№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ САРЫНЫ

СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ САРЫНЫ


Ұлт дәстүрінде «сүлей» деп ерекше құрметтелетін өнер иелері бар. Ал, Сыр сүлейлерінен кімді білеміз?


Сыр сүлейлері толық зерттеліп, өз бағасын әлі де ала қойған жоқ. Бүгінгі қазақ әдебиетінің жанашырлары, ғалымдар түрлі тақырыпта зерттеу жұмысын жетілдіруде. Соның бірі әдебиетші, ғалым, сыншы Тұрсынбек Кәкішев «Сыр сүлейлерінің сара жолы» деген ғылыми еңбегінде Сырдың ақындық өнеріндегі діни, қоғамдық және пәлсапалық көзқарасын көрсетеді. Әрі өз ойын «бисмилә деп сөз бастаған, Алланы ауызға алған ақын-жыраулар, жыршыларды клерикал, діншіл деп айтыптаудан алдымызға жан салмай келеміз», – деп жеткізеді.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтік жағдай мен әдебиетті байланыстыра отырып, зерттеу обьектісі ретінде Тұрмағанбет Ізтілеуов, Базар Оңдасұлы, Сейтжан ақын, Қаңлы Жүсіп, Қарасақал Ерімбет т.б. бүгінгі күннің назарынан түспеуі тиіс.
Халық арасында шығармалары ұмытыла бастаған Шәймен және Құлан ақынның бір топ жырларын көнекөз қарттардан жазып, дәріптеу маңызды іс саналады.
Сыр сүлейлері шығармашылығын ғылыми тұрғыдан зерт­теуші ғалымдар Ғабит Тұяқбаевтың «Қаңлы Жүсіп Қадырберген­ұлының әдеби мұрасы», Ұлжан Байбосынованың «Сыр бойы ақын-жыраулары шығармаларындағы ислам тақырыбы», Фарида Жұмажанованың «Қазақ әдебиетіндегі шариғат негіздерінің көрінісі», Өтеген Күмісбаевтың «Терең тамырлар», Әуелбек Қоңыратбаевтың «Қазақ әдебиетінің тарихы», Бағдат Кәрібозұлының «Беталыс», Ұлжан Жанбершиеваның «Тал жібектей таза сөздің тарланы» секілді еңбегін атап айтуға болады.
Сыр сүлейлерін сөз еткенде Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармашылығына зер салу орынды.

Ақын:
– Ей, Кәрім, көңілін көркейт мұсылманның,
Қуандыр қайбірін де қысылғанның.
Таупық бер, біреуі емес, бәріне де –
Көңілінен иман нұрын ұшырғанның.
Қырық түрлі қысқа күнде құбылған соң,
Келеді қу дүнияға құшырланғым.
Дін, жоба, ұятыңды қолдан беріп,
Ойлансаң, ойлы ерлерім, үш ұрландың, – деп келетін жырында халыққа имандылық жолды дәріптеген.

Тұрмағамбет Ізтілеуовтен кейінгі Сыр сүлейлері Сейтжан ақын, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Қаңлы Жүсіп шығармалары өз деңгейінде насихатталып жүр деуге келмейді. Бұл туралы ауданның белгілі термешісі Мұқтар Дәрібаев:
– Жыр-дастандар адамның ақыл ойын оятып, сананы тазартады. Рухани күш сыйлайтын өнерге жастайымнан құмарта бастадым. Бүгінде 30-дан аса термені жатқа орындаймын. Әрине, бұл жанр мектеп қабырғасында насихатталса, баланың санасы таза кезінде тез қабылдап, өмірлік азық болар еді. Сыр сүлейлерінің сыршыл шығармалары әлі де зерттелетін тың тақырып деуге болады. Себебі, оның мазмұндық құндылығы өзге шығармашылыққа қарағанда биік, – дейді.
Сыр бойы ақын-жыраулары туралы сөз қозғар болсақ, осындай шығыстық дәстүрді ұстанғандар көп. Шығыстың «Мың бір түн», «Шаһнама», «Тотынама» сияқты дастандарындағы керемет қасиеттерін ала отырып, қазақи дастандар дүниеге келіп жатты. Оған Жүсіп Ешниязұлының «Шаһизада», «Сұрмерген», Әлиакбар Жұматайұлының «Жүз сұрау», Қаңлы Жүсіптің «Жүкті қыз», «Мәрді салық», Ә.Әлиасқаровтың «Қорқыт», «Төрт дәруіш», т.б. шығармаларын мысалға келтіруімізге болады.
Қазақ жыршылары шығыстың осындай поэзиялық туын­дыларын жырласа, ел арасында оларды ертегі, хикая түрінде қарасөзбен айтатындар да бар. Осындай өнерді насихаттап жүрген жерлесіміз Нұрлан Жапеков: «Сырдың мақамына тән ерекше сарындағы шығармалар адамның бойына рухани күш береді, тәлім-тәрбие береді. Керек десеңіз, қоғамдағы өзекті діни мәселелерге тоқтамдар айтылады. Бір сөзбен айтқанда, жыршылық-ақындық өнер арқылы Сыр өңірінің өнерін ғана емес, діни көзқарасын байқауға болады», – деген ойын жеткізді.
Сыр сүлейлерінің соңғы тұяғы Манап ақынның шы­ғармашылығы бір төбе. Бұл туралы “Сырдың соңғы сүлейі” деген кітапта ақынның туындыларымен танысуға болады. Құнды кітапта ақынның мына өлең жолы кезігеді:

Бұл таудың аңызы да, жыры да көп,
Тылсымды терең жатқан сыры да көп.
Барлығын баяндасақ бастан-аяқ,
Таусылмас шығар шыңы, құзы да көп.

Жолбарыс таудың ішін еткен мекен,
Бір нардың ботасын мерт еткен екен.
«Ботасоқты» деп елде аңыз қалып,
Аталып бұл тау сонан кеткен екен.

Жаралы бота қашып, арып – ашып,
Жығылғанда тас тілген қарнын жарып.
Жазықсыз жас ботаны есіркеп ел,
Содан бастап атанған «Қарны жарық».

Асылында, Манап ата айтыс өнері үшін жаратылған кісі болған. Ол от ауызды, орақ тілді, суырып салма, ойы орамды, шашасына шаң жұқтырмайтын төкпе ақын болғандығын көзін көргендер сөз етеді.
Алайда ақынның шығармашылығы толық зерттелді деуге келмейді. Бұл туралы ұрпағы Ибадулла Манапұлы:
– Сыр сүлейлерінің ортақ мүддесі – халықтың тұрмыс-тіршілігін, мұң-мұқтажын қаз-қалпында жеткізу ғой деп білемін. Әкемнің ақындар айтысынан өзге ел аралап, қойшылар мен егіншілердің өмірін көзбен көріп, оны көкірекке түйіп, бүкпесіз жырға қосуында үлкен тәлімдік тәрбие бар. Елді еңбекке жұмылдыру, еңбекпен өнудің ізін көрсеткендей. Көзі тірісінде көптеген жазбаларын жазып алғанымызбен, көбі жоғалып, кейбірі ұмытылып кетті. Өмірден өткеннен кейін, әкеміздің мұрасына жанашырлық танытып, жергілікті ақын-жазушылар топтама шығаруды жолға қойды. Оның өзінде де толық шығармасы қамтыла алмады, – деді.
Мәдениетті қолдау жылында Сырдан шыққан белгілі шайырлардың таңдаулы шығармаларын топтастырған «Сыр сүлейлері» таңдамалы кітабы жарық көрген еді. Кітапта Базар Оңдасұлы, Ешнияз сал Жөнелдікұлы, Жиенбай Дүзбенбетұлы, Ерімбет Көлдейбекұлы, Оңғар Дырқайұлы, Күдері қожа Көшекұлы, Даңмұрын Кенжебекұлы, Мәделі Жүсіпқожаұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Қаңлы Жүсіп, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Мәнсұр Бекежанұлы, Молдахмет Дабылұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы, Сейітжан Бекшентайұлы, Мұзарап Жүсіпұлы және т.б. тұлғалардың термесін табуға болады. Сырдың өзіне тән ерекше мақамын толық зерттеуге бұл жеткілікті емес. Сондықтан ұлттық құндылығымызды жаңғырту үшін әрбір тұлғаға жеке-жеке кітап шығарса нұр үстіне нұр емес пе?

Мақпал ПАТЕНОВА
29 қазан 2024 ж. 262 0