№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ҰТАРЫ КӨП

ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕННІҢ ҰТАРЫ КӨП

    Өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қожахан Жабағиев пен Байділдә Жылқышиев Жаңақорған ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандар мен өндіріс орнын аралады. Ауыл-аймақтың ахуалын көріп, тыныс-тіршілігімен танысты. Мемлекет басшысының халықтың табысы мен тұрмысын арттыруға бағытталған Жолдауын ел ішінде кеңінен насихаттап, түсіндірме жұмысын жүргізді. Бірінші кезекте, Қожакент ауылдық округіне табан тіреді. Құт дарыған қонысқа мәжілісмендерді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Әбілғазы Төлегенов бастап барды. Халық қалаулыларымен еркін форматта кездесу өткізген ауыл әкімі А.Айтжанов елдімекеннің әлеуметтік-экономикалық даму басымдығымен таныстырды. Егін және мал шаруашылығына бейімделген берекелі ауылдың бәтуәлі істерін дәріптеп, түйінді мәселелерін ортаға салды. Өз кезегінде мәжілісмен Байділдә Жылқышиев Жолдаудан туындаған басымдықтарды тарқата айтып берді. 
– Елбасы жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтің әлеуетін арттыруға басымдық береді. Бұл ауылдағы ағайынның тұрмысының түзелуіне үлкен септігін тигізеді. Оған қоса, еліміз 2050 жылға қарай әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына қосылуды меже етіп отырғанын жеткізді. Осы тұста, Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында ел экономикасын дамыту мақсатында қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс екендігін айрықша атап өтті. Жалпы Сыр өңірінің экономикасы жылдан жылға артып, даму динамикасы серпінді екенін білеміз. Сондықтанда Жол­даудан туындаған салаларды бағдарға ала отырып, ұйымдаса жұмыс жасасақ, биік белестерді бағындырарымыз айқын. Ұйым­дас­тыра білгеннің ұтары көп, – деді Байділдә Жылқышиев.
Ал, ауыл әкімі А.Айтжанов атакәсіпті арқау еткен ауылдықтардың ахуалын сөз етті. Мемлекеттің «50 ауыл» бағдарламасы аясында 68 отбасы мал бордақылау ісімен айналысып жатқанын жеткізді. Мүмкіндігіне қарай, Түркістан, Қызылорда қаласына ет өнімдерін өткізіп жатқанын тілге тиек еткен ауыл әкімі 2 мәселені ортаға салды. Біріншісі, бордақыланған мал етін өткізетін арнайы орын керек. Екіншісі, Елбасы Жолдауында айтылған «100 спорттық сауықтыру кешені» жобасына қалай енуге болатынын сұрады. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев көтерілген мәселелер орынды екенін айтты.
     – Мемлекеттің діттеген мақсаты – отандық экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенін дамытып, ауылдағы еңбек өнімділігін

арттыру. Бұл бағытта ұсақ шаруашылықтар бірігіп, кооперативке айналса, үлкен күш болатынын білесіздер. Әрі ауылдағы ағайынның әлеуметтік ахуалын тіктеуге көп септігін тигізеді. Сонымен қатар, асыл тұқымды репродуктор шаруашылығына ден қойған абзал. Сонда ғана ет бағытындағы өнімділікті арттырып, алыс-жақын шетелге экспорттауға даңғыл жол ашылады. Бұл бағытта Парламент қабырғасында Ветеринария туралы Заңды қайта қарап жатырмыз. Себебі, аграрлы ел болғаннан кейін, ет сапасының да стандартқа сай болуы – бәсекенің талабы, – деді халық қалаулысы Қожахан Көкірекбайұлы.
Мұнан кейін қожакенттік Изатулла Үсенов төрағалық ететін «Нұрбол-И» шаруа қожа­лығына тиесілі жаңа күріш ақтау зауы­ты­ның тынысымен танысты. Тәулігіне 20-25 тонна ақ күрішті ақтауға қауқарлы. Автоматтандырылған технологияға негіз­делген заманауи диірменнің болашағы баянды. Диірмен еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, сыртқы нарыққа жол ашуға үлкен сеп болады. Отыз ауылдасын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер мал бордақылау алаңын көрсетті. Қожакенттіктердің толымды тірлігіне көңілі толған мәжілісмендер кезекті сапарды Байкенже ауылына бұрды.
Аудан әкімі Ғалым Әміреев пен рес­публикалық насихат тобы өңірдегі ірі өндіріс орнының бірі – «Қызылқұм» серіктестігіне қарасты «Хорасан-1» кенішіне аялдады. Зауыт жұмысшыларымен жүздесіп, ортақ пікір алмасты.
«Қызылқұм» ЖШС-і Бас директоры Әл-Фара­би Кенжебеков халық қалаулыларын ком­панияның тынысымен таныстырды.
2008 жылдан бастап «Солтүстік Хорасан» кенорны «Хорасан-1» телімінде уранды жерасты ұңғылап шаймалау әдісі арқылы өндіріп жатқанын тілге тиек еткен серіктестіктің бас директоры жылдық меже 1600 тонна уран өндіретінін сөз етті. Бүгінде зауытта еңбек етіп жатқан 424 жұмысшының 70 пайызы жергілікті тұрғындар екен. Қалғаны Алматы, Жамбыл, Түркістан, Астана қаласынан.
   
Кәсіби білікті жас мамандардың жұмысына қаныққан қос мәжілісмен бәсекеге қабілетті болудың артықшылығына тоқталды.
– Елбасы стратегиялық маңызды құ­жатта алдағы сын-қатерлерді күтіп отыр­мастан, оған тегеурінді түрде қарсы тұ­ру­дың тетігін атап өтті. Бұл Жолдаудың маңызы – Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолы. Әсіресе, «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы керек» деп айрықша атады. Негізі сандық технологияның өнеркәсіп саласына көптеп енуі – уақыт жағынан кімге болсада тиімді болары айқын.
Бүгінде жер асты қойнауы қазба бай­лықтарға толы Сыр елінің келешегі кемелденіп, индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жоспарлы жұмыс қарқын алуда. Дәстүрлі Жолдауда айтылғандай, шикізаттан қосылған құны жоғары өнім өндіріп, өндіріс өрісін кеңейтуге мол мүмкіндік. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында жеделдетілген технологиялық жаңғырту екенін айрықша тоқталды. Яғни, цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияны өркендету – бұл маңызды кешенді міндет деді. Әсіресе, Қазақстанда қуатты өндірістің әлеуетін арттыруды жүктеді. Сондықтанда бұл бағыттағы ілкімді істерді ілгерілете беріңіздер, – деді Қожахан Жабағиев.
Аудан әкімі Ғалым Әміреев жер ас­ты қойнауы қазба байлықтарға толы Жаңа­қорғанның келешегі кемелденіп, индус­триялық-инновациялық бағдарлама аясында жос­парлы жұмыс қарқын алғанын жеткізді. Әрі «Қызылқұм» серіктестігі басшылығы ауданда өтіп жатқан әрбір әлеуметтік маңызы бар шараларға белсенді қатысатынын айтып өтті.
Соңыра Қыр беткейдегі ауыл-аймаққа сапарлаған Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің депутаттары ауыл халқымен жүздесіп, дәстүрлі Жолдаудағы жасампаз істерді насихаттады.
27 қазан 2018 ж. 883 0