ТІЛ – ҰЛТ ЖҮРЕГІНІҢ БІР БӨЛШЕГІ
2011 жылы. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 2-курс студенті едік. Аты айтып тұрғандай қазақтың ұлттық университеті, алайда, оқу орнының және асханасының қабырғасындағы жазулар орыс тілінде ілулі тұрды. Айтарлықтай жазуларды көзіміз жиі шалды. Бұл көрініске қазақтың қайсар қыздары, тіл жанашырлары бей-жай қарай алмады. Бір жағынан, оқу орны орналасқан мекен-жай Медеу ауданына қарасты болды. Ал, мұндағы көшелердің атаулары орыс тілінде сайрап тұр. Тіпті, әкімдік ғимаратының басым көбі көршілес тілге бүйректері бұрыпты. Қазақша жазуды табу қиынырақ. Бұл жағдай қаршадай қазақ қыздарының намысына тимей қоймады. Оған бірер жігіт қосылды. Соңында оқу орнында үлкен семинар ұйымдастырып, университет әкімшілігі мен Медеу аудандық әкімдіктің жауапты қызметкерлері келулеріне тура келді.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін қайта тексеріс жүргізіп көрдік. Барлығы қазақшаланыпты, міне, бұл да жастардың жігерлі мінезінің арқасы. Қазақ «болашақ жастардың қолында» деп тектен-тек айтпағанын осыдан көрдік. Біздің өңір қаймағы бұзылмаған қазақы аймақ дегенімізбен әлі де тіл мәселесі ақсап тұр...

Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуы алдымен тілімен өлшенеді. Сондықтан қай кезде болмасын тіл мәселесі – сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау жұрнағы әрбір шынайы азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағандығын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс.
Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тынық, біресе құйындай екпіндей тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Бір сөзбен айтқанда, біздің ана тіліміздің тұғыры мықты, көсегесі берік болуы әрбір қазақтың Отан алдындағы міндеті.
Алайда, сол міндетті атқара алмай жүргенімізге де қаншама жылдың жүзі болды. Онымен қоймай, соңғы уақытта «үш тұғырлы тіл» дегенді желеу етіп, тілі шығып үлгермеген бүлдіршіндерді үш тілде тәрбиелейтін бала-бақшаларды ашу қолға алына бастады. Болашақ елдің тірегі саналатын сәбилерімізге бұл жақсылығымыз ба? Осылай жалғаса беретін болса, қазақ тілінің басына үйірілген бұлт ешқашан тарқамай, қайта бұрынғыдан бетер қоюлана түсетіні айтпаса да белгілі.
Ана тілімізді құрметтеудің басты тетігі – сөз тазалығы. Десекте, тілдің даму тарихында өзге тілдерден енген кірме сөздер көптеп кездеседі. Олардың кейбірі кеше, кейбірі өте ежелден келеді, және жер бетінде жүз пайыз өз тілін ғана қолданатын халық жоқ деуге болады. 1925 жылы Ресейдегі санақ кезінде бұл елде 193 ұлттың бар екені анықталған. Ал жетпіс жылдан кейінгі санақта бұл мемлекетте 103 ұлт қалыпты. Бұл арадағы ұлттар қайда, бір жаққа үдере көшіп кетті ме? Ол ұлттар ешқайда да кеткен жоқ, тек тілінен, ұлттық сипатынан қол үзіп, орыстанып, ұлт болудан қалды.
Адам баласы ана құрсағында жатқанда-ақ туған тілінің түрлі белгілерін қабылдай бастайтындықтан әр ұлттың тілін қорғап, қолдау мақсатында ЮНЕСКО көлемінде «Халықаралық туған тіл күні» бекітілген.ЮНЕСКО тіл байлығы баға жетпес рухани байлық болғандықтан әр ұлт тілі өзінің аясында қорғалатынын жариялады. Әлем бойынша қазіргі қалған 6000-ға жуық тілдің 3000-ға жуығына жойылу қаупі төніп тұрғанын айтып, дабыл қағуда.
Евростандарт елдерінің тіл саясаты негізінде азаматтарын ең алдымен ана тілін, одан соң ағылшын, сондай-ақ тағы бір көрші елдің тілін үйреніп, мәдениетімен танысуға міндеттеп отыр. Бұл әр елдің руханиятына құрмет көрсетіп, тілін сақтап қалуы үшін жасалып отырған игі шаралар. Бұл бағытта мұсылман елдерінің де белгілі межесі бар. Әрі-беріден соң шариғат та көп тіл білуді қостайды. «Адамға жетпіс тіл білу де аз» дейді. «Ілімді Қытайда болса да үйрен» дейді. Қазақ «Үйрен де, жирен» дейді. Мұның барлығының астарында оқу, іздену, табу, жақсысын алу, керегіне жарату, сайып келгенде, жасампаздыққа ұмтылу талабы жатыр. Ал оның басты тетігі – тіл. Көп тіл білсең – бес қаруың сай, болмысың биік.
«Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» – деген еді біртуар ақын М.Жұмабаев. Қынжылтатыны, қазір туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндер көп. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде кейбір адамның қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тіліне зиян шектіруде. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің “Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік” деп ашына айтқаны ойға оралады. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағына көмегін аямауы тиіс.
Ұстаз ұсынысы
Ана тілдің табиғатын терең білмейінше, оны жаныңа жақын тұтып, жүрегіңнің тереңіне түйіп алмайынша ата жұртыңның, туған ұлтыңның қадіріне жетуің қиын. Айтар сөзін дұрыс таңбалай алмаудың өзі рухани кемтарлықтың көрінісі. Осы тұрғыдан келгенде тіл білімі айналасында жүрген азаматтарға үлкен жауапкершілік артылары заңды. Туған тілдің шын жанашыры, 30 жыл қазақ тілі, әдебиеті пәнінен сабақ беріп келе жатқан, аудандағы «Шебер ұстаз» Гүлнар Сабырханқызы сұхбатын жарияладық.
– Әр шебер мұғалім міндетті сабақ берумен шектелмеуі керек. Жаңартылған білім бағдарламасында пәнаралық байланыс, спиральды қағидат дегенге келсек, бұл баланың кеңейтілген мазмұнда білім алуына мүмкіндік тудырудан туған методика. Бұл жерде қарапайым түсіндіріп кетер болсам, бір пәнде талқыланған тақырып спиральды қағидат негізінде барлық пәнде өзара үйлесімді жетілдіріліп, сол жөнінде оқушы терең түсінік алуы тиіс. Мәселен 6 сыныпта қазақ тілінде, «Су – табиғат құбылысы» деген тақырыпты өттім. Бұл тақырып дәстүрлі оқыту үрдісінде табиғат тану пәні немесе химия-биологияның еншісінде болды. Қазақ тілі пәнінде судың қасиеті туралы түсінікті одан әрі табиғи, ұғынықты түсіндіру талап етіледі. Ал енді тәжірибелі ұстаз осы тақырыптан тарқатып тілдік бағдарды қатар өтіп отыруы тиіс. Яғни қазақ тілінің грамматикалық заңдылықтары көлеңкеде қалып қоймай, оқушы санасына қайталанып егіле беруі тиіс.
Дәстүрлі оқытуда сабақты қазақ тілінің грамматикасынан бастадық. Тіл білімін «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис» секілді салаларын жеке-жеке мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне қарай оқыттық.
– Ахмет Байтұрсынұлының «Бала ана тілін жетік меңгеріп алмай, басқа пәндерді игере алмайды» деген сөзі бар. Әр сөздің шығу төркінін білу баланы таза, сауатты сөйлеуіне жеткілікті ұғым қалыптастырады. Мәселен сәресі деген сөз сақар асы, ағайын деген сөздің төркіні ағалы-інілі дегенді білдіреді. Жас ұрпақ сөздік қорды, құрамды жете таныса ол толыққанды тұлға болып қалыптасады.
Қазақ ауыз әдебиетін оқу арқылы білімгер халықтың тіл өнерін, этномәдениетін, салт-дәстүр тарихын танып өседі. Осыны терең білу арқылы ұлтты сүюге тәрбиеленеді. Сондықтан, бұл олқылықтың орнын толтыруда шәкірттерге көркем әдебиетті қосымша оқыту талаптары көмекке келе алады. Бұл бағытта ғалым-ұстаз Қанипа Бітбаеваның «Әдебиетті оқыту методикасын» жиі қолға аламын. Қазақ балалары орыстың классиктерін де оқиды. Бұдан не ұтамыз? Баланың ой-өрісі кеңейеді. Қай ұлттың қаламгері болмасын адамзаттық құндылықты дәріптейді. Ортақ мақсаты – біреу. Адам тәрбиелеу. Барлық адам бір тілде қуанады, бір тілде мұңаяды. Сондықтан әлем классиктерін оқытуда белсенді болғанымыз жөн. Бастауыш сынып балалары үшін Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері өте маңызды болғандықтан кітапты таратып бердім. Оны оқу арқылы жас өреннің оқуға қызығушылығы артады, әрі каллиграфиясы қалыптасады...
Тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам болмайсың. Тіл тағдыры – елдің тағдыры. Әр адам ана тілін біліп, оны құрметтеуге міндетті.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ