№43 (8857) 14

14 маусым 2025 ж.

№42 (8856) 10

10 маусым 2025 ж.

№41 (8855) 3

02 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » » Сағынышпен сарқылған ғұмыр

Сағынышпен сарқылған ғұмыр


Шіліңгір шілденің ыстық күні от қарып тұр. Ешкінің асығындай ғана шүйкедей кемпір, аяғына асығыс ілген кебісін тырп-тырп басып, ескі жұрттағы жаман тамына асығып келеді. Қуғын көрген кісідей дегбірі қалмай, артына жалтақтай береді. Мұның есіл-дерті ескі тамға ауып, көзді ала солай қарай тартып тұратын қылығына күйіне сөйлеп, ізін қуа шығатын келіні Үміткүлдің ащы даусын естіп қалам ба деп жүрегі су-су етеді. Елдің бәрі қайнысы Айтуғанның сөзін екі етпей, адуын мінезді кісінің алдынан кесе-көлденең өтпегесін, Үміткүл де өктемдеу сөйлейді. Жолы кіші болса да, бір уыс кемпірдің қарсы келмейтінін біліп, қайнысына сездірмей, оңашада ықтырып-ақ алады. Сыртынан быжылдап сөйлегені болмаса, келінінің өзіне аяушылықпен қарайтынын Оразкүл ана жүрегімен сезеді.

Қозыкөш жердегі ескі жұртта қаңырап қалған қиюы кеткен қоржынтамына да жетті-ау. Күнбатыс жақта шалының өз қолымен жасаған орындығы сол жерде тұр екен. Шаңқай түсте қайбір көлеңке болсын, сонда да болар – болмас көлеңкеге ыңғайланып, үйдің дуалына арқасын тіреп отыра кетті. Ерні кеберсіп, аңызаққа қарамай, ентігіп келгесін шөлдеп-ақ отыр. Көзін сығырайтып, жусаны мен адыраспаны ыстық күнге шыдас бермей, сап-сары болып күйіп кеткен жотаны бауырлай барып жоғалған ескі жолға қарады.
«Құдай-ау, ел басына күн туған қанды қырғынды қарғайын ба, жалғыз ұлымнан айырған немісті қарғайын ба? “Сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа” деп, қанша жылдан бері сарғайып, сарылып, сарқылып күтсем де, жарқылдаған жарығым, Махашымның маңғаз дидарын бір көруге, бір хабарын білуге зар қылатындай не жаздым саған? Бір атадан, бір әкеден қалған қаншама боздақты қыршынынан қиған, қарғыс атқыр қу соғыс, қарғыс атсын сені…» Жан-дүниесі, өкпе-бауыры іріп кеткендей, солқ етіп бір өксіп алды.
Естуінше, шалы Мұратбайдың әкесі Айт пен оның інісі Арқаш осы маңайға белгілі, нағыз батыр тектес, алып денелі, қарулы, сыйлы кісілер болған екен. Кез-келген ауыр тірлікті ағайынды жігіттер бет қаратпай бітіріп, тіпті бір ауылдың шабындығын түске дейін орып тастайтын деген аңызға бергісіз әңгімелер бар. Бір отырғанда бір қойдың етін бір-ақ жейтін ағайынды екі жігітке тең келетін шалғышы болмаған екен. «Ой, қайта-қайта демалып жүреміз бе, Арқашжан бір тұрайық» деген сөз ел аузында әлі бар. Үлкені Айттан жалғыз Мұратбай туылған, ал оның інісі Арқаштан Айтуған, Айтуғаннан Үсен, Үсеннен Қасым, Тәшім, Әшім туылады. Бәрі де нар тұлғалы, бойшаң болмаса да, мығым денелі.
Бұның шалы Мұратбайды да ел-жұрты қатты қадірледі. “Алыптан-алып туады” дегендей, Айт әкесі сияқты Мұратбай да еңсегей бойлы, дене-тұрқы ірі, батыр тұлғалы еді жарықтық. Алып болмысы жұрттың арасында көзге бірден түсетін. Таңқалатыны, өзі қандай ірі, сұсты болса, жүрегі сондай нәзік, мінезі жұмсақ еді. Соғыс уақытында Көлтоғанның суармалы бетінде қауын егетін. Иісі бұрқырап, теңкиіп-теңкиіп жатқан қауын-қарбызы көргеннің көзін арбап, сілекейін шұбыртатын. Бейнеттен тайсалмайтын алыптың ұрпағы күн-түн демей бақшасының басында. Анау-мынау танымайтын адам қауын-қарбыз сұрамақ түгіл, сұсынан сескеніп жанына жақындай да алмайды. «Ит пен бала қорыған жерге өш» демекші, ауылдың қарадомалақтары қапысын тауып, ілінгенін ұрлап-жырлап, олжа қылған қауындары сукәмек боп, әуреленіп жүргенінде Мұратбайдың қолына түседі. Зәрелері зәр түбіне кетіп, “өлген жеріміз осы ғой” деп тұрғанда, балаларды қолынан жетектеп, өзі жерді қазып жасаған жерөлшекке апарады. Қауындықтан шертіп жүріп бес-алты шырыны балдай, піскен қауын-қарбызын теріп әкеп, балаларды әбден тойдырған ғой. «Бұдан кейін ұрламай-ақ, өзіме келіп сұраңдар, мақұл ма айналайындар? Соғысқа кеткен әкелеріміз, ағаларымыз аман келсін Махамбет аға аман келсін деп тілек тілеп жеңдер» – деп бастарынан сипағанын кейін ел ағасы, абыз ақсақал Әбсадық Әйтілеуов жырдай етіп айтып жүрді. Сонау қиын-қыстау кезеңде Тәшкен шаһарында өткен балуандар күресіне әдейілеп барған бұны менсінбей, көкірегіне нан піскен әйгілі өзбек палуанының қабырғасын қаусатып, таза жеңіп, ауылға олжалы оралған сәтінде де масайрап, мастанбаған, кеудесін кермеген, мақтануды білмеген қайран шалының қарапайымдығына іштей тәнті болып, тәңіріне шүкіршілік ететін. Кейін, Көлтоғаннан Шұқыройға кететін үлкен арықты қазған кездегі ерінің қайратын өзі көзімен көрді. Әйгілі «Мұратбайдың кетпені» аталған, өзінен басқа ешкім шаппақ түгілі көтере алмайтын , шеңбері бір құлаш кетпені әлі сақтаулы тұр.
Осы жерге келгенде Оразкүл кейуана жымиып қойды. Күйеуі сыртқы бейнесіне кереғар, жұмсақ жан-дүниесімен бұл бейбаққа әкесіндей қамқор, ағасындай мейірімді бола білді. Қанша құрсақ көтеріп, бөпелері тұрмай шетіней бергенде де, бетіне салық қылмай, іштен тынып, құдайдың сынағы деп, үмітін үзбеді жарықтық. Сөйтіп жүргенде осы Махашты туды. Қол бастаған қолбасшыдай болсын деп, есімін Махамбет деп өзі қойды.

Жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, қалқиып қатарға қосылғанын әл қыла алмай алшаң басып жүргенінде соғыс деген зұлматтың өрті бұрқ еткен. 17-18 жасқа енді толған, қылшылдаған бозымдардың басына бір-ақ күнде зобалаң туды. Оның қатарында оң-солын ажыратып қалған жиырмадағы жігіттер, отбасылы, бала-шағалы боп үлгерген ес тоқтатқан азаматтар, еркекпін деп еңсе тіктеген қаншама жақсылар мен жайсаңдар топ-топ болып соғысқа аттанды. Соғыс комиссариатынан шақырту алған отбасылар қайғы жұтып, қимастарын шығарып салған қатын-қалаш, кемпір-шал, бала-шаға ұлардай шулаған сол бір сойқан күндер санадан өшер ме? Әсіресе, жалғыз-жарымын аттандырған аналардың ашынған үні мен жас келіндердің сыңсыған дауысы құлағынан кетер емес.

Сол нөпірдің арасында бұның 18-ге жаңа толған Махашы да 1943 жылы наурыз айында ауылдағы 4-5 жігітпен бірге ажал шашқан аждаһаның апанына аттанған еді. Шақырту алғандардың басы көптеу болса Бірліктен Жаңақорғанға апарар қара жолға түсіп жаяу аттанатын, аз болса, атарбамен жөнелтетін. Қолдан жасалған, шиқылы алыстан естілетін, көк ат жеккен арбаны Оразкүл әже сол үшін жек көріп кеткен. Тап бір жалғыз ұлын сол атарба әкеткендей. Бірақ Махаштан келген алғашқы хат та сол атарбамен жеткесін, кейіннен сол шиқылды асыға күтетін болды.
« Е-е, дүние-ай…» деп бір күрсініп қойды Оразкүл әже. Апта болмаса да ай аралатып жалғыз ұлынан келіп тұрған хаттарын сынық көңілге демеу еткен сырты бүтін, іші түтін қос қария 1945 жылдың мамырына да ілінген. Дәм жазып, елге оралған кім болсын жік-жапар жалғыз ұл туралы ежіктеп тұрып сұрайтын. Әсіресе, Махамбетпен қанды қырғынға бірге аттанған Қожаттың баласы Еркінбек пен Егемберді молданың баласы Ғайыс елге аман-сау оралғанда арнайы үйіне барып, «Махашымды қайда тастап кеттіңдер, неге ертіп келмедіңдер?» – деп зар жылағанын көрген елдің сай-сүйегі сырқыраған. Бұдан кейін бір құдайына сыйынып, жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, жолына телмірген мәнсіз-мағынасыз күндер жалғасын тапты.
Жеңістің 10 жылдығын тойлаған жылы шалы Мұратбай ауырмай-сырқамай, кешкі асын ішіп болып, дастархан шетіне қисайған күйі бақиға аттанған. Жалғыз ұлдың жолына қарап, өлі-тірісінен бір хабар алмаған күйі, жанындағы жалғыз серігі-жанына жалау болған Оразкүлін тастап кете барды. Ішіне жинаған шер-шемені ақ көңіл, палуан шалды осылайша алып тынды. Дәтке қуат етіп, сүйеу болып жүрген шалының қазасынан соң кейуана тіптен жалғызсырады.
Оразкүл әженің көзін көрген көнекөздерден естігеніміз, балаларға ерекше мейірімді, айналайыннан басқаны айтпайтын, кіп-кішкентай қағілез кемпірдің жанынан бір елі қалмайтын жалғыз ешкісі болыпты. Жетім лақ кезінен өзі асырап-бағып «Махашым аман-есен келсе, тойына соям» деп ырымдаған. Онымен адамша сөйлесіп, сырласып, мұңын шағып, кейде кәдімгідей ұрысып алса, кейде айналып-толғанып отыратын еді дейді. Ешкісі де байғұс кемпірдің жан күйзелісін ұққандай, айналасынан ұзамай, тұмсығымен түрткілеп, баласындай еркелейді екен…
Көптен күткен Жеңісті бүкіл ел тойлап, бөркін аспанға атып жатқанда, бұл дәл қазір отырған жерінде көз жетер соқпақ жолға күнұзақ телмірген. Тап қазір Махашы келе жатқандай, жаяулап-жалпылап, сүріне-қабына, Жаңақорғанға баратын қара жолмен жотаға тағы бір шығып қарады.
Кейінгі жылдары қайнысы Айтуған жаңа үй салып, кейуананы аулақта қалған ескі жұртта тастамай, өзімен бірге көшіріп алып кетті. Жаңа тамға барғаны құрысын, баласы келіп, бұны апалап іздеп, ескі жұрттан таппай жүргендей боп қарадай берекесі қашты. Күндіз-түні ескі үйіне тұра қашып, қапысын тапса, осында кеп жығылатын. Жаздың аптабы, қыстың бораны демей, қаусап тұрған ескі үйінің іргесінде жарбиып отырған кемпірді көргендер, «е, алжи бастапты-ау байғұс» – деп мүсіркейтін еді. Олар қайдан білсін, кіп-кішкентай қара кемпірдің мына жарық дүниеде жалғызын күтуден басқа алданышы қалмағанын…
Көп ұзамай, алпысынша жылдары болса керек, жалғыз кемпірді ескі жұртқа қуып келіп, ертіп кетуден шаршады ма, басқа амалы қалмады ма, қайнысы Айтуған бұның қоржын тамын бұзып, алып кеткен еді. Екі ортада сандалып делқұлы болуға айналған жанға ес кіріп, қашып кетуін қояр деді ме екен… Бірақ бұл оқиға қалқиып тұрған ескі үйін дәтке қуат етіп сағалап жүрген байғұс анаға ауыр соққы болды. «Мұратбайдың ошағы сөнді, Махамбетім өлді» деп қатты қапаланып, көп күн жатып қалыпты.

1943 жылы 18 жасында елін қорғауға аттанған Махамбет Мұратбайұлы жеңісті хабарлап, сүйіншілеп жазған соңғы хаты мен суретін 1945 жылдың мамыр айында туысқан ағасы Байдүйсенов Сейітханға жолдаған екен. Бұл хат пен сурет қым-қиғаш сәттерде сорлы ананың қолына тимепті. Хат-хабар сонымен үзілген. Не тірі, не өлі деген мәлімет жоқ. Осы соңғы деректен кейін Оразкүл кейуананың жалғыз ұлын, жан-жүрегі езіліп, сабырын сарқып, сарғая сарылып , әлі де бақандай 33 жыл күтетінін ешкім білмеген еді. Ұлының жолына жаутаңдай қарап, жүрегіндегі әлсіз үміт сәулесін үзбеген күйі, жалғыз ұлын жамандыққа қия алмаған байғұс ана 1978 жылы қайнысы Айтуғанның шаңырағында өмірден озды.

Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әні жарыққа шыққанда тыңдаған жанның жыламағаны жоқ шығар. Тап осындай қара кемпір әр ауылда болғаны шындық.
ХХ ғасырдың ортасында жарты әлемді зар қақсатқан соғыстың қасіреті тарих бетіне қанмен жазылғандай. Сан мыңдаған ананы баласынан, баланы әкесінен айырып, қаншама қыршын боздақты жалмаған, қаншама әулетті ұрпақсыз қалдырып, шаңырағын ортасына түсірген Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Ұмытыла бастаған тарих беттерін ақтарғанда, кейінгі ұрпақ ондай зауалды көрмесе екен, болашақтары бақытты, түндері тыныш, өмірлері бейбіт болса екен деген тілек айтқым келеді.

Нұрханша Қыпшақбаева,
Бірлік халық театрының режиссері
04 мамыр 2025 ж. 2 633 0