Ат тұяғын тай басар
Біздер Нәкең –Ниеталы екеуміз әрі қатар, әрі әріптес, әрі кездейсоқ танысып, еңбек жолымыз қатар басталған, бұрын таныс-біліс болмасақ та тағдыр бұйыртып, өмір жолымыз сол 1967жылы бірге түйісіп, содан 40 жылға жуық жолдас-дос болып өткен, отбасымыз туыстан да жақын болып кеткен, ол сыйластық балаларымызға да жалғасып жатқан (бұйырған) азаматтар едік. Оның өмір, еңбек жолы, қысқаша былай басталып еді.
Мысалы, мен 1965жылы Қызылорда пединститутын бітірген соң, Жаңақорғандағы малшы балаларына арналған №3 мектеп интернатында екі ай мұғалім-тәрбиеші әрі үйірме жетекшісі болып істеп, одан бір жылға әскер қатарына алынып, Ресейдің Горкий қаласы маңында әскери дивизионда қызмет еттім. Әскерден қайтып келген соң, 1967 жылы наурызда ауылдағы өзім он жыл оқып бітірген №54 Октябрь орта мектебіне орналастым. Ниеталы мен Қанымша осы институтты 1967жылы бітірген екен. Екеуі де ағылшын тілінің маманы еді.
Нәкең мен Қанымша ауданға келіп, мектеп таңдап жүрген болу керек, Жаңақорғанның автобусында кездесіп қалдық. Мен бұл екеуінің №54 мектепке келуін қатты қаладым. Бұл менің сол кездегі оларға деген ықыласым әрі олармен алдағы тұз-дәміміздің жарасуы, ұстаздық жылдарымыздың – өміріміздің бірге өтуі, әрі жолдас, сыйлас, дос болуымыз бұйырып тұр екен-ау – деймін кейін.
Ниеталылар біздің мектепке аудандық білім бөлімінен бұйрық алып, «Талап» кеңшарының орталығына көшіп келді.
Анасы – Жадыра сондай қайратты, жарамды, ешкімді жатырқамайтын, тура, әділ сөйлейтін кісі екен. Нәкеңнің әкесі (Қуатбек) соғыстан оралмаған, анасы балаларына әкелерінің жоқтығын білдірмей, қандай ауыр жұмыс болса да қайыспай атқарып келген. Бауырлары Марат пен Пиялай оқушы.Ол кісінің Ниеталы мен Пиялайды жеткізген қажырлы да қайратты мықтылығы бізді таңқалдыратын. Кейде Ниеталыға: «Әй, Қуатбеков!» деп қоятын. Осы бір ауыз сөзімен-ақ Нәкеңе көп мағыналы ескертуін білдіріп, әрі соғыстан оралмаған әкесін есіне түсіріп, өзі де сарғайған сағынышын білдіреді-ау, жарықтық. Қызы Пиялай да мектепті өте жақсы оқып бітірді. Садыбаев Жақсылық деген азаматқа тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып өсіп-өніп жатыр, немере сүйіп отыр.
Біз сол танысқан күннен бастап көңіліміз жарасып кетті. Жұмысқа да құлшына кірісіп кеттік. Мектеп басшылары (Ж.Топышев, А.Өміров) Ниеталы екеумізге сабақтан басқа екі кластың жетекшілігін берді. Мен 5а класына, Ниеталы 5 ә класына жетекші болдық. Жалпы менің пәнім- қазақ тілі мен әдебиеті және музыка болатын. Нота білемін, домбыра, баян тартамын, көркемөнерпаздар жұмысын жүргізетінім де, оқушыларға екі дауыспен хор үйрететінім де содан ғой.
Ал Нәкеңнің мамандығы – шет тілі (ағылшын) мұғалімі. Бірақ тұла бойы өнерге толы, тума талант спортшы еді (спорттың барлық түрінен хабары бар). Оқушы, студент кезінде бокспен айналысқан, бірінші разряды-санаты бар. Қашан көрсең, оқушылар арасында жүреді. Мектеп ұжымының: «Зәкеңнің класы шетінен өнерге, ал Нәкеңнің класы спортқа бейім» деп айтатыны да содан болса керек. Біздің бойымыздағы өнерімізді шәкірттерімізге бере білгеніміз, олардың ағайларына (класс жетекшілеріне) еліктегені сол кезде де, кейін де білініп тұратын.
Шындығында да, Нәкең спортзалы жоқ ескі мектепте жүріп-ақ талай оқушының спортшы болып қалыптасуына тікелей әсер етті, көп еңбек жасады. Оның шекпенінен шыққан Тұрсынәлі Орынбеков жеңіл атлетикадан (ұзақ қашықтыққа жүгіруден) Одақтық кроста жүлдегер атанса, Оспанбеков Өмірзақ мектепте баскетбол үйірмесіне қатысып, «стадион директоры» атанып, ақыры Нәкеңнің қамқорлығымен дене тәрбиесі институтына түсіп, спорт шеберлігіне кандидат болып бітіріп келген соң, мектепте баскетболдан «спорт класын» ашып, оның шәкірттері талай жарыстарда мектеп, аудан намысын қорғап, талай жүлделерге ие болды. Олардың көпшілігі мектеп бітірген соң осы мамандықтың иесі болды. Сондай-ақ Е.Мелдебеков жоғары білімді дене тәрбиесі мұғалімі болса дәрігер Б.Әлішев секілді шәкірттері және өзінің ұлы Қайрат Қуатбековтің кластастары спорттың қандай түрінен болса да сайысқа түсе беруге дайын болып ержетті. Жалпы біздің Нәкеңнің, кейіндері Өмірзақтың және Естайдың арқасында біздің мектеп әрқашан спорттан ауданда алдыңғы сапта болды.
Нәкеңде ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін ақкөңілдік, көпшілдік мінез болатын. Өзінің қолынан да көп нәрсе келетін «алтын қолды» азамат болды. Педагогикалық ұжымда кім өтініш айтсада орындайтын, олардың көрнекті жазуларын, сызуларын жазып-сызып беретін.
Сол жылдарда аудан мектептері, әр көктемгі демалыста, мұғалімдердің арасында аудандық өнер олимпиадасына қатысатын. Ол бір үлкен жауапкершілік, үлкен өнер сайысы болып есептелетін. Әр мектептің жас ұстаздары бұл жарысқа жаңа жылдан бастап сабақтан тыс уақытта дайындалып, біраз өнер жанрын қамтып (ән, хор, би, күй, оркестр, көркемсөз, интермедиа, қойылым, сиқыр-фокус т.б) арнайы бағдарлама жасайтын. Оған мен де қатысып, ән де айтатынмын, баянда сүйемелдейтінмін, ал келіншегім Зөреш «Сыр сұлуы» биін дайындап шығарды. Екі дауыспен хор да шығарамыз. Ал Ниеталы өзбектің «Аспаз» әнін ала шапанын киіп, қолына сылдырмағын алып, билеп жүріп айтатын. Сондай-ақ ұлы Абайдың бейнесін жасап, төбе басында шапанын жамылып, тақиясын киіп, қолына кітабын алып «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп күңіреніп отырғанда, көзіңе ұлы Абайды елестететін.
А.Жұбановтың «Би» күйінде Нәкең мандалинамен (примамен) қатысатын. Табылған интермедия жазып, оны Исахан екеуі орындайтын. Ал Мейірбек болса, көрерменге сиқыр (фокус) көрсетіп, біреудің көйлегін шешіп алып, қолына күкіртін жүгіртіп, сандықтан адам шығарып жұртты таңқалдыратын. Ол үшін өзіміздің Сабыр ағай арнайы сандық әзірлейтін. Құралай қызымыз (марқұм) орыс тілінде көркемсөз оқитын, Қанымша «Әпитөкті», Нұрхан «Алатауды», Айымкүл «Ах, Самараны» шырқайтын, Қорытынды концертке негізінен біздің №54 мектептің нөкерлері (өнерпаздары) шығатын. Оның ішінде Ниеталының «Аспаз» сияқты әні, «Абай» секілді көрінісі болатын. Жалпы 1-інші орынды ешкімге бермейтінбіз. (Бізбен тек №55 Бірлік мектебі ғана тайталасты).
Біздер бір мектепте бірге істегенмен әрі жасымыз қатар, көңіліміз жақын жандар есебінде отбасылық та достар болдық. Зөреш Қанымшамен көңілдері жарасатын, өрістері бір, үлкен ұлдарымыз Қайрат, Низамидин дүниеге қатар келді.
Жоғарыда айтқандай, Ниеталы шын мәнінде сегіз қырлы, бір сырлы азамат болатын, ешкімге артық сөзі жоқ, барынша ақкөңіл жан еді. Атақ, дәреже, марапат іздемейтін «қарапайымдылықтың үлгісі» десе болғандай, «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып жүретін. Кезінде сол кезде шыққан «Аға мұғалім» атағын алғашқылардың бірі болып алған, озат ұстаз болды. Білім беру, спорт саласынан алған марапат-грамоталар, дипломдары жетерлік болды. Соларды қанағат тұтты, есік жағалаған жоқ. Өмірқосағы, ұстаз-ана Қанымша екеуі алтындай 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы да жақсы оқыды, тәрбиелі, өнегелі, инабатты болып өсті, жоғары оқу орындарын бітіріп, мамандықтары бойынша еліне қызмет етіп жатыр. Мараты, Бағдаты жеке кәсіпкер, Ләззат, Жомарт, Ұлағат – ата-аналарының жолын қуған ұстаздар. Бекзаты мен Шерзаты жоғары оқу орындарының (ХҚТУ-нің және Қорқыт ата университеттерінің) ғалым-ұстаздары. Бүгінде ардақты ұстаз – ана Қанымша да осы балаларының, немерелерінің құрметіне бөленіп, қуаныш-қызықтарын көріп, Аллаға шүкіршілік етіп ауылда – қара шаңырақта отыр. Біздер әрдайым ол шаңыраққа соғып, Нәкеңнің орнына Құран оқып, Қанекеңе сәлем беріп тұрамыз.
Нәкең тірі болғанда биыл 80 жасқа толып, мерейтойын өткізген болар еді-ау деп досымызды сағына еске алып отырған жай ғой біздікі.
Мен бұл жазбамда Ниеталы мен Қанымшаның тұла бойы тұңғышы – Қайрат жөнінде айрықша тоқталмақпын. Әкесіне қатты ұқсайтын осы перзентінің бойынша Ниеталының мәрттік, бекзаттық қасиеттерін айрықша танығандай боламын. Қайрат мектепті алтын медальмен бітірді. Қазірде республикаға белгілі хирург-кардиолог, Сызғанов атындағы Алматы кардиохирургия институтының білікті дәрігері, ғылым кандидаты, атақты Ю.Пяның тікелей шәкірті. Ол менің де сүйікті шәкіртім, әрі туған баламдай.
Қашан барсаң құшақ жая қарсы алып, қолынан келген ем-домын жасап жібереді. Мені ғана емес, бүкіл жаңақорғандықтар риза.
«Ат тұяғын тай басар» деген осы да!
Зинабдин ШЕРМҰХАММЕДОВ,
Ы.Алтынсарин медалінің иегері, ауданның Құрметті азаматы