күн жайсыз суық болады, ал еңкіш, еңкейіп туса, онда сол айда күн жылы, жайлы болады, айдың үш жаңасында ай толығырақ, өңі ақ, екі ұшы доғалдау, тік көтерілсе, сол айда жауын-шашынды, желді, боранды болады деп түйген.
Ай туғанда бұрынғысынан үлкен көрінсе, сәулелі қызғылт болса, жауын жауатынының белгісі. Толған ай ашық туса, күн жылы, жақсы болады. Ай қызыл түспен қорланып, әлгі шеңбер кеңейіп барып жоғалса, келесі күні күн ашық болады. Егер ай бұлыңғыр болса, жаңбырға қарсы, ал ашық түсті ай ауа райының ашық болатындығын білдіреді. Жұлдыз шақшиып тұрса, күн аязды болады. Егер шолпан күзде кешке таман көрінсе, қыс қатты болады. Адам баласы жұлдызды биліктің белгісі, өмірлік бағыт-бағдарды айқындайтын жарық сәуле, асқақтық пен мәңгілікке құштарлық символы ретінде өте ерте замандардан бері пайдаланып келеді.
Курс сабақтарының негізгі бағдарламасында жас ғалымдардың өздігінен ізденуіне, ғылыми жобаға бет бұруына, шығармашылық жұмыстармен айналысуына, жаратылыстану мен география пәнін тереңірек түсінуіне жол ашылады. Сондай-ақ, табиғаттағы ғажайыптарды тани түсуге, олардың жаратылысын жан-жақты зерделеуге де жол ашылады. Жалпы айтқанда, жұмыстың жүйесі осылай құрылады. Мақсаты айқын, берері бір.
Адам баласы ғарыш көгіне көтеріліп, ашық космосқа жол ашты. Жерді және оның байлығын ғарыш кеңістігінен зерттеудің пайдалы жақтары ойластырылуда. Дүние жүзінің көптеген ғалымдары адамзаттың әрі қарай өмір сүруіне қажетті жетістіктерді ғарыштан табамыз деп болжам жасауда. Сондықтан жастарды ғарыш ғажайыптарын игеруге үйрете білсек, әлемдік дамуымызға қосар үлесіміз сол болмақ.
Аяулым РЫСБЕКОВА,
Жаңақорған оқушылар үйінің
«Қызықты география» үйірмесінің жетекшісі