№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жаңақорған теміржол бекеті

Жаңақорған теміржол бекеті


Ауданда ғасырлық тарихы бар ғимарат бар. Сенесіздер ме? Алғашында бұған байланысты күмәнмен қарағаным рас. Зерттей, зерделей келе ғасырдан астам уақыт бойы өңірдің өткені мен бүгініне куә болған тарихи маңызды обьектілер бар екенін білдім. Соның бірі – Жаңақорған темір жолының ескі бекеті. 1905 жылы пайдалануға берілген тарихи нысанның іргесі мықты. Егер күтім жасалса әлі ғасырды артқа тастауы әбден мүмкін.
Қазақстанның «Құрметті журна­лисі» Адырбек Сопыбековтың «Жаңа­қорған» кітабында мынадай деректер келтірілген: «Қазан төңкерісіне дейінгі бұл өңірдегі үлкен оқиғалардың бірі – 1904-1905 жылдары  Жаңақорған үстінен Орынбор-Ташкент теміржолының өтуі болды. Патша үкіметінің Қазақстан жері арқылы өтетін жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын бұл теміржолды салудағы басты мақсаты кең байтақ өлкедегі арзан шикізат қорын Ресейге тасу еді. Бес жыл бойы жүргізілген теміржол құрылысының жұмыстары Орынбор мен Ташкенттен бір-біріне қарама-қарсы екі бағытта қатар жүргізілді. Жаңақорған үстінен өткен темір жол Ташкент бағытынан жүргізілген құрылыс бойынша салынды. Жаңақорған ауданы үстінен өткен бұл теміржол ұзын желісі 95 шақырымға жетті. Жол бойындағы Бесарық, Аққұм, Жаңақорған, Төменарық стансалары биік орнатылған суханалармен бірге салынды. Жол бойында 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29 аялдамалар (разъездер) болды. Мұның ішіндегі 28-разъезд кейінгі жылдары (Кеңес үкіметі кезінде) Талап стансасы болып ұйымдастырылды…».
1939-1941 жылдары Жаңақорған стансасының бастығы болған Құдай­берген Сарқұловтың әкесі Досматтың сөзі де еңбекте жазылған екен: «…Жұмысшылар жаз бойы 16 шақырым жердегі Өгізмүйістен түйемен, өгіз арбамен тас тасып, майдалап жолдың табанына төсеген. Ол кезде темір жол стансаларын бекет деп атаған. Ресейдің темір жол басшылары бекет пен бекеттің арасын ат жеккен фаэтонмен аралап, жолдың салыну сапасын тексеріп тұрыпты…».
Cонымен қатар Адырбек ағаның кітабында бұл бекеттің басшыларының да есімдері кездеседі: «Жаңақорған стансасының тұңғыш бастығы К.И.Матавилов деген азамат болыпты. Досмат Сарқұлов та біраз уақыт стансаны басқарды. Станция бастығы болып 1943-1948 жылдар Ш.Қонысов, бұдан кейінгі жылдары А.Мещищев, И.Чишков, Қ.Төлеков, Р.Алдамжаров, Ө.Ибрагимов, Б.Аймағамбетов, Е.Рүстемов, Н.Бекежанов деген азаматтар істеді» делінген.
Теміржол бекетінің құрылысы туралы ақпарат алу үшін өңірімізге белгілі тарихшы, нумизматик Әлімжан Рахметұлымен де сөйлескен едік.
– Стансаның кірпіштері өте мықты, ерекше технологиямен жасалған. Құрамына  ешкінің, түйенің қылдарын қосып илеген. Адамдар аяқтарымен илеп, оның лайын күз мезгілінде (қыркүйек, қазан) жатқызып, қысқа қалдырған. Қыста қардың, жаңбырдың суымен лайдың тұздары жуылып кетіп, тазарған. Күн жылыған кезде ғана кесектерді құйған.
Cонымен, кесектердің өлшемі еуропалық стандартпен 12х25-тен болған. Бұл кесектерді арнайы пештерге салып күйдірген. Ол кезде кесек күйдіретін пештер 2 жерде болған екен. Кесектерді сексеуілдің отына өте жоғары температурада (1200 градуста) күйдірген. Пештердің пішіні тандыр пеші тәрізді болған, әр пешке шамамен 500-дей кірпіш күйдірілген. Олардың сапасын тексеру үшін 2-3 күнге суға салып қойып, езілмей бүтін қалған кірпіштерді ғана пайдаланған. Бұл бекеттің қазірге дейін сақталу құпиясы осындай бейнетте жатыр екен. Сондай-ақ, осы жерде еңбек еткен ардагер теміржолшылардың кейбірі бұл стансаның әр тасын Жайылмадан тасығандығын айтуда.
Шеберді шеге қағысынан таны дегендей, бұл құрылысты үлкен еңбек, аса шыдамдылық пен төзімді іске шебер жандар жүргізгеніне осы күнге дейін сақталуы дәлел. Құрылысты Ресейден келген орыс инженерлері жүргізген. Фундаменті кірпіштен қаланған. Биіктігі 1 метрге жуық, ал қабырғаларының қалыңдығы 80 см болған. Кірпіштерді өру кезінде арасына киіз салып өрген. Сол себепті қыста жылы, жазда салқын болып тұрады. Төбесін қызыл қалың қаңылтырмен жабылған. Сонымен қатар, Әлімжан Рахметұлы 1930 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде бекеттің бір бөлігін тұтқындарға арналған абақты ретінде де пайдаланған дегендерек келтірді.
Станцияның жанында үлкен су мұнарасы (су қоймасы) болған. Мұнараның биіктігі 15-20 метр. Қорған көшесі маңындағы көлдің суын осы су қоймасына жинап, паровоздар су буымен жүргендіктен, ол суды паровоздарға құйған. Одан бөлек қоймаға жиналған суды ішуге де пайдаланған екен.
Аудан тұрғындарының бәріне аян,  Жаңақорғанда 1959 жылы болған үлкен су тасқынынан осы станция ғимараты мен сол кезде қыш мектеп аталған қазіргі мұражай ғимараты аман қалған. Қазіргі дамыған заманның техникаларынсыз-ақ жасалған бұл орындардың ғасырдан аса тарихына таңқалмасқа шара жоқ.
Рауза ӘЗІЛХАН
07 қараша 2021 ж. 377 0