Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Бақыттың кілті


Бақыт кілті. Ол қай жерде жасырылған? Оны иеленген жан өзінің бақытты екенін сезіне ала ма? Онда неге – өзін бақыттымын деп санайтын адамдарды кездестіру қиын.
Бақыт деген байлықта ма? Онда ақшаң көбейіп, дүниең артқан сайын дәулетің азайып қала ма деп қауіп қылып, қалтырай түсетініңе жол болсын. Бақыт деген дүниенің емес, жүректің байлығы-ау осы. Жүрегі бай жандар қалтқысыз ниетпен жылағанның көз жасын құрғатып, қиналып тұрған бауырына көмек қолұшын созудан жаны рахаттанып, жүрегі тыныштық табады. Бірақ бұл биік болмыс екінің бірінің бойынан табыла бермейтіні тағы шындық.


Біз осы ретте "Перзент» балалар үйінің қамқоршысы, алпыстай жетім баланы бағым-күтіміне алып, өз анасындай мәпелеп, ер жет­кізіп, аяқтандырып отырған қажы апа Әмина Әжібайқызының өнегесін көпке үлгі еткіміз келеді.
Осыдан бір жыл бұрын Әмина апамыздың ішек жолдарының қатерлі дертіне шалдыққаны туралы естіп едік. Ол Түркияға апарып ота жасатамыз деп ол жақ талап етіп отырған 20 млн теңгені жинауға кірісіп кеткен балаларына шетелге баруға қарсы екенін айтыпты. Сөйтіп Алматы онкологиялық ауруханасында ота сәтті өтіп, одан әрі де осы жерде тегін және өте жоғары деңгейде нәтижелі емін жалғастырып жатқанын айтқан болатын.
Үлкен жүректі ананы қатерлі дерттен арашалап, аяққа тұрғызып жіберген артында тұрған жаралы жүрек жәутеңкөздердің Құдайдан сұраған тілегі болса керек.
Басы артық бір баланың өзін бағу оңайға соқпаған кешегідей өтпелі кезеңде талай тауқыметті бастан кешіп, кейде үйсіз-күйсіз қалса да бір Алладан үміт үзбей бір күнді бір күнге жалғаған өжет ана қол астындағы орыс, ұйғыр, қазақ балаларын ең алдымен үйірсектеген нашар әдеттерінен тыюда Ислам әдебіне жүгініп, содан пана тапқанын айтады. Балақандарды түгелдей таза жүріп, таза тұруға, өтірік-өсек айтпауға, тілімен де, қолымен де бір-біріне зәбір көрсетпеуге үйретіпті.
Мемлекеттік балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетімдер үкіметтің қамқорлығында дейміз ғой. Бірақ бірыңғай стандарттық үлгідегі тәрбие, қызметіне жалақы алатын тәрбиеші. Қатаң қағидаға, бекітілген ережеге бағынатын күн тәртібі деген бар. Соның аясында уақыт өткізсе болды. Жетімнің көңіл-күйі, келешек тағдыры кімнің басын ауырта қойсын. Ал Әмина апа қақпасының алдына әдейілеп тастап кеткен бір жарым күндік нәрестені де мәпелеп жетілдіріп, адам қатарына қосып қана қоймай, оларды өмірге икемді, өз күнін өзі көріп кете алатын еңбек­қор етіп тәрбиелеуге бар күш-қайратын жұмсап келеді. Қосалқы шаруашылықта жеміс, көкөніс дақылдарын егіп, қорада мал ұстап, ас-ауқаттық дақылдарды өздері егіп, ет-сүт, ағарғанды өздері өндіріп отыр. Балапандарын соңына ерткен қоңыр қаздай таң атқаннан күн батқанша бір босамайтын мейірбан жанға үлкен-үлкен шенді кісілердің өзі таң қала сауал тастайтын құсайды: "Осындай жан қинар бейнет не үшін керек?"
Ал бұл жанды қинау ма екен? Жетімді есіркеу, басынан сипау, жарым көңілінің жұбанып, күлімсірегенін көру сенің де көңіліңді шаттандырар қуаныш емес пе? Бұл ертеңгі барар мәңгілік өмірің үшін қажет. Ақыреттегі амал таразысында сауабыңды есе-есе арттырып, саған шапағатшы болар нақ осындай панасыз, бейкүнә жандардың дұға-тілектері емес пе? Міне, осындай мақсатты арқаланған ана кеше аурухана төсегінде отадан соң тоғыз ай ішегіне жалғанған жасанды зәр шығарғыш трубкасын таңдырып, тұрып жүруге жарағаны сол балаларына тартып отырыпты. Олардың күнкөрісіне күнделікті қажет шаруасын тындырып отырмаса жағдай күрде­лене түсері белгілі. Соның уайымы жатқызбай күнделікті қарекетінен бір күн де қалмағанын айтады. Сөйтіп жүргенде тоғыз ай да өтіп, демеу түтіктен де құтылып, толыққанды сау қалпына келгенін айтты. «Тәуекелді тірлік уайым-қайғыны кетіреді» дейді ол.
«Анамыз аман болсын, – деп сөйлеп жатыр бейнетаспада он жеті-он сегіз жылдан бері апаның қамқорлығында қамсыз-мұңсыз ержетіп дербес жанұя атанған перзенттері, Апамызға жолықтырған Аллаға шексіз ризамыз. Анамыздың ақ сүтін ақтаймыз, бізге ол кісіден артық, ол кісіден асыл адам жоқ». Өзіңнің біреуге қымбат екеніңді сезіну. Өмірде бұдан асқан бақыт бар ма?

Бақыт адам таңдай ма?

Кейде бір пенделердің налығаны ма, назы ма, тағдырына кінә артып, өз өміріне көңілі талмай жатады. Тіпті жаратушысын әділетсіз санап, біреулерге үйіп-төгіп беріп қояды, біреулер үнемі жарымастан, кедейлік қамытынан босай алмастан қиналумен жүреді деп өкпе-реніішін қардай боратып жатады. Бұл күпірлік ойлар ілімсіздіктен, Алланың әділ сипатын білмеуден туады. Негізінде Құдырет иесі біреуге байлықты шүкіршілік үшін береді. Кедейлікті сабыр үшін жаратады. Әділеттілік үшін зекетті парыз қылды. "Қияметте жәннат есігінің алдында кедейді көп көрдім" деген Алла Елшісінің куәлігі бар.
Омар бин Абдулазиз халифалық (әкім) еткен заманда адамдар қарым-қатынасында әділеттілік орнағаны сондай садақа беретін адам табылмай қалған екен. Елдің бәрінің бірдей жағдайы жақсы. Біреуге садақа берсең, ол: "Менің өзім садақа беретін адам таппай отырмын" дейді екен. Ол заманда садақаны жолаушыларға беру керек деген мәміле шығып, солардың жолын күтетін болған. Қазірде бай-бағлан бар болғанымен жоқ жітікке қараспауынан кедей-кепшік көбейіп, әділетсіздіктің белең алып тұрғанына адамның өзі кінәлі, өз-өзімізге қиянат жасаған болып шығады екенбіз. Қалталы кісілер зекетін бермек түгілі жұмсаған адамының еңбекақысын дұрыс төлемей қараулыққа барып жүр. "Еңбекшінің ақысын маңдайының тері кеппей тұрып беруге тырыс" деген қағидаға мән бермейтін көп.
Бақыттың кілті – иманда. Иманды адамның көңілі теңізден де терең., ал жүрегі жомарт келеді. Қайткенде кемел иман иесі бола аламыз? Оған мына тәмсілді мысал етейік:
"Екі дос жігіт болыпты. Қой бағатын еді. Оның бірі өз кәсібін біліп, шаруасын атқарып қолы бір босамайды екен. Екіншісі көңіліне қаяу кірген, патшаның қызына ғашық, соның дертімен қолы іске бір бармай күні-түні қайғыланып, сары уайымға салынады. Досы оған "Қолың жетпейтінге несін бас қатырасың? Өзің теңдес біреуге үйленесің ғой. Аспандағы қол жетпес айға ауыз ашып нең бар? Одан да тірлігіңді атқарсаңшы" деп ақыл айтады. Жігіттің қанша ақылға келдім десе де көңілінің мұңынан арылуға күші жетпей-ақ қояды. Бір күні тау арасында кетіп бара жатқан данышпанға кезігіп, көңілінің мұңын жеткізеді. Сонда данышпан: "Тілегіңнің орындалғанын қалайсың ба, бір шарт қоямын. Орындай аласың ба?" дейді.
– Орындаймын, – дейді жігіт.
Сонда данышпан: "Бір қараңғы үңгірде қырық күн бойы жалғыз қаласың, тек қана Алланы зікір етесің, басқа бір нәрсе айтуға рұқсат жоқ, – дейді. Жігіт үңгірге түсіп, тек Алланың атын айтып, құлшылыққа кіріседі. Бес-алты күннен кейін-ақ Құдайдың құдыретімен үңгірден шыққан үнге қуат дарып, дауыстың жаңғырығы айналаға тарай бастайды. Бұл үн патшаның да құлағына жетіп, «мұның иесін менің құзырыма алып келіңдер" дейді. Нөкерлері барып жігітке осы бұйрықты жеткізеді. Бұл жігіт екі ғана сөз айтатын еді: "Иә" немесе "жоқ" деген. Ол "жоқ" деп жауап береді. Мұны естіген патша бір күндері өзі арнайы келеді. Жігіт тағы да "жоқ" деп жауап береді. Патша данышпанын шақыртып, мұның себебін сұрайды. Сонда данышпан: "Бұл жігіт сіздің қызыңызға ғашық. Егер қызыңызды беруге уәде етсеңіз, бұйрығыңыз орындалады" дейді. Патша қызын беруге уәде қылады. Сонда жігіттің жауабы: "Патшаның қызы түгілі бүкіл патшалығымды беремін десе де осы ісімді жалғастыра беремін". Кемелдену деген осы.
Имани кемелділікке жеткен адамға Алланың разылығын алудан артық нығмет жоқ. Сондықтан да олар жер бетіндегі бүкіл пенделіктен жоғары тұрады. Өзінің адам атын шынайы таза ұстап, Құдырет иесінің разылығына қауышатын да солар. Сондықтан дүниенің құлы болмай, тек қана өз арман-қалауымыздың жетегінде кетпей, адамдарға, айналамыздағы көмек-қолдауға зәру жандарға демеу көрсетуге ұмтылсақ екі әлемде де тек қана қайырға, жақсылыққа қауышады екенбіз. Бақыттың кілті дегеніміз осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА
26 желтоқсан 2023 ж. 591 0