Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Томас Густав Виннер. Үш дәстүрді ұштастырған

Томас Густав Виннер. Үш дәстүрді ұштастырған

Қазіргі күні қазақтың өткен ғасыр­дағы аса ұлы ойшыл көсемі ретінде танылып отырған Абай Құнанбаевтың алдында өз халқына батыстың ілім-білімі мен әдебиетін жеткізу ғана емес, сонымен бірге ел-жұртына сол батыс мәдениетінің өзге де қырлары мен сырларын таныстыру ісіне жете көңіл бөлу міндеті тұрды. Абай өз еліне оқу-ағартудың ғана емес, сондай-ақ кең ауқымды әлеуметтік жаңғыртудың және халық мәдениетіндегі бағзы көз­қарастарды қайта бағдарлаудың қажет­тігін түсінді. Ол бара-бара өз зама­нын­дағы батысшыл зиялылардың мойын­далған көшбасшысына айналды.

Абай дүниеге келерден аз ғана уақыт бұрын Ресей билігін қабылдаған көш­пелі тобықты руынан шыққан ықпалды кісінің ұлы еді. Семейдегі мұсылман мектебіне (медресеге) оқуға түскен оның шығыс әдебиетіне ынта-ықыласының ертерек оянуына араб және парсы дәрістері әсер етті. Кейінірек ол орыс мектебіне ауысып, онда алғашқы поэзиялық туындыларын жазуға талпыныс жасады. Мұндағы оқуы оның әке мұрагері ретінде тәрбиеден өту үшін шаңырағына қайта шақырылуына байланысты үзіліп қалды. Ал бұл Абайды өз әкесінің билеп-төстеушілік ыңғайындағы күрделі пікір қайшылығына ұшыратып, сол шиеленіс оның кейінгі шығармалары мен қазақ қоғамына деген сыншылдығына зор әсерін тигізді. Жиырма сегіз жасқа келген Абай өз отбасынан оқшауланып, орыс мәдениетін қайта зерттеуге кірісті.
Сол кездегі алдыңғы қатарлы қазақ ойшылдарының орташа білімімен салыстырып қарағанда, Абайдың білімі әлдеқайда кең ауқымды және жан-жақты болатын. Ол Шығыс әдебиетінен, атап айтқанда, араб, парсы және шағатай поэзиясынан жақсы хабардар еді. Ол Фирдоуси, Низами, Науаи, Бабыр және Хафиз секілді классиктерді терең таныды әрі өзінің алғашқы өлеңдерін осы көркемсөз шеберлеріне еліктеп жазды. Ол Табаридің, Рашид-ад-диннің, Бабырдың және Әбілғазының тарихи еңбектерін зерттеді, сонымен бірге ислам дінін жетік меңгерді. Мұнымен қатар, ол Ресей әдебиеті мен қоғамдық ойын да молынан игерді. Ол Е.П.Михаэлис, Северин Гросс, Нифонт Долгополов және Леонтьев сияқты жер аударылған революционерлермен жақын дос болды, бұл тамыр-таныстық оның орыс пен батыс мәдениетін зерделеуіне ерекше қозғау салды. Ол Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың, Некрасовтың, Салтыков-Щедриннің, Толстойдың туындыларын, сондай-ақ Белинскийдің, Добролю­бовтің, Чернышевскийдің және Гер­ценнің әлеуметтік-сыни жазбала­рын құмарта оқыды; уақыт өте келе Лермон­товтың, Пушкиннің және Крыловтың кейбір шығармаларын өзінің ана тіліне аударды. Гетенің, Гейненің, Байронның өлеңдерімен, классикалық грек әде­биетімен және батыс ойшылдарының, оның ішінде Дарвиннің, Спенсердің, Спинозаның еңбектерімен орысша аудармалары арқылы танысты. Гете мен Байронның поэзиялық шығармаларын орысша аудармаларының негізінде қазақ тіліне тұңғыш тәржімалаған да Абай еді.
Қазақ, ислам және батыс мәдениеті­нен білімдарлығы Абайдың шабытына шабыт қосты, сондай-ақ ол өз шығар­ма­ларында осы үш дәстүрді ұштас­тыру­ға ұмтылды. Оның қадір-қасиеті тек ли­бералдық-ағартушылық көз­­қарасы­нан және кең өрісті қарымды­лығы­нан ғана емес, сонымен бірге өткір сын­шыл­дық қабілетінен де білін­ді. Абай­дың шығармалары қазақ өмірі­нің барлық саласын қамтыды; оның дидак­тикалық прозалық туындыларынан бас­тап ли­рикалық және романтикалық поэ­зиясына дейін алуан түрлі реңк пен бояу­ға толы. Зорлық-зомбылықтың, әділет­сіздіктің немесе надандықтың бірде-бір көрінісі оның назарынан қағыс қалмаған. Ол әрі ағартушы, әрі гуманист әрі пәлсапашыл интернационалист болуымен қатар, ақын, прозашы әрі аудармашы ретінде де та­нылды. Оның ашықтан-ашық «батыс­шыл» болуы өз заманы үшін өте ма­ңызды еді, се­бебі бұл кезде дала төрінде сыңар­жақ ұлт­шылдық белең алып, ислам­шыл­дық пен түрікшілдікке табанды бағыт ұсталды.
Адам ақылының қуатына деген гуманис­тік сенім – Абайдың өмірі мен шығар­маларына тірек болған негізгі фило­софиялық қайнар; осындай көз­қарасқа сүйене отырып, біз оның қазақ мәдениетіне қосқан басты жетістіктерін бағалауымыз керек.
Абай жас кезінде араб-парсы әде­биеті­нің тегеурінді ықпалына ұшырап, оның бастапқы өлеңдерінде шығыс көркемсөзін мадақтау бой көрсетті. 1858 жылы ол ислам поэзиясы туралы былай деп жырлады:
Иүзи – раушан, көзі – гәуһар,
Ләғилдек бет үші әхмәр,
Тамағи қардан әм биһтар,
Қашың құдрет, қоли шигә.
 
Мүбәда олса ол бір кәз,
Тамаша қылса йузмә-йуз.
Кетіп қуат, йұмылып көз,
Бойың сал-сал бола нигә?
Бірақ есейген шағында Абай шығыс­тағы ұстаздарынан, ислам классик­терінен және өзінің жас кезіндегі секілді, шығыстың көбіне діни тақырыптағы, пішіні тым әшекейлі, тілі метафоралық оралымдарға толы поэзиясына көзсіз еліктеген қазақ ақындарынан саналы түрде сырт айналды.
Сөз айттым «Әзірет Әлі»,
 «айдаһарсыз»,
Мұнда жоқ «алтын иек,
сары-ала қыз».
  (1889 жыл).
Ислам шығармаларының мистикалық мазмұны мен исламның догмалық ілімі бара-бара оған жат бола бастады, оның дін­шілдігі тек адамның мінез-құлқын жетіл­діру мәселесіне байланысты ғана кө­рініс тапты. Дегенмен, ол шы­ғыс мә­дениетін бәрібір үнемі жоға­ры баға­лау­мен болды, кейінірек өзінің шығар­ма­шы­лық қыз­меті арқылы ол қазақ­тардың ру­хани көк­жиегіне Шығы­стан арабтың «Мың бір түн» хикаясы­ның, парсының «Шахнама» эпо­сының үлгілерін, сондай-ақ парсы және түркі халықтарының көптеген фольк­лорлық жәдігерліктерін енгізді.
Абай ойшылдығына ислам мәдение­­тінен гөрі, өз елінің мәдени мұрасы, сондай-ақ орыс және батыс ағартушы­лығы басымырақ ықпал етті. Өзінің төл мәдени мұрасын бағалай білген әрі оның тар ауқымда шектеліп қалғанын көргісі келмеген ол шын мәнінде реформатор болды және батыстың ой қазынасын туған жұртының мәдениетімен тоғыс­тыруды қалады. Әйтсе де, ол Ресейдің бүкіл оз­быр­­лық саясатын және орыс­тар­дың өз ұл­тын саяси әрі мәдени тәуел­сіздіктен айы­ру­ға ұмтылысын аяусыз сынап отырды.
Абай өзінің әуелгі өлеңдерінде қазақ тұрмысы жөнінде көбірек толға­нып, зор мән берді. Бірақ оның сол туын­ды­ларының өзінде қазақтың ауызша поэзиясына тән дәстүрлі шешендік мәнер­дің немесе қазақ фольклорындағы дағдылы тақырып желілері белгілерінің аз екендігі аңғарылады. 1887 жылы жазыл­ған бағдарламалық өлеңінде («Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы») Абай ақындыққа байланысты көзқара­сын былай білдіреді:
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман
 зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы,
сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Абай қазақтың сөздік қоры мен дәстүрлі танымдық жүйесін түбегейлі өзгеріске ұшыратып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол надандық, парақорлық, жатыпішерлік, әйелдердің жағдайы, діни шала сауаттылықтың зияны секілді мәселелерді қозғаған проблемашыл әдебиетті қатарға қосты.
Алтынсаринмен үндестік тапқан Абайдың кең ауқымда жаппай білім беру арқылы өз халқына батыс ағарту­шылығының жемістерін жет­кізсем деген ұлы ұмтылысы оның көп­теген еңбегінде, атап айтқанда, өз оқыр­мандарымен пәлсапалық сұхбат түрінде баяндалатын прозалық шығар­масында, яғни «Ғақлиясында» көрініс берген: «Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса, денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» (1891 жыл).
Абай өз халқына білім беру жолын­дағы ізденістердің барысында, ақын­ның әлеуметтік рөлін қазақ даласы ақындарының арасында бірінші болып түсінді. Бұл мына жолдардан айқын көрінеді:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас,
талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр,
қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес,
сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын
 көрмей.
Таң қаламын алдыңғы айтқанды
 ұқпай,
Және айта бер, – дейді жұрт
 тыным бермей.
Ақынның рөліне байланысты осыған ұқсас ойды ол басқа бір тұста да айтқан:
Мақсұтым – тіл ұстартып,
 өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып,
көңілін ашпақ.
Білім мен ғылым жалпы жұртқа, тіпті оның алдында Алтынсарин айтқандай, әйелдерге дейін сіңірілуі керек. Абай «етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген» қазақтар өздерін-өздері түгел­дей сол надандықтан тазартпайынша, ұлтты аман алып қалудың жолын таба алмайтындығы жөнінде жазды.
Абай өз халқына күндердің күнін­де қазақтың мәдени ортасына ба­тыс мәдениеті мен өркениетін енгізу мүм­кіндігі және қажеттілігі болатын­дығын, сондай-ақ қазақтың мәдени мұрасын сақтау керектігін баса айтты: «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырл­ық қана таза оқытса болады... Орыс­ша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғы­лым да – бәрі орыста тұр. Зарары­нан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек ке­рек. Оның үшін олар дүниенің тілін біл­ді, мұндай болды. Сен оның тілін біл­сең, көкірек көзің ашылады. Әрбі­реу­дің тілін, өнерін білген кісі сонымен бір­дейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды...
Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі».
(Жалғасы бар)
 
 
Абайды ардақтаған Америка
(Осыдан алпыс екі жыл бұрын Солтүстік Каролина штатында жарық көрген бір ғылыми еңбек туралы)
1958 жылы Америка Құрама Штат­тарының Дьюк университетінің баспасынан «The Oral art and Literature of the Kazakhs Of Russian Central Asia» («Ресейге қарасты Орталық Азия қазақтарының ауызекі сөз өнері мен әдебиеті») деген кітап жарық көрді. Бұл зерттеу еңбектің авторы – АҚШ-тың славянтанушы және семиотик ғалымы Томас Густав Виннер. 
Аталған кітапта қазақ әдебиетінің ауызекі нұсқа­ларынан бастап өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шеніне дейінгі шығармаларға жан-жақты талдау жасалды. Америкалық ғалым сөз өнеріміздің жәдігерліктерін белгілі бір тақырыптар аясында зерделеп қана қоймайды, оның өзіндік ерекшелігін де атап көрсетеді.
Автор батырлар жырлары мен ертегілер, ақын-жыраулар мұралары, зар заман ақындарының өлең-жыр­лары жөніндегі ойларын айтады. Әдебиетіміздің тарихына қатысты нақты көзқарасын білді­реді. Кітабының алғысөзінде ғалым­ның өзі: «Айналымға қосылатын бар­лық түпнұсқа туындылар мұқият тексерілді, бірақ осы еңбек жазылып жатқан уақытта Кеңестер Одағының өзінде жан-жақты зерттеу жүргізуге мүмкіншілік болмады. Сол себепті менің қазақ әдебиеті мен сөз өнерінің өзіндік эстетикалық құндылықтары туралы қандай да болсын, кесімді пікір айта аламын деген ойым жоқ. Одан гөрі мен әлеуметтік көзқарасқа ден қойдым», – деп атап көрсетеді.
Мұхтар Әуезовтің «Америка әсер­лері» атты очеркінде сол тұста Колумбия университетінде қазақ­тың батырлық жырлары және олар­дың өзге эпостармен жалғасы туралы магистрлік диссертация қорғал­ғаны жөнінде баяндалған. Біздің топшылауымызша, бұл зерттеу­дің Виннер еңбегіне қатысы болуы әбден мүмкін. Біріншіден, автор кіта­бы­ның жарық көрген уақыты Мұхаң айтқан мезгілмен тұспа-тұс келе­ді. Екіншіден, Виннер аталған кітабының алғы­сөзінде ұстазы, Колумбия университетінің славян тілдері және әдебиеті кафедрасының профессоры Эрнест Дж. Симмонсқа алғыс айтады. Үшіншіден, Мұхаңның АҚШ-қа сапарынан екі жыл бұрын сол елде жарық көрген қазақ әдебиетіне қатысты бұл еңбек оның назарына түспеуі мүмкін емес.
Автордың айтуынша, зерттеу 1947-1948 жылдары ойластырылып, Америка ғылыми қоғамдары кеңесінің екі мәрте жәрдемінің арқасында жү­зеге асырылған. Ғалымның Еуропа­дағы ізденістеріне Форд қоры көмегін тигізген.
Қазақ халқының әдебиетіне сонша құмартып, арнайы кітап жазған Томас Густав Виннер деген кім еді? Ол  1917 жылы 3 мамырда Прагада дүние­ге келген. 2004 жылы 20 сәуірде Америка Құрама Штаттарының Массачусетс штатында, Кембридж қаласында қайтыс болды. Ол – сондай-ақ, Лев Толстой, Иван Тургенев және Антон Чехов шығармаларын жан-жақты зерттеген ғалым. Виннердің «Толстойдың Ясная Полянадағы шәкірттерінің шығармашылық жұмыстары», «Чехов және оның прозасы», «Чеховтың «Шағаласы» және Шекспирдің «Гамлеті», тағы басқа ғылыми монографиялық еңбектері жарық көрген. Жалпы, оның ғылыми еңбектері 6 тілде жарияланған. Браун университетінде Америкадағы тұңғыш семиотика орталығын ашқан.
Ол 1950 жылы Колумбия универси­тетінде «Қазан төңкерісінің ерекше ықпалы аясындағы қазақтың ауыз­екі сөз өнері мен әдебиеті» (Kazakh oral art and literature, with special emphasis on the impact of the October Revolution) деген тақырыпта диссертация қорғап, PhD дәрежесін иеленген. Бұл зерттеу 1951 жылы баспадан шыққан.
Томас Густав Виннердің «Ресейге қарасты Орталық Азия қазақтарының ауызекі сөз өнері мен әдебиеті» атты кітабы 1958-2002 жылдар аралығында 17 рет қайта басылған. Демек, бұл кітапқа үнемі сұраныс болды деген сөз. Сондай-ақ ғалымның осы еңбегі WorldCat жүйесіне кіретін әлемнің 421 кітапханасында сақтаулы. Осыдан-ақ америкалық зерттеушінің қазақ әдебиетінің құндылықтарын дүние жүзіне танытуға қаншалықты үлес қосқанын бағамдай беріңіз.
Біз, осы жолдардың авторлары, 1995 жылы АҚШ-тағы Оклахома мемлекеттік университетіне тағылымдамадан өтуге барған сапарымызда оқу орнының кітапханасынан аталған кітапты іздеп тауып, көшірмесін елге алып келдік. Бірақ ол кезде автор туралы мәліметтер жоқтың қасы болатын. Ал оның сол тұста көзі тірі екендігінен мүлде бейхабар-тұғынбыз. Білгенімізде әдебиетімізді зерттеген америкалық ғалыммен байланыс орнатуға әбден болар еді.
Томас Густав Виннер зерттеуі­нің бір бөлігі Абай Құнанбайұлы шығармашылығына арналған. Жер түбінде жүріп біздің әдебиетіміздің жоқ-жітігін түгелдеген АҚШ ғалымы Абайдың қазақтың бас ақыны еке­нін жан-жүрегімен сезіне білгенге ұқсайды. Ол ақын мұрасының ұлт мұратымен сабақтас тұстарына айрықша көңіл бөледі. Дәстүрлі әлеуметтік танымның аясында талдау жасап отырса да, ұлы ойшылдың ішкі әлеміне үңілуге тырысады. Ғалым Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін орыс тіліндегі аудармасы арқылы түсініп-түйсінеді. Соған қарамастан, дала данышпанының ел тағдыры, ұлт болмысы турасындағы ойларын өз халқына қапысыз жеткізеді. Бұл зерттеудің өткен ғасырдың орта тұсында мұхиттың арғы бетінде басылып шығуын қазақ әдебиетінің өзге де құндылықтарымен қатар, Абайдың да АҚШ-та ардақталуының көрінісі деуге болар.    
Ғылыми еңбектің осы үзіндісін ағылшын тілінен аударып, басылымға ұсынып отырмыз.
 
Амантай ШӘРІП,
Бауыржан ОМАРҰЛЫ



16 қазан 2020 ж. 2 093 0