АҚШ ғарышта пайдалы қазбалар өндіреді
Жер қойнауындағы табиғи қазба байлықтар шексіз емес. Бір күні таусылады. Олардың кейбірін қазып алу бүгінде 150-200 жыл бұрынғыға қарағанда қиындап кетті. Осы мәселені шешу үшін жақында АҚШ Геологиялық Қызметі (USGS) Айға, Жерге жақын ғарыш нысандарына пайдалы қазбаларды өндіру үшін зерттеуді бастап кетті. Колорадо тау-кен металлургиялық мектебінің ғарыштық ресурстар орталығының директоры Энджел Аббуд-Мадридтің мәлімдеуінше, ғарыш кендерін қазу, ондағы пайдалы минералдар мен металлдарды өндіру болашақта ғарыш миссияларын жүзеге асыру мен жер экологиясына өте пайдалы. Қазіргі уақытта USGS мұндай ірі жобаларды жүзеге асыру үшін жеткілікті қаржыға ие емес. Дегенмен ғарыш кендерін игеру үшін арнайы жобалар дайындалып жатыр. "Зерттеу нәтижесінде алынған ақпарат пайдалы қазбаларды өндіруге және тасымалдауға арналған модельдерді жасау үшін қолданылады. Ол индустрияны дамыту үшін негіз болып табылады және ғарыштық материалдарды тиімді пайдалануға көмектеседі", – дейді сарапшылар.
Massaget.kz